Қарағанды облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес төтенше жағдай режимінде азық-түлік-тұрмыстық жинақтармен қамту үшін 6 мыңнан аса балаға 34 млн теңге берілді. Ал аймақтың 3 700 тұрғынына 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақы тағайындалды.
– ТЖ кезеңінде АӘК алушы отбасылардың 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларын, I, II және III топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларды, оларды күтумен айналысатын ата-аналар және ресми тіркелген жұмыссыздарды азық-түлік, тұрмыстық жинақтармен қамту мақсатында әрқайсысына 5 567 теңге есепшоттарына аударылды. Оның ішінде наурыз айында облыс бойынша 6 207 балаға 34 565 теңгеге азық-түлік, тұрмыстық жиынтық берілді, – деді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.
Қарағанды облысында төтенше жағдай режимінде тұрақты жұмысы мен табысынан айырылған 400-ден астам көпбалалы отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Ет, жеміс-жидек, ұн және күнделікті тұтынатын құралдарды тұрмысы төмен отбасыларға көмек ретінде кәсіпкерлер ұсынды. «Татар және башқұрт Қазақстан конгресі» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысындағы филиалы тұрмысы төмен отбасыларға 12 тонна азық-түлік пен көкөніс таратты. Ал тәжік этномәдени бірлестігінің өкілдері Әнет баба мешітінің орталық штабына алғашқы қажетті азық-түлік жеткізді.
– Бүкіл әлем мен еліміз өте күрделі кезеңді бастан кешкен уақытта бірлік пен ынтымақ танытудың маңызы зор. Коронавирус індеті біз үшін ортақ қауіп және ол ұлт немесе дінді таңдамайды. Біз, қазақстандықтар көптеген сынақты бастан кешірген елміз. Бұл жолы да қиындықты жеңетінімізге күмәнданбаймыз, – деді «Татар және башқұрт Қазақстан конгресі» қоғамдық бірлестігі Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Шамиль Осин.
«Талбесік» көпбалалы аналар қозғалысының құрамында 600-ге жуық ана бар. Қозғалыс көпбалалы, жалғызбасты және мүгедек бала тәрбиелеуші отбасыларға Үкіметтен көрсетілетін жәрдемдер мен мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңес беріп, өз құқықтарын қорғауға көмек көрсетеді. Төтенше жағдай кезінде көптеген отбасы қаржылық қиындыққа тап болды. Осы кезде күнкөрісінен айырылған халыққа «Талбесік» қозғалысы демеушілер тауып, азық-түлік жеткізіп беруде.
– Біз жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне табысы төмен көпбалалы отбасылар тізімін жібердік. Олардың барлығына көмек көрсетілді. Мысалы, Jas Otan Жастар қанаты 103 отбасын көкөніс және басқа да қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті. «Жәке» шаруа қожалығы 80 отбасыға бес келіден ет, «Алтын Арба» базары 110 отбасына азық-түлікпен көмек көрсетті. Сондай-ақ «Мелькомбинат» диірмен комбинаты мен «Ақжайық» ЖШС 60 отбасыға 1 тонна ұн тарту етті, – дейді Қарағанды облысы «Талбесік» көпбалалы аналар қозғалысы жетекшісінің орынбасары Айжан Байделдинова.
Қарағанды облысында 193 мың оқушы қашықтан оқуға көшті. Соның ішінде 36 мың бала көпбалалы отбасынан шыққан. Олардың ішінде 8 112 балада интернетке қосылатын құрал жоқ. Облыстық Білім басқармасы осы оқушыларға қашықтан оқуға мүмкіндік беру үшін бюджеттен
377 млн теңге бөлді. Төртінші тоқсан басталғанша, бұл оқушылардың барлығы планшетпен және тегін интернетпен қамтылады.
Көпбалалы ана Айша Сүлейменоваға Қарағанды қаласындағы №102 мектеп тегін интернет қосылған 2 планшетті қолдануға берді. Айшаның екі баласы екі түрлі ауысымда оқиды. Енді көпбалалы ана қашықтан оқудың жаңа бағдарламасын балаларымен бірге меңгеруде. Бұл балаға көңіл бөлуге жақсы мүмкіндік дейді көпбалалы ана. Балаларға интернет арқылы білім алу қиындық туғызбапты.
– Біз бүгін мұғаліммен бірге компьютер арқылы сөйлестік. Күнде кітап оқимыз, сабақ көбейіп кетті, – дейді Нұржас Мұхамеджанов.
Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 417 ауылдың 244-і кең жолақты интернетке және төртінші буындағы мобильді желіге қосылған. Биыл мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы бойынша бұл қызметті тағы 54 ауыл пайдалана алады. Одан кейін аймақта 250 адамнан астам халқы бар 84 ауылды интернетпен қамтамасыз ету бағдарламасы жүзеге аспақ.
Қашықтан оқу кезінде интернетке үлкен көлемде жүктеме түседі. Көп ата-ананы осы мәселе толғандырып отыр. «Қазақтелеком» АҚ және «Транстелеком» карантин кезінде интернет жылдамдығы артатынын және берешегі бар тұрғындарды сандық теледидардан ажыратпайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ Beeline, Кcell және Tеlе2 ұялы желілерінің операторлары білім беру ресурстары мен ЖОО-ның сайттарына, электронды анықтамалық деректер базасына, онлайн-күнделікке, электронды білім беру порталдарына сертификатталмаған қолжетімділікті ұсынды. Бұл платформаларды интернет тарифтері шектелген адамдар да пайдалана алады.
Қарағанды облысында төтенше жағдайлар кезінде коммуналдық қызметтерді төлеуге де жеңілдік қарастырылды. Қарызы бар тұтынушылар коммуналдық игіліктерден ажыратылмайды, сондай-ақ айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейді. Коммуналдық қызметтерді төлеу мерзімін ұзарту үшін өтініш жазудың немесе тиісті ұйымдарға жүгінудің қажеті жоқ. Ол автоматты түрде тағайындалады.
Газ, электр және жылу бойынша көрсеткіштерді беруге қатысты да алаңдаудың қажеті жоқ, оларды кейінірек хабарлауға болады. Коммуналдық қызметтерді төлеу мүмкіндігі бар тұтынушылар төлемдерді банктердің мобильдік қосымшаларының көмегімен жасай алады.