Бүгінгі журналистиканың бет-бейнесі өзгерді. Осыдан 5 жыл бұрынғы уақытты бүгінмен салыстыруға келмейді. Технология дамыған сайын қоғам алға жылжуы керек. Ендеше бүгінгі талап қандай? Журналистика өтімді ме? Бұған біздің кейіпкеріміз не дейді? – Соңғы 10 жылда журналистика күрт өзгерді. Журналистерге қойылатын талап та күшейді. Маман даярлайтын оқу орындары бұл қарқынға ілесе ала ма?
– Әлемде бәрі өзгереді, өзгермейтін тек жансыз дүниелер болар. Журналистиканың да бет-бейнесі уақыт өткен сайын түрленіп тұрады. Сондықтан бұл процесс – заңды. Технология қарқыны көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Сәйкесінше, біздің салаға мультимедиалық құралдар дендеп енді. Ол әлбетте қоғам сұранысынан туындап тұр. Аталған үдерістің барлығын жіті назарда ұстап, журналистикаға жаңа, тың серпін әкелетін мамандар даярлауға тырысамыз. Әлеуметтік қоғамдық жауапкершілік басты орында, себебі журналист тек ақпарат таратушы емес, журналист қоғамның мүддесін жақтаушы, қоғамдағы тыныштықты сақтаушы, яғни халықтың көзі, құлағы.
– Сіз басқарып отырған ЮНЕСКО кафедрасының бағыты мен мақсаты қандай?
– Кафедра оқу процесі мен ғылыми-инновациялық жұмыспен қатар, халықаралық деңгейде белсенді қызмет атқарып отыр. Сондай-ақ білім мен ғылымның алдыңғы қатарлы технологияларын ұлттық рухани құндылықтарымен сабақтастыра отырып, білім берудің жаңа моделін қалыптастыруды көздейді. Кафедра «Қоғаммен байланыс» және «Халықаралық журналистика» білім беру бағдарламасы бойынша үш деңгейде (бакалавриат, магистратура, докторантура) мамандар даярлайды. Білім беру бағдарламасының мақсаты – халықаралық нарықта қызмет ете алатын бәсекеге қабілетті маман даярлау.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жаңа білім беру технологиясы енгізілгелі білім беру сапасы бұрынғыдан да артты. Осыған орай, халықаралық оқыту стандартына бағыттала отырып, инновациялық жаңа білім беру бағдарламасын оқу үдерісіне енгізіп, үнемі жетілдірумен келеміз. Оқытушылардың кәсіби деңгейінің жоғары болуы, бұл – басты критерий. Мамандыққа оқытудың сапасын арттыру мақсатында АҚШ, Еуропа, Ресей елдеріндегі жетекші оқу орындарынан кафедра профессор-оқытушыларының біліктілігін арттырып, оқу процесіне білім берудің инновациялық әдісін енгізіп отырамыз. Кафедрада «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген бірнеше жас маман жұмыс істейді. Ал жақында қос дипломдық білім беру бағдарламасын жүзеге асырдық.
– Кафедра оқу процесімен қатар халықаралық деңгейде белсенді қызмет атқарып отыр дейсіз. Қандай?
– ЮНЕСКО кафедрасының ЮНИТВИН бағдарламасы 1992 жылы құрылды. Оған 116 ел қатысады. Бұл – халықаралық деңгейде ЖОО арасында білім, тәжірибе алмасу арқылы институционалдық әлеуетті арттыруға бағытталған бағдарлама. Осы бағдарламаның нәтижесінде ЮНИТВИН желісі құрылды, дүниежүзінде ЮНЕСКО кафедрасы ашылды. Бұл кафедра адами, материалдық ресурстарды біріктіре отырып, қоғамды дамытуға арналған кезек күттірмес міндетті шешуге атсалысады. Бүгінде бұл кафедралар ғылыми ортадағы, азаматтық қоғамдағы шешуші орталыққа айналды. Біздің ЮНЕСКО кафедрасы 1996 жылы құрылған Орталық Азия аймағындағы журналистика және коммуникация жөніндегі жалғыз кафедра.
Кафедраның ЮНЕСКО мәртебесі халықаралық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мәселен, 2018 жылы Коммуникацияны дамыту халықаралық бағдарламасының ЮНЕСКО/БҰҰ жобасын жүзеге асырдық. Осы жоба бойынша республиканың 15 жоғары оқу орындарының оқытушыларына «Қазақстанда гендерлік журналистика бойынша оқу бағдарламаларын күшейту» атты екікүндік семинар-тренинг ұйымдастырып, өткіздік. Осы шараның нәтижесінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында гендерлік журналистикаға байланысты 8 курс оқу процесіне енгізілді.
– Халықаралық журналистер даярлау сапасы ше?
– Биыл бакалавриатта «Халықа-ралық журналистика» білім беру бағдарламасын енгіздік. Оны бітірген түлектер болашақта трансұлттық және шетелдік БАҚ, әлемдік ақпарат агенттіктері, Сыртқы істер министрлігінің баспасөз орталықтары мен ақпараттық құрылымдарында, елшіліктердің баспасөз қызметінде және дипломатиялық қызметті атқара алады. Бұл мамандық бойынша білім алатын студенттерге мүмкіндіктер көп. Біріншіден, академиялық мобильдік бағдарламасы бойынша шетелге бір семестр оқып келуге мүмкіндік бар. Біздің студенттер Гонконг, Колумбия, Оксфорд университеттері, Адам Мицкевич атындағы университет, Стамбұл университеті, Барселона менеджмент жоғары мектебі және т.б. университеттерде білім алуда. Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасы бойынша 2011 жылдан бері біздің кафедраға 50-ден астам шетелдік профессорлар келіп, дәріс оқыды. Әсіресе, АҚШ-тан профессорлар көп келді. Огайо университетінің журналистика институтымен тығыз байланыс орнаттық, сондай-ақ Колумбия, Вайоминг университеттерімен ғылыми мақалалар жазу, ғылыми жобаларды бірлесе жүзеге асыру, ғылыми-зерттеулер жүргізу, т.б. бағытта жұмыс атқарып келеміз. Әлемдік ақпарат агенттіктерінің жұмыс істеу тәсілін үйретуге бағытталған пәндер енгіздік.
Халықаралық журналист жазу қабілетімен қатар, шет тілдерін, дипломатиялық, коммуникациялық дағдыларды меңгеруі, саясат, экономика, тарих, т.б. салаларды, өзі жұмыс істейтін елдің тарихын, саяси жағдайын, мәдени, діни, тұрмыстық ерекшеліктерін терең білуі тиіс. Елдің сыртқы экономикасын, сыртқы саясатты жазатын болғандықтан, басты міндеті – әлемдегі маңызды оқиғаларды бақылап, қалт жібермей, мемлекеттік саясат, қоғамдық пікір, заманауи трендтен үнемі хабардар болу, жағдайды жедел түсініп, ақпаратты сауатты беру, тек шындықты айту, шынайы хабар тарату. Белгілі бір топтың мүддесін қорғап, жалған ақпарат таратпау. Ақпарат беруде этикалық нормаларды қатаң сақтап, әр сөзіне жауапкершілікпен қарау, халықаралық журналистика талаптарына сай жұмыс істеу. Жаһандық деңгейдегі оқиғаларды, халықаралық саясатты сараптай отырып, ресми деңгейде шешім қабылдауға ықпал ету, қоғамдық пікір ғана емес, елдің сыртқы саясатын қалыптастыру оңай емес. Сондықтан біржақты ұстаным, ақпаратты бұрмалау қауіпті. Ақпараттың шынайылығын үнемі тексеріп, фактчекинг жүргізу өте маңызды.
– PR мамандарын даярлау ісі қалай жүзеге асуда?
– «Қоғаммен байланыс» мамандығы дәл қазіргі таңда нарыққа өте қажет. Себебі ақша-тауар
қатынасында тұтынушылар тауарды сатып алмас бұрын қызметті ұсынушының, тауарды өндірушінің немесе сатушының абырой-беделіне қарайды. Сондықтан нарықты басқару PR қызметінсіз мүмкін емес. Біз нарыққа бәсекеге қабілетті, PR-дың цифрлы жаңа құралдарын меңгерген кәсіби мамандарды дайындаймыз. PR мен коммуникацияның алдыңғы қатарлы жетістіктеріне негізделген құзыреттілік қалыптастырып, классикалық және цифрлы PR құралдарды қолдана білуге, PR жобаларды жүзеге асыруға үйретеміз. Сондықтан кафедрада «PR» мамандығынан сабақ беретін оқытушылардың көпшілігі танымал, тәжірибелі топ-менеджерлер. Бұл мамандық жалпы имидж қалыптастырады, жарнамадан үлкен айырмашылығы бар. Алайда көпшілігі жарнамамен шатастырады. Жарнама әртүрлі әдіс-тәсіл қолданып, тұтынушыны белгілі бір тауарды сатып алуға мәжбүрлейтін ақылы қызмет. Қоғаммен байланыс мамандары бірінші кезекте қоғамның мүддесін алғашқы орынға қояды.
– Сұхбатыңызға рақмет.