«Ауыл – ел бесігі» жобасымен барлық ауыл тұрғынының 80%-ы қамтылады. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы жаңа жобаны іске асырудың тәсілдері мақұлданды. Жиында келешегінен үміт күттіретін перспективті ауылдарды анықтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Үкімет басшысының орынбасары Жеңіс Қасымбек баяндады. Оның айтуынша, жоба ауылдықтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға, ауыл-аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғыртуға, оларды өңірлік стандарттарға дейін көтеруге бағытталған. 2019 жылы облыстардың әкімдіктері аудан орталықтары қатарынан 52 ауылдық елдімекенді іріктеп алды. Оларда 454 іс-шара өткізу жоспарланған. Таңдап алынған ауылдардың перспективалары, жобаларды іске асыру критерийлері мен жоспарлары туралы Алматы облысының әкімі А.Баталов, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов мәлім етті. Бұл өңірлер жобаларды жергілікті бюджеттен қоса қаржыландырудың жоғары көрсеткіштерін паш етуде. Жобаны ары қарай іске асыру мәселелері бойынша Nur Otan партиясының хатшысы Ф.Қуанғанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев ұсыныстарын жеткізді. Баяндамаларды тыңдағаннан кейін Үкімет басшысы А.Мамин 2025 жылға дейін «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 6,1 миллион тұрғыны бар шамамен 2 мың елдімекен немесе барлық ауыл тұрғынының 80%-ы қамтылатынын атап өтті. Ауылдарды жаңғырту мақсатында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді көздейтін «өңірлік стандарттар» да әзірленіпті. – Басқарылатын кіші урбанизация – ауылдарды жаңғыртуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды, – деген Асқар Мамин жобаны іске асырудың мақұлданған тәсілдерін тиімді орындауды, жобаны уақытылы қаржыландыру үшін тиісті нормативтік актілерді пысықтауды тапсырды. Әкімдіктерге «Ауыл – ел бесігі» жобасын жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыруды 20%-ға дейін арттыру мүмкіндігін қарау жүктелді. Бұдан бөлек, олар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауыл инфрақұрылымын жаңғыртуға қаражат тарту мәселесін ірі кәсіпорындармен бірге пысықтауы, сондай-ақ туған ауылдарын көркейту бойынша меценаттармен жұмыс жүргізуі қажет. Әрбір өңірге «Жол картасын» жасауға тапсырма берілді: онда іске асыру мерзімдері мен жауапты тұлғалар нақты көрсетілуі керек. – Әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін – мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау орындарын жөндеу, елдімекендер ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстарын осы жылдың қыркүйегіне дейін аяқтау қажет, – деді Премьер-министр. Үкімет жетекшісінің орынбасары Ж.Қасымбектің айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауына және биылғы 27 ақпандағы Nur Otan партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес, «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру басталып та кетіпті. – Жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту, оларды өңірлік стандартқа дейін жеткізу. Жоба аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз ету және тұтастай алғанда, жайлы тіршілік ортасын түзу бойынша бірқатар міндеттердің шешімі табылатын болады, – деді ол. Жеңіс Қасымбек алдағы жылдары ауылдық елдімекендерді басымдылау (приоритезациялау) үшін есептеу көрсеткіштерінің әдістемесі мен моделін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Биыл 52 ауылдық елдімекенде 454 іс-шара іске асырылмақ, соның ішінде 247 іс-шара – көлік инфрақұрылымын жетілдіруге, 135 іс-шара – әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және 72 іс-шара тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын өркендетуге бағытталған. Басты назар ірі елдімекендерге, яғни жинақталған өзекті инфрақұрылымдық проблемаларды жылдам шешуді қажет ететін, халық саны көп аудан орталықтарына аударылады. Қаржыландырудың көлемі бір аудан орталығына орта есеппен шамамен 670 млн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта жобаларды іске асыруға жергілікті бюджеттен 4,7 млрд теңге немесе 15,8% арна тартыпты. Жобаны тиімді іске асыру үшін вице-премьер Ж.Касымбектің төрағалығымен жұмыс істейтін жобалық кеңсе құрылды. Осы сияқты өңірлік офистер облыстарда әкімдердің төрағалығымен құрылатын болады. Өңірлік жобалық офистердің есебі әрбір екі апта сайын тыңдалады. Жобаны тікелей үйлестіруді және әкімшілендіруді Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асырады. Елбасы тапсырған жобаның жүзеге асырылуын Парламент та қадағаламақ.