Қазақта «үзеңгілес» деген сөз бар. Бұл ұғым үзеңгі қағыстырып бір бағытта, бір мақсатта жол жүріп бара жатқан екі атты адамды көз алдыңа әкеледі. Менің Мейрам Базарұлымен бір мақсатта, бір бағытта әріптес, ойымыз, тілек-ниетіміз бір дос, үзеңгілес болғаныма біраз жыл болды. Бұрындары жолыққан жерде аман-саулығымызды сұрасып жүретін едік, Мәкең 2006 жылы Qazaqstan ұлттық арнасының Алматы облысындағы меншікті тілшісі болып келгеннен бері таныстығымыз достыққа ұласты. Осылайша, жер ұйығы Жетісудағы қызметтік жолымыз көкшетаулық Мейрам мен тарбағатайлық Болатты Талдықорғанда тоғыстырды.
«Ырыс жұғады, ақыл ауысады» дейтін бұрынғылар. Мәкеңнің бүгінгі болмысының қалыптасуы да өміріндегі бірге жүрген жақсы адамдардың шарапаты, солардың ақыл-кеңесі, езулерінен бөліп берген еншісі екені анық. Қазақтың біртуар тұлғасы, мемлекет басшысы болған Д.Қонаев атамыздың үйінде болып сұхбаттасуы бүгінгі күннің көзқарасымен айтқанда аңыз, естілгенде ертегі болатыны анық. Еліміз тәуелсіздігінің алғашқы жылдары Елбасымен – Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевпен бірге бірқатар алыс-жақын шет мемлекеттерге сапарлас болуы, бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті басқарып тұрған жылдары сұхбаттасуы және тағы басқа да қазақтың біртуар тұлғаларымен жұмыс бабымен жүздесуі оның өмірлік ұстанымына оң әсер еткені сөзсіз. Жан дүниесінің жылуы мен жүрегінің жұмсақтығы, бойындағы мейірімі мен қайырымы, адамға сенгіш бала көңілі және ретті жерінде мінезін көрсетіп, талап қоя білетіні сол ұлы адамдардан жұғысты болған деп ойлаймын. Оның адаммен сөйлескенде ерекше бір зейін-зердемен, ықылас таныта, іші-бауырыңа кіріп, жақын тарта әңгімелесетін сәттерінде ішкі жан дүниесі айнадай болып көрініп тұрады. «Сыйластықтан бөтен сымбатты нәрсе жоқ» деген сөзді өмірлік қағидасына айналдыра білген.
Қалай болғанда да, Мәкеңнің өмірінде ерекше орын алатын адам, әрине, ол – Серік Үмбетов екені даусыз. Ұстазы, алдындағы бой түзер асқар тауы. Екі дәуірді бастан кешіріп, екі қоғамның жасампаз азаматы атанған, Мәжіліс депутаты Серік Әбікенұлы бір сөзінде: «Абайды ұлы еткен не деп ойлайсыз? Мінезі мен ой еркіндігі. Жоғарыда өзіміз әңгіме барысында тоқталып өткен адами құндылықтар арасындағы кісіге деген мейірім, Отанға деген махаббат, досқа деген адалдық, барға қанағат, уәдеге беріктік – бәрі-бәрі осы даналардың бойынан табылады. Мұндай асыл қасиеттерді бойына жинақтаған адамды құрметтемеу мүмкін бе?!», – деген еді. Даналардың бар асыл қасиеттерін бойына жинап қана қоймай, артынан ерген інілерін де солай тәрбиелей білген Серік ағаның өнегелі өмірі Мейрамды да өрге ұмтылдырды. Жақсы нәрсені мәңгіге жадына сақтайтын Серік көкеміз Талдықорғандағы бір жиында: «Мейрамның журналистігінің ішінде коментаторлығының жөні бөлек. Басқаны айтпаймын, шешем марқұм радиодан тыңдап, «осы баланың үні керемет» деп сүйсініп отыратын», – дегені бар. Бұл да – лайықты бағалау.
Дән қанша асыл болса да, құнарсыз жерге тасталса, көктемей қалады. Өмірде де солай. Талант екінің біріне бұйыра бермейтін Алланың тартуы, табиғат сыйы екені рас. Бірақ Құдай берді екен деп талантқа жайдақ мініп, далақтап шапқандардың мәреге жетпей қалатынын талай рет көрдік. Өйткені Алла берген дарынның қауырсын қанатын қатайтып, рухани тұрғыда толыстырып, өсіріп қалыптастыратын қолында билігі, көкірегінде көзі, жүрегінде иманы, аузында дуасы бар жекелеген адамдар да алдыңнан жолығуы керек бұл тірлікте. Міне, осы жерде Мейрамның бойындағы бұлқынған бұла талант көзінің ашылуына себепші болған кімдер екенін жақсы білеміз және жоғарыда олардың біразын атап та өттік. Сол жекелеген тұлғалардың өсиеті, өнегелі өмірі, бетінен қақпай белін буғаны, таным-түйсігінің ұшталуына, талғамының таразылануына, талантының ұшқындауына көп әсер етті.
Бір басшылар болады, алысқа атақты, алайда айналасына аса қадірі жоқ. Көпшілік алдында көсілгенде, елі үшін тау қопарып, тас үккендей көрінетін, ал күнделікті ісіне қарасаң, қара басынан аса алмайтын, ары кеткенде ағайынын жарылқаудан жарысатындар жиі алдан шығады. Ал алқынып мінберге ұмтылмайтын, көсемсуге көңілі шаппайтын Мәкең болса, алысты алаламай, жақынды жараламай бәріне бірдей қарауымен айналасына жұғымды, жақынына сыйлы бола алды. Телевизия саласында ойып алар өзіндік орны бар. «Дүние-дүние болғалы көрмеген, жаңа әлем жасау түгілі, кейде бір пар аяқкиім де екі қилы шығады» депті Ғ.Мұстафин. Осы сөз тікелей телевизия саласына байланысты айтылғандай. Телеарнаға жаңа дүние енгізу оңай емес. Дегенмен де «Жетісу» арнасына басшы болған жылдары барды бекемдеп, жоқты түгендеп, қызметкерлердің жағдайын жасап, көпшілікке ой салатын жақсы дүниелердің эфирге шығуына барынша ықпал етті. Жас журналистердің үмітін ұштап, сенімін нықтады. Бүгінде солардың біразы Астана мен Алматыдағы республикалық арналарда табысты қызмет атқарып жүр. Бұл – «шәкіртің өзіңнен озсын» деген тілектің қабыл болғандығының жарқын көрінісі.
«Шын жүйрікке алыс-жақынның айырмашылығы жоқ» дегендей, Мәкең кейінгі жылдары тележурналистика тарланының газеттерді де тиімді басқара білетінін дәлелдеді. Соңғы бес жылда Алматы облысындағы, өткен жылы ғасыр жасын тойлаған қос басылым «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің басын біріктіріп, ісін үйлестіріп отырған «Өлке тынысы» ЖШС-не біліктілікпен басшылық жасап, қаржылық және материалдық жағдайдың жақсаруына, шығармашылық әлеуетінің артуына ықпал етіп келеді. Мейрам Базарұлы басшы болып келгелі қос газет журналистерінің адымы ұзарып, арыны ашылды. Жағдаймен мұқият танысқан ол журналистердің қала ішіндегі жиындарды айтпағанда, аудандарға іссапарға да жаяу-жалпылап шығатындығына жанын ауыртты. «Жаяу жүрген журналистің қадірі болмайды. Біреудің көлігіне жармасып жеткен жанды кім тыңдап, сыйлайды? Сондықтан көлік алу керек» деді. Оның ойы облыс басшысы Амандық Баталовтан қолдау тапты. Бірнеше темір тұлпар алынды. Журналистер «ала кетші» деп ешкімге жалынбайтын болды. Мәкең серіктестік тізгінін ұстаған жылдар барысында «Жетісу» газетінің мемлекет басшысының БАҚ саласындағы алғысын алуы, өткен жылы «Үркер» ұлттық сыйлығымен марапатталуы да біраз нәрсені аңғартса керек. Мен басшымын деп белден баспай, газеттердегі негізгі жұмыстарды үйлестіруді, шығармашылық ізденісті Әміре Әрін, Атсалим Идигов сынды журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен ағаларына ұстатып, ақыл-кеңесін санасына сіңіре білгендігінің көрінісі бұл.
Мейрам Базарұлы қазақ журналистикасына қосқан орасан үлесімен, қызметтегі беделімен, ағайын арасындағы абыройымен, адамға деген ақкөңіл аңқылдақ пейілінен бір сәт ауытқымай асқаралы алпысқа келіп отыр. Мақтау-мадақтауды аса қажет етпейтінін білсек те, біруақ қатар жүрген әріптестің өзіндік әлеміне үңілгенді, байқағанымызды көпшілікпен бөліскенді жөн көрдік. Данышпан Абай «Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді» демей ме?! Жақсысын жадында сақтап, атын атадан балаға жеткізіп келе жатқан жұрттың ұрпағымыз. Сондықтан қатар жүріп, мүмкіндігімізше ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарының замана көшінен қалмауына атсалысып келе жатқан аға-әріптестің жүрегіміздің түкпіріне ұялаған жақсылықтары бәрімізге жұғысты болсын!
Алматы облысы
Болат АБАҒАН