Түркістан облысындағы Сайрам ауданы қазір еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткен Жолдаудағы басым міндеттерді ойдағыдай атқаруда. Жыл көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның бір дәлелі, бюджеттік сала қызметкерлерінің, мұғалімдердің жалақылары өсіп, ең төменгі айлық көлемі бірнеше есеге артты.
– Аудан экономикасына едәуір мөлшерде инвестиция құйылып, жаңадан өндіріс орындары іске қосылып, әлеуметтік сала нысандары мен инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы аясында ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілді. 11 ауыл округі бюджетінің көлемі өсті. Дербес бюджеттер – ауыл округі әкімдерінің жергілікті маңызы бар мәселелерін шешуге мүмкіндік берді, – дейді аудан әкімі Бақтияр Мамаев. Расында, қазіргі уақытта өнеркәсіп – аудан экономикасына серпін беретін негізгі сала. Өңірде құны 1,3 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске қосылып, 191 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде сұйық газ сақтайтын кешен, көкөніс консервілерін шығаратын цех, сүт өнімдерін өңдейтін цех, тігін фабрикасы, сусындарға арналған пластикалық ыдыс шығаратын орталықты айта аламыз. Жалпы, индустриалды-инновациялық даму жобасы да ауданда сәтті жалғасын тапқан. Мәселен, 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаға жалпы құны 7,8 млрд теңгелік 13 жоба енген. Ал 2013-2018 жылдар аралығында 9 жоба іске қосылып, 4,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Нәтижесінде, 417 адам жұмыспен қамтылды. Аймақ ауыл шаруашылығына қолайлы болғандықтан, көкөніс егудің пайдасы шаш етектен. Осыған орай, 2018 жылы 5,2 гектар жерге жылыжай салынды. Қазір жұмыс істеп тұрған жылыжайлардың жалпы көлемі 31,4 гектарға жетті. 105 жылыжайдан бір жылда 2 мың тонна көкөніс өнімі жиналыпты. Фермерлер болса, тамшылатып суару әдісіне көшкен. Ауданда мал шаруашылығы да кенжелеп қалған жоқ. 10-15 басқа арналған 102 шағын мал бордақылау алаңы, 42 отбасылық сүт ауласы жұмыс істейді. 989 мал бордақылау алаңында бір мезетте 34-35 мың бас мал бордақыланады. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 124 бас ірі қара мал, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 230 бас ұсақ мал сатып алынса, «Құлан» бағдарламасы арқылы 42 бас жылқы алынып, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізді. 2018 жылы 31,5 мың тонна ет, 119,5 мың тонна сүт, 16 млн дана жұмыртқа өндіріліпті. Сондықтан ауданның былтырғы «Агрофест-2018» фестивалінде ет өндіруден және мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан бірінші орын алғаны негізсіз емес. Әрине, мұның бәріне дем беріп отырған – шағын және орта бизнес. Аудан халқының 12,3 пайызы қазір осы сала арқылы табыс тауып отыр. Кәсіпкер болуға құлшынғандардың да қатары көп. – Білім беру саласында да көрсеткіш қомақты. Аудан бойынша 12 мемлекеттік, 8 мектеп жанындағы шағын орталық және 75 жекеменшік балабақша бар. Балабақшамен қамту 94,5 пайызға жетіп отыр. Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 84-қадамын жүзеге асыру мақсатында 2018 жылдан бастап халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібіне көштік. 1763 отбасына шартты ақшалай көмек, 281 отбасына шартсыз ақшалай көмек төленді. Осы отбасылардың жұмысқа жарамды 1 762 мүшесі тұрақты жұмыспен қамтылды, 48 адам жеке кәсібін ашты. Мемлекеттік бағдарлама аясында ұйымдастырылған халықты жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту іс-шаралары, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге оң әсерін тигізді, – деді аудан әкімі. Жақында ғана Сайрам өңірінде болған облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Аймақ басшысының оң көзқарас танытуы да тегін емес. Былтыр «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында 5 791 адам жұмыспен қамтылды. Еңбек нарығындағы сұранысқа ие біліктіліктер мен дағдылар бойынша 340 адам 10 мамандық бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқумен қамтылса, кәсіптік мамандық алған 320 адам тұрақты жұмысқа орналасыпты. Ал «Бастау-бизнес» жобасы бойынша 156 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алып, 167 адам шағын несие рәсімдеген. Жаңа бизнес-идеяларды іске асырған 11 кәсіпкерге 2,4 млн теңге гранттар берілді. Жастар жылына орай аудан әкімі Бақтияр Мамаев Жастар ресурстық орталығына «Газель» автокөлігінің сертификатын табыстады. Биыл да жастарға арналған дәстүрлі түрде «Ырыс алды – ынтымақ» форумы ұйымдастырылып, олардың белсенділігін арттыру, жастар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын-алу, отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселесі сөз болды. Аудан туризм саласы бойынша да көш ілгері. Қазір аймақта 8 туристік нысан бар. Оның алтауы қонақүй, «Манкент» шипажайы және жекеменшіктегі емдік сауықтыру орталығы. Сонымен қатар ауданда «Сиқым баба» кесенесі мен «Жаныс баба» мавзолейі орналасқан. Алыстағы көпшіліктің Ақсу өзенінің бойындағы жазғы демалыс орындарына жиі келетіні де рас. Ауданда арнайы туристік маршрут дайындалған. Аталған маршрутқа «Манкент» шипажайы, «Сиқым баба» және «Жаныс баба» кесенелері енгізілді. Қысқаша айтқанда, сансыз баптар мекені аталған Сайрам ауданында қазіргі уақытта сапалы іс өте көп.
Мейіргүл СЫБАН