Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы «Бір жол, бір белдеу» екінші халықаралық ынтымақтастық форумына қатысты. Форумның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Белдеу және жол» бастамасына Қазақстанның әуел бастан қолдау білдіргенін атап өтіп, бірінші форумның қорытындысы бойынша қол жеткен жетістіктерге тоқталды.
– Әлем жұртшылығы қарама-қайшы геосаяси тұжырымдардан шаршағаны анық. Барған сайын геоэкономика мен бірлесе дамудың маңызы артып келеді. «Бір белдеу, бір жол» – экономикалық ынтымақтастық үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктерден де ауқымды әрі маңызды жоба. Бұл – әлемдегі 120-дан астам мемлекеттің қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, кеңінен сауда-саттық жасауға және өсіп-өркендеуге деген тарихи сұранысынан туындаған бастама, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Елбасы саяси қарама-қайшылыққа, санкциялар мен сауда теке-тіресіне қарамастан, осы бастама аясындағы сауда көлемі артып, бүгінде 5 триллион доллар құрап отырғанын атап өтті. Н.Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жаһанданудың жаңа үлгісін ұсынғанын айтты. – Тарихи кезең әлемдік ықпалдастық орталығын қайтадан Шығысқа қайтаруда. Біз бүгін Азияның, шын мәнінде, ХХІ ғасыр өңіріне айналғанын көріп отырмыз. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 28 пайызы осында шоғырланған және бұл көрсеткіш арта береді. Қазірдің өзінде шығыстандыру үрдісі ықпалдасудың жаңа бағыттарын ұсынуда, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Елбасы, сондай-ақ Жібек жолының Экономикалық белдеуі жобасы мен Еуразия экономикалық одағын ұштастырудың әлеуеті зор екенін айта келіп, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» арқылы тағдыры ортақ адамзат қоғамдастығын бірлесе құруға шақырып отырғанын атап өтті. Н.Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» екінші халықаралық ынтымақтастық форумының сессиясында сөйлеген сөзінде қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерге төтеп берудің жолдары туралы айтты. Сондай-ақ киберқауіпсіздік пен қолданыстағы коммуникацияның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзектілігін және өңіраралық деңгейдегі бәсекенің арта түскенін атап өтті. – Дамуды және қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жаһандық институттардың тиімділігіне қатысты сұрақтар туындауда. Экономика саласында «сауда текетіресі мен санкциялық соғыстар» пайда болды. Бүкіл әлем бойынша порттар мен әуежайлардың терминалдары арқылы жөнелтілетін жүктер кідіре бастады. Түптеп келгенде, бұл әлем экономикасының даму қарқынын бәсеңдетіп, халықтың, әсіресе, дамушы елдер тұрғындарының жағдайын нашарлатады, – дей келе, Н. Назарбаев әлемдік қоғамдастықты адамзаттың жаһандық проблемаларын шешу үшін жұмылуға шақырды. – Алып құрлығымыздың дәл ортасында орналасқан Қазақстан Еуразияда тығыз серіктестік орнатуды әрдайым қолдайды. Біздің сыртқы саяси доктринамыз көпжақты ынтымақтастықты және бірлесе дамуды, сенім мен қауіпсіздікті нығайтуды көздейді. Біз бүкіл әлемге халықаралық күн тәртібіндегі ең күрделі мәселелерді талқылау бойынша да үлгі көрсете алдық, – деді Елбасы. Бұдан бөлек Қазақстанның Тұңғыш Президенті еліміздің ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қарудың таралуын болдырмау ісіндегі жетістіктеріне тоқталды. Соңында Елбасы аталған үш диалогтың басталуы форумға қатысушылардың барлығының мүдделеріне сай келетінін атап өтіп, біріккен Еуразияның жарқын болашағы үшін өзара байланыс орнатудың қажеттілігі туралы айтты. Қытайға сапарында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, экономиканың түрлі секторындағы қатынастардың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. – Қытай мемлекеті – Қазақстан үшін көршілес ел және экономикалық серіктес қана емес, сонымен бірге сенім артып, тірек санайтын біздің жақын досымыз, – деді Н.Назарбаев. Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президентін тату көршілік қарым-қатынасты ілгерілетуге және жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Достық» орденімен ресми марапаттады. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Тұңғыш Президенттің екіжақты қатынастарды нығайтуға қосқан үлесіне тоқталып, Елбасының халықаралық ынтымақтастықты дамыту ісіне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. – Бүгін біз Қытай халқының нағыз досы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа Қытай Халық Республикасының жоғары сыртқы марапаты – «Достық» орденін ресми табыс ету рәсімін өткізіп отырмыз. Президент Н.Назарбаевтың бүкіл әлемде зор беделі бар. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің негізін қалап, осы қатынастарды әрдайым дамытып келеді. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрып, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске бастамашы болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті өзінің саяси көрегендігінің арқасында осы ұйымдарды дамытып, өңірлік және жаһандық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға зор үлес қосып келеді, – деді Си Цзиньпин. Елбасы Н.Назарбаев Қытай Халық Республикасына сапары барысында «Синьхуа» ақпарат агенттігі, «CCTV» телеарнасы, «Жэньмин Жибао» газеті, Қытайдың орталық радиосы, China News Service ақпарат агенттігі, «Хуанцю шибао» басылымы сияқты Қытайдың ресми БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын одан ары жүзеге асыру перспективаларына қатысты сұрақтарға жауап берді. «Нұрлы жер» және «Жібек жолының Экономикалық белдеуі» бағдарламаларын ұштастыру нәтижелері туралы әңгімеледі. Сондай-ақ Елбасы белгілі актер Джеки Чанмен кездесіп, оның әлемдік кинематографиядағы маңызды рөлін жоғары бағалады. – Өзіңіздей танымал тұлғамен жүздескеніме қуаныштымын. Сізді бүкіл әлем біледі, – деді Елбасы. Қытай актері алдағы шығармашылық жоспары және киноиндустрия саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдары туралы ой бөлісті.