Қазақстандықтар бірлігінің ажырамас бөлігі – Қазақстан халқы ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім формуласы: бірлік және жаңғырту» атты XXVII сессиясы өтті. Ассамблеяның конституциялық-кеңесші органының басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен жыл сайын өткізілетін ҚХА сессиясының жоғары органы ширек ғасырға жуық уақыт тиімді жұмыс істеп келеді.
Осы сессия қарсаңында Ұлттық академиялық кітапхананың «Конституция» залында Ассамблея кеңесінің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Отырыс жұмысына Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мырза қатысып: «Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған қазақстандық қоғамдық келісім моделі мен Қазақстан халқы ассамблеясы – полиэтностық жағдайдағы мемлекеттік құрылыстың үздік әлемдік тәжірибесіне қосылған үлес», – деді. Шынында, Елбасы бастамасымен 1995 жылдың 1 наурызында құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы – еш елде жоқ бірегей институт. Ассамблеяның қалай құрылғаны, еліміздегі мүлдем жаңа тұрпатты саяси құрылымның қалай қалыптасқаны көз алдымызда. Мемлекеттік хатшы мұны «Назарбаев моделі» деп атады. Марат Мұқамбетқазыұлы Қазақстан халқы ассамблеясына мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыратын, елімізде қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін және этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыратын Қазақстан Конституциясының кепілі деп баға берді. Жиырма төрт жыл ішінде осы бірегей институт халықтың бірлігі мен Қазақстан халқы ассамблеясы құрылымдарының жан-жақты жұмысының арқасында әрбір қазақстандықтың өмір сүру салтының ажырамас бөлігі, үлгілі моделіне айналды. Ассамблея құрылған сәттен бастап үздіксіз жетілдіріліп, халық қызметінің барлық саласын қамтыды. Саяси сарапшылардың айтуынша, әлемде ұлт пен ұлыс жарасымын қалыптастырған ешқандай модель жоқ екен. Біздің ассамблея жас та тәуелсіз мемлекетті қалыптастырудағы тірек, көмекші орган болды. Теңдесі жоқ осы бірегей институт құрамында түрлі қызмет саласына жауапты бөлімшелер жұмыс істейді. Қазір елімізде 1 338 этномәдени бірлестік жұмыс істейді, сондай-ақ елуге тарта «Достық үйі» ашылған. Үш мыңдай қоғамдық келісім кеңестері қызмет атқарып жатыр. Мемлекеттік хатшы қазақ халқына қызмет қылған Затаевич, Брусиловский, Хамиди, Зверев, Шухов тәрізді тарихи тұлғаларды ардақтау қажетін еске салды. Бұл – бір ескерілмей келе жатқан нәрсе. Енді соның орны толса бір игі іс болар еді. Келесі жылы – Қазақстан халқы ассамблеясының – 25 жылдығы. Бұл – атаулы да айтулы дата. Қаншама ұлт пен ұлыстың өкілдерін киелі Қазақ елінің құрылысшылары жасау оңайға түскен жоқ. Бірақ бастама берекелі болды. Ол – анық!