Көне сарын Ақтөбеде күмбірледі
Көне сарын  Ақтөбеде күмбірледі
566
оқылды
Дәстүрлі әнімізді тыңдаушылар Ақтөбедегі Достық үйіне жиналды. Олар кеште танымал өнер майталмандары – жыршы-термеші Алмас Алматов, Жәкен Омаров, ән өнерінің шеберлері Ерлан Рысқали, Шолпан Дәржанова, күйші Батыржан Мықтыбаевтардың өнерін тамашалады.

Фестиваль партияның 20 жылдығы және «Шығармашыл зиялы қауыммен жұмыс» партиялық жобасының аясында өтті. Кеште сөз сөйлеген Nur Оtan партиясы Орталық аппараты Саяси жұмыс департаментінің директоры Ғалымжан Өтелбайұлы Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттауға баса назар аударғанын айтты. – Nur Otan партиясы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген идеялар мен құндылықтарды дәріптеп келеді. Фестивалдің өскелең ұрпақ үшін маңызы өте зор. Осы орайда мән-мағынасы терең, қалың көпшілік сүйіп тыңдайтын дәстүрлі музыка өнерін бірінші кезекте еліміздің барлық өңірінде кеңінен насихаттағанды жөн санап отырмыз. Іс-шара жыл басында Семей өңірінен бастау алды. Содан кейін шара Қарағанды, Қос­танай, Орал, Павлодар, Петропавл, Шым­кент қалаларында жалғасын тапты, – деді Ғалымжан Өтелбайұлы. Ол, сондай-ақ нұротандықтар домбыра мен қобыз әуендерін көптеген көрермен тамашалау үшін қазақтың дәстүрлі өнерін туған елімізде ғана емес, әлемдік дең­гейдегі сахналарда да кеңінен насихаттап, ұлттық өнерді жоғары деңгейге көтеруді мақсат етіп отырғанын айтты. Салтанатты шарада қоғам қайраткері, мә­дениет саласының ардагері Еркін Құрман­беков те сөз сөйледі. Ол облыс ау­мағында жыр өнері жақсы дамығанын айта келе, кешке келген барша көрерменге алғыс айтты. Сөз соңында өнер иесі Қо­бы­ланды батыр және қазақ халқының басқа да тамаша ұлдары туралы музыкалық шы­ғарма қал­дырған Нұрпейіс Байғанинді еске алу мақсатында кеш өткізу керек екенін тілге тиек етті. Көрермен Ақтөбенің 150 жыл­дығына тамаша сый жасаған әр қо­нақтың өнерін ықыласпен қабылдап, тама­ша­лады.

Абылайхан ЖҰМАШ