«Атырау Жарық» акционерлік қоғамының күрделі құрылыс мәселелері бойынша вице-президенті, «Атырау Жарық» АҚ бастауыш партия ұйымының төрағасы Бағытжан Алипов еңбек ұжымы алдында сөз алды. – Біз қоғамды және қоғамдық сананы жаңғыртудың жаңа және маңызды жолында тұрмыз. Nur Otan партиясының XVIII съезі әлемде болып жатқан дағдарыстар мен қиындықтарға қарамастан экономиканың қарқынды дамуына қол жеткізгенін нақтылап, елімізді тұрақты дамытудың алда тұрған басым бағыттарын айқындап берді. Партия съезінде Елбасы берген тапсырмаларды орындау үшін 4 ұлттық жоба бастау алды. Енді 9 маусымға жарияланған президенттік сайлауға жауапкершілікпен қатысуға тиіспіз. Бүгінгі жиналысымыздың күн тәртібінде осы тақырыпты қарастыратын боламыз, – деді. Бұдан кейін Nur Otan партиясының белсенді мүшесі, зейнеткер Мақсым Сәкөнұлына берді. Ардагер өзінің «Қазақстандағы президенттік басқару жүйесінің рөлі» атты тақырыпта қозғаған ой-пайымында еліміздің зайырлығы туралы және жаңа Конституцияның талаптарына сай сайлау қағидаларын айтып берді. Атырау қалалық электр желілері мекемесінің трансформатор бекеттерін жөндеу және техникалық қызмет көрсету шебері Асылхан Ерболұлы баяндамасын «Президенттік сайлауда таңдауымызды жасаймыз және сайлау әділ де ашық түрде өтетініне сенімдіміз. Дауыс беру – азаматтық парызымыз. Біздің ойымызша, алдағы уақытта өтетін президенттік сайлау – зор болашақтың бастамасы. Қазіргі кезде Nur Otan партиясында белсенді, тәжірибелі, абыройлы, Қазақстанның болашағына алаңдайтын азамат өте көп. Осы сайлаудан үлкен үміт күтеміз. Өйткені бізге болашағымызды, ертеңімізді айқындайтын, айдында жүзген кемеміздің бағытын айқындайтын ұлт көшбасшысы керек» деген пікірімен қорытындылады. Кәсіпорын жастары атынан сөз алған №6 учаскенің электр есептегіш құралдарын пайдалану бойынша 3-топты электр монтері Серікболсын Төлегенұлы – биыл алғаш рет Президент сайлауына қатысып, таңдауын білдіретін жас маман. – Мен еліміздің ең маңызды науқаны – Президент сайлауына алғаш рет қатысып, дауыс бергелі отырмын. Біз бірлесіп Қазақстанды табысқа жеткізуге атсалысып, бірлесе жұмылып, оны өркендеуші мемлекет етуіміз қажет. Тәуелсіз Қазақстанның болашағын басқаратын Президентті жастар қолдап, әділ сайлау арқылы таңдауы керек. Жастар осы сайлауға жауапкершілікпен қарайтынына сенеміз. Өйткені сайлау – халықтың ең маңызды таңдауы, мемлекет тағдырын тұлға қолына сеніммен тапсыруы, –деп жастарды сайлауда дауыс беруге белсенді қатысуға шақырды. «Атырау Жарық» АҚ бастауыш партия ұйымының төрағасы Бағытжан Алипов еңбек ұжымымен болған жиын қортындысында қоғамның алдыңғы қатарлы мүшесі және ел патриоты ретінде сайлауалды жұмыстар мен партия стратегиясын іске асыруда белсенді болуға шақырды.
Атырау облысы Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ