Ол өз сөзінде әрбір сайлаудың ел бірлігін ұлықтауда орны ерекше екенін айта келе, мұның тарихи маңызы зор деді. – Әрбір сайлаушының алдында елдің ертеңін, жарқын күндеріміздің бедерін анықтайтын таңдау тұр. Өмір сапасын арттыруға әрбір қазақстандықтың қосар үлесі де зор. Сондықтан кезектен тыс Президент сайлауына бір кісідей қатысып, маңызды шешім жасау сіз бен бізге парыз, – деді Қаһар Шарипқұлұлы. Бұдан кейін сөз алған кәсіпорынның әкімшісі, кадр бөлімінің басшысы Лидия Хан президент сайлауы еліміздің келешекте қарқынды дамуына жасар таңдаудағы саяси науқан екеніне тоқталды. «Бұл – тарихи кезең. Сондықтан сайлау күні облыс тұрғындары аса үлкен жауапкершілікпен таңдауын жасайды. Мұнда, әрине, азаматтық белсенділік басым болу керек. Бірнеше жыл бойы иық тіресе еңбек етіп келе жатқан біздің ұжым сайлау күні таңдауын жасауға сайлау учаскелеріне барады. Таңдау – біздің болашағымыз, балаларымыздың келешегі. Өздеріңізге белгілі, бүгінгі күні Қазақстанды әлем таниды. Сондықтан елімізде болып жатқан саяси науқанның да әлем назарында тұрары анық. Біз жаңа кезеңге, жаңа дәуірге жаңаша көзқараспен қарап, таңдауымызды жасаймыз», – деді Лидия Романовна. Жиын соңында «Жамбылгипс» АҚ еңбек ұжымы үндеу жариялады.
Ерман ӘБДИЕВ Жамбыл облысы