Дели-Тараз: жамбылдықтар 87 жолаушыдан үрейленіп отыр
Дели-Тараз: жамбылдықтар 87 жолаушыдан үрейленіп отыр
©А.Ахметқазы
161
оқылды
Жамбыл облысы бір түнде коронавирус індетін жұқтырғандардың саны бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда облысын қоспағанда   барлық өңірлерді  басып озды. Кешегі бір тәуліктің ішінде 17 дерек тіркеліп, науқас адамдар саны 28-ге бір-ақ жетті.    Осыған орай, облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы мәлімдеме жасады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, төрт науқас алдыңғы түнде Дели-Тараз бағытымен ұшып келген азаматтар болып шықты. Олардың жас ерекшелігі 2000, 1998,1996 және 1984 жыл аралығында. Сонымен қатар, Қордай ауданында үш оқиға тіркелді. 1975 және 1982 жылы туылған тұрғындар бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласынан келіп, індет табылған науқаспен байланыста болғандар. Ал, 1999 жылы туылған бір азамат 23 наурыз күні «Қостанай-Алматы» пойызы арқылы Қостанай қаласынан келген. Жалпы Қордай ауданынан алғашқы инфекция тіркелгеннен кейін шекарада бақылау күшейтіліп, күдік туғызған азаматтар стационарлық карантинге алына бастаған болатын. Міне, осы оқшаулауда жатқан 10 азаматтан індет табылып отыр. Оның алтауы ел азаматы болса, төртеуі Қырғыз мемлекетінің тұрғындары. Аталған 17 дерек бойынша қазір науқастар емдеу мекемелеріне жатқызылып, ем-дом қабылдауда. Жағдайлары қалыпты деп бағалануда. Жалпы қазір  жұма  күні түнгі сағат  22.30-да «Әулие-Ата» халықаралық әуежайына Үндістаннан келген ұшаққа қатысты көп әңгіме айтылуда. Ұшақ бортында болған 106 адамның 91-і қазақстандық болса, 15-і қырғыз азаматтары. Жолаушылар сол түні арнайы жасақталған медицина көліктері мен мамандардың көмегімен оқшауланып, ал 15 қырғызстандық шекарадан шығарылса да, халық төрт науқастың  сол борттан табылғанына үрейленуде. Бірлер «Бізге үйде отырыңдар деп алып, өздері ауруларды сырттан кіргізіп жатыр. Сонда карантиндік жағдайдамыз дегендері қайда?» деп ішкі назын білдірсе, енді екіншілер «Сол Үндістан мемлекетінде жақындарың қалып кетсе қайтер едіңдер? Сондықтан бұған түсіністікпен қарау керек» деп сабырға шақыруда. Ал үшінші бір топ «Үкімет шетелге шықпаңдар деп ескертті. Сыртта жүргендерге  елге оралуға уақыт та берді. Енді осы кезге  дейін Үндістанда не істеп жүр олар? Сана жоқ екен адамдарда» деп  сыртта жүрген қандастарымыздың бейқамдығын сынауда. Бұдан бөлек, «15 қырғыз азаматы неге Таразға ұшып келеді? Оларды біз күтіп алып, неге елден шығарып салуымыз керек? Өздерінің елдерінде ұшақ пен әуежай құрып қалып па?» деп  ашу-ызаға булығуда. Әрине мұнда қандай саяси астар жатқанын түсіну қиын. Алайда нақты факті – сол борттан түскен 4 азаматтан COVID-19 инфекциясы табылып отыр. «Енді қалған 87-і сау болса екен» деп қазір тараздықтар өз қауіпсіздіктерін ойлап тілеуде. Қордай ауданында болса, соңғы тәуліктегі деректер бойынша карантиндік режим тағы күшейтілді. Енді одан қандай нәтиже боларын уақыт көрсете жатар. Алайда бір айта кетерлігі, COVID-19 инфекциясының Жамбылда алғашқы дерегі тіркелгеннен бастап, жергілікті билік індеттің сырттан келгенін айтуда. Демек, дерт «жар асып» келіп жатыр деген сөз. Ал сырттан қауіп төнсе, атам қазақ  ең бірінші шекарасын қымтаған емес пе?

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы