Көрмені тамашалауға келгендер Отырар қала жұрты, Арыстан баб және ондағы мұсылман кітапханасына қатысты жәдігерлерді, екінші Аристотель атанған Әбу Нәсір әл-Фараби мен Түркістан өңірінде өмір сүрген Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Сүгір Әліұлы, Өзбекәлі Жәнібеков, Шәмші Қалдаяқов секілді тұлғалардың түпнұсқа жәдігерлері және этнографиялық, нумизматикалық, археологиялық бұйымдарды көріп, олардың түсініктемелерімен танысты. Ұлттың мұрасы, халықтың қазынасы – таусылмайтын қазына және тарихтың дереккөзі екенінде ешкімнің дауы болмаса керек. Елбасының «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламарын іске асыру аясында Түркістан облысы, оның ішінде Отырар мұралары мен тұлғаларын, көшпелі көрме арқылы халыққа кеңінен насихаттау, таныту, сол арқылы бағдарламаны жүзеге асыруға үлес қосу негізгі мақсаттарының бірі болған түркістандық музейдің көрмесін көруге келгендер үшін тағылымды деректер айтылды. – Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің жалпы ұйымдастырып отырған «Отырар – тұлғалар мен мұралар ордасы» тақырыбындағы көшпелі көрмесінде тарихта аты аңызға айналған Отырар қала жұрты мен Ислам дінінің таралуына өзіндік үлес қосқан мәдени құнды ескерткішіміз Арыстан баб және ондағы мұсылман кітапханасы және жерлесіміз Әбу Нәсір әл-Фараби мен Отырар оазисі және Қаратау атырабында өмір сүрген осы жердің киелі топырағына қаны тамған Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Өзбекәлі Жәнібеков, Шәмші Қалдаяқов секілді тұлғалардың түпнұсқа жәдігерлері көрермен назарына ұсынылып отыр. Бұдан 2 000 жыл бұрын басталған Ұлы Жібек жолының тізбектелген керуені Отырар даласы арқылы өткен. Бұл – дала мәдениеті қала мәдениетіне айналған кезең. Осы кезеңдері ғылым мен білімі, қолөнер, берік салт-дәстүрі мен шариғи заңдылығы бар Отырар қаласы бой көтерді. Отырар – Қазақстанның орта ғасырлардағы әйгілі қалаларының бірі. Кейбір деректерге қарағанда осыдан екі жарым мың жыл бұрын оның орнында алғашқы қоныстар болған. VІ-VІІІ ғасырларда Отырар Сырдария өзенінің орта ағысындағы саяси орталық болды. Оның жері Сырдарияның орта ағысы тұсындағы жағаларында орналасқан. Алғаш рет «Отырар» және «Фараб» атаулары жазба деректерде IX ғасырда кездеседі. Отырар ІХ-ХІІ ғасырларда сол аймақтың басты қалаларының біріне айналады. Бұл қаланың тез өсуіне қолайлы жағдай жасаған Ұлы Жібек жолы болды. V-ХV ғасырларда Отырар қаласы Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын орталыққа айналды. Отырарға ислам VIII ғасырда туын тікті. Ғалымдардың жазуынша, ислам келген соң бұл өлкеде ғылым мен мәдениет бұрын-соңды болмаған деңгейде дамып, әлемдік деңгейде танылған 32 әл-Фараби шыққан. Олардың ұлысы 70-ке жуық тіл білген, 150-ден астам ғылыми еңбек жазған энциклопедист ғалым Әбу Нәсір әл-Фараби, – деген Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің бас қор сақтаушысы Қанат Құдабай әл-Фарабидың өмірінен біраз дерек келтірді. Оның айтуынша, ұлы ғұлама ғалымның өшпес ғылыми еңбектерін алғаш рет музейге тапсырған қазақтың тұңғыш фарабитанушы ғалымы Ақжан Машани болған. Ол дүниелер ғалым 1968 жылы Сирия сапарында әкелген Египеттің «Ніл» баспасынан 1904 жылы шыққан Әбу Нәсір әл-Фарабидің «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы» мен «Музыканың үлкен кітабы» трактаттары болатын. Бұл үрдісті кейін шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі бастаған Қазақстан делегациясы жалғастырған екен. Бізге мәлімделгендей, музей қорында Әбу Нәсір әл-Фараби және рухани мәдениетіміздің басқа да көрнекті өкілдерінің қолжазба, тасбаспа мұралары, фольклор, ислам құндылықтары, сондай-ақ жоғарыда есімдері аталған өнер иелерінің өзі, отбасы тұтынған және заманына қатысты археологиялық, этнографиялық мыңдаған артефактілер жинақтаулы. Көрме аясында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасымен бірлескен «Түркі әлемі және Ұлы Жібек жолы» атты дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелге Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Л.Базарғалиұлы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ш.Нағымұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Жұмабайұлы, тарих ғылымдарының кандидаты К.Болатұлы, тарихшы-өлкетанушы А.Әміржанов, тарих ғылымдарының докторы А.Сәрсенов, тарих ғылымдарының докторы Ж.Таңатарова және университет магистранттары қатысып, баяндама жасап, тарих тағылымынан тағы бір мәрте деректермен бөлісіп, келешекте зерделеуді, ізденуді талап етіп отырған тың тақырыптар барын айтты.
Атырау облысы Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ