Ұлттық кітапхана директоры Б.Оспанова кітапхана қорында белгілі қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты И.Қарымсақұлының 1955 жылдан 2019 жылдың сәуір айына дейінгі кезеңде баспа беттерінде жарық көрген мақалалары, өлеңдері, сұхбаттары, журналистің өмірі мен шығармашылығы жайлы жазылған өзге де туындылары сақтаулы тұрғанын баяндап, осы жайлы «Библиографиялық көрсеткіш» жарыққа шыққанын атап өтті. Бұл жинақ Қызылордадағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының 2019 жылы шығарған «Әділдікті ту еткен қаламгер» атты библиографиялық көрсеткішін толықтырып отыр. Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қали Сәрсенбай, Наурызбай ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәдениет Каркенов және Ұлттық кітапхананың директоры Бақытжамал Оспанова «Жақсының жарығы» және «Библиографиялық көрсеткіш» атты кітаптардың тұсауын кесті. «Кітап негізінен мемлекет және қоғам қайраткерлері, елге еңбегі сіңген айтулы азаматтар жайлы жазылған. Бұл – Итен Қарымсақұлының бесінші кітабы. Соның бәріне редактор болдым. Сонда байқағаным, ол өмірдің өткір проблемаларын көтерумен қатар, Отан, ел, жер туралы толғана жазады. Көп ізденеді. Оқыған адамды қызықтыратын жағымды бейнелерді оқуға жеңіл тілмен жазуға шебер. Сондықтан бұл кітап оқырман тарапынан жақсы бағасын алады деген ойдамын», – деді Қали Сәрсенбай. «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағұлұмов, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Сапарбай Парманқұлов, қоғам қайраткері Сатулла Сәдуов журналист Итен Қарымсақұлының аталған кітаптары жайлы ой-тұжырымдарын айтса, белгілі ақын Төреғали Тәшенов арнау өлеңін оқыды. Марапаттау рәсімінде Итен Қарымсақұлына «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалі тапсырылды. Алматы қаласы Наурызбай ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Каркенов «Иеке, шығар тауыңыз биік, көрер қызығыңыз көп болсын!» деп жақсы тілек айтып, ауданның «Құрметті ардагері» медалін омырауына тақты. Шараны жүргізуші Бауыржан Жақып ел басқарып жүрген белгілі азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан және әріптестерінен журналист-жазушы Итен Қарымсақұлының атына келген құттықтауларды оқыды. Кездесуде Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі С.Тоғай, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Т.Есполов, Алматы қаласының прокуроры Б.Жүйріктаевтың, Алматы қалалық прокуратурасы ардагерлер кеңесінің құттықтаулары оқылып, той иесіне шапан жабылды. Шараға қатысқан Наурызбай ауданында тұратын құрдасы Төлеш Стамбеков той иесіне қолдан өзі өрген ою-өрнекті керемет қамшысы мен зайыбына күміс білезік пен сақина сыйлады. Мерейтой иесі Итен Қарымсақұлы алқалы қауымға ізет-құрметі үшін үлкен алғыс айтып, қатысушыларға кітаптарын сыйға тартты.
А.БИТАС