Сәуірдің тамаша күндерінің бірінде мұхит асып, ақ-қызыл туы бар Канада еліне сапарлап қайттық. Мақсатымыз – қазақ сахарасының көгінде жолаушыларды тасымалдау үшін арнайы құрастырылып жатқан жаңа ұшақтарды тамашалап, дайын біреуін елге жеткізу. Сапарымызды ұйымдастырған Qazaq Air әуекомпаниясы ангарындағы Q400 NexGen ұшақтарының Bombardier зауытында қалай құрастырылып, қолданысқа берілетінін көрсетті.
Еуразия кіндігіндегі Қазақстан Солтүстік Америкадағы Канададан 1 тәуліктік қашықтықта жатыр. Кеш бата біз мінген ұшақ Торонтоға ертеңіне кешке жетті. Жолда Германиядағы Майне өзені бойында орналасқан Франкфурт қаласына аялдадық. Себебі, қос мемлекеттің арасын тікелей байланыстыратын рейс әлі ашылмаған. Ондай бағытты іске қосу үшін алып лайнерлер қажет. Boeing 747-400 не болмаса Airbus A380 секілді алып ұшақтарды ұстап тұру қыруар қаржыны талап етеді.
Еуразия құрлығында қазақстандық әуекомпаниялар жақсы танылғанымен, құрлықаралық бағыттарда бәсіміз әлі биік емес. Жолаушылар тасымалы ұлғайған уақытта Канада, АҚШ, Аустралия секілді алыс елдерге тікелей рейстер ашылып қалар. Ал әзірге ішкі нарықты қанағаттандырып, аймақтағы жетекші орыннан көрінуге талпынуымыз керек.
Qazaq Air әуекомпаниясы осы тұрғыда тиімді шараларды қолға ала бастады. Компания флотында 2015 жылдан бері үш Q400 NexGen ұшағы қызмет етеді. Біздің сапарымыздан соң тағы бір ұшақ келіп қосылды. Маусым айының соңына дейін бесінші ұшақ та қатарға қосылады. Бүгінде Bombardier Q400 NexGen ұшақтары Қазақстанның 80 пайыз аумағын бір-бірімен байланыстырып отыр. Алда жаңа ұшақтардың қосылуымен Ұлы дала шаһарларының бір-бірімен байланысын 100 пайызға жеткізу жоспарланды. Сонымен қатар танымал бағыттарда ұшу жиілігі артады.
Енді қайта үйеңкі жапырақты елге оралайық. Көкке көтеріліп Канаданы көріп, траптан түсіп Торонтоны тамашалаған бізде қандай арман бар дейсіз?.. Жердің үсті де, асты да байлыққа толы. Табиғаты тамылжып тұр. Орман мен өзен-көлдерінде сан жоқ. Елдің жартысынан астамын әлі қар басып жатыр екен. Оңтүстігінде ғана күн райы жылынып, тұрғындар егіншілігін бастап кеткен. Жалпы, үлкен шаһарларының басым бөлігі оңтүстік белдеуде орналасқан. Ең үлкені біз аялдаған – Торонто. Онтарио көлінің жағасындағы әсем қаланы 3 миллионға жуық халық мекендейді. Мұнда кімдер жоқ дейсіздер: жапон мен қытайың, үнді мен арабың, орыс пен украиның, африканың түгел ұлты осы жерді паналағанға ұқсайды. Ал елдің тізгінін ұстап, негізін қалаған британдықтар мен француздар болғандықтан, ағылшын мен француз тілдері ресми тіл болып бекітілген. Мұншама көп ұлтты татулық пен бірлік, еңбек пен талпыныс, мәдениет пен сыйластық біріктіріп отыр. Толеранттылықтың шынайы үлгісі Канадаға қонақтағандай.
Алғашқы күнімізді авиациядағы айтулы компаниялардың бірі Bombardier зауытының жұмысымен танысуға арнадық. Қызметін 1942 жылы бастаған ұжым бүгінде коммерциялық авиацияда, бизнес авиацияда және транспорт саласында қызмет көрсетеді. Әлемнің 28 елінде өндірісі бар. Мәселен, ұшақ қанаты Қытайда өндіріледі. Қозғалтқышы басқа қалада. Сол секілді жүздеген компоненттер әлемнің түкпір-түкпірінен тасымалданады. Өкініштісі, Қазақстан бұл тізімде жоқ. Біздің ғалымдардың авиацияға арнап дайындаған дүниелеріне қызықпаса керек-ті немесе сатып алу тиімсіз. Бізде ұшақтың корпусы мен қанатын дайындауға үлкен мүмкіндік бар, шикізат жер қойнауында, тек соны жүзеге асырып беретін бас болса. Осынау үлкен брендтің қалтқысыз жұмыс істеуіне әлем бойынша 68 мың қызметкер тартылған.
Компания бизнес ұшақтың 3 түрін өндіреді: Global, Chellenger, Learjet. Бұлардың ең үздігі – Learjet 7500 Нью-Йорктен Сингапурге дейін тоқтамай жете алады. Әлемде Bombardier компаниясы өндірген 2 000-ға жуық әуе кемесі ұшады. Компания стратегтерінің болжамы бойынша алдағы 20 жылда 5 750 ұшақ құрастыру жоспарланған. Әлемде әрбір 3 секунд сайын, ал Қазақстанда әрбір 30 секунд сайын Bombardier-дің бір ұшағы ұшып-қонады екен. Бүгінге дейін Q400 NexGen маркалы ұшақтың 600 данасы өндіріліп, әлемнің 60 компаниясына сатылды. ТМД аумағында 14 әуекомпанияға тиесілі 77 ұшақ бар. Жалпы, Q400 NexGen ұшағын құрастыру жарты жыл уақытты қажет етеді. Осылайша, 1 жылда 27 данасын әзірлей алады.
Тапсырыс берушінің талғамына байланысты орындардың саны 37 мен 96 арасында жасақталады. Qazaq Air 86 орындықты лайнерге тапсырыс берді. Бұл алдыңғыларына қарағанда 8 орынға артық. Салондағы жүк жинақтайтын орынның босатылуының арқасында сыйымдылық артты. Нәтижесінде, билет бағасы да төмендейді. Соңғы технологиялардың арқасында салондағы сыртқы дыбыс естілімі төмендеп, жайлылық артты.
Сонымен қатар ұшақ -54 градусқа дейінгі температурада ұшып-қона алады. Қазақстанның солтүстік аймағындағы ауа райын ескерсек, біз үшін таптырмас әуе кемесі екеніне дау жоқ. Жарты күнімізді зауытқа арнап, оның технологиялық мүмкіндіктерімен танысып болған соң, Қазақстанға тиесілі ұшақты қабылдауға бардық. Bombardier мекемесінің өкілдері сән салтанаты келіскен ангарда мерекелік аурада табыстауды жөн көріпті.
Ресми шараға Канададағы Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Ақылбек Камаладинов келді. Мәртебелі қонақ өзімен бірге Торонтодағы Қазақстан консулын да ерте келген. Сонымен қатар елден барған бір топ журналист те қуанышты сәттің куәсі болды. Qazaq Air әуекомпаниясы басқарма төрағасының міндетін уақытша атқарушы Әділ Дәулетбек жаңа ұшақты қабылдау кезінде қуанышын жасырмай, болашақта бұл иллюминаторлардан қазақстандық жолаушылардың жарқын жүздерін көретінін жеткізді.
– Мамыр айында MSN 4598 сериясымен тағы бір ұшақты қабылдаймыз. Нәтижесінде, әуефлотымыз биыл екі ұшақпен толығады. Осылайша, Қазақстандағы ұшу бағытымызды көбейтіп, жиілігін арттырамыз және жақын маңдағы көрші елдерге де ұшуды көздейміз, – деді Әділ Дәулетбек. Q400 NextGen ұшақтары әлемде үлкен сұранысқа ие және аймақтық авиацияда өзінің жақсы қырымен танылғандығы жайында Bombardier Commercial Aircraft компаниясының вице-президенті Росс Митчелл жеткізді. Шара соңында екі тарап ұшақты өткізіп-қабылдау құжатына қол қойып, әуелайнер қазақстандық техникалық мамандар мен ұшқыштарға табысталды.
Айта кетейік, FLY(MSN 4595) нөмірлі борт алғашқы рейсін сәуір айының соңында орындайды. Турбовинттік қозғалтқышы бар ұшақ Қазақстанға төрт рет аялдап жетеді.
Алыстан ат терлетіп барған соң, басқа да қызықтарды көрмей кету журналиске жараспас қылық. Кешкілік бос уақытты қаланы аралауға арнадық. Мегаполисте көкпен таласқан ғимарт та, бірінің үстіне бірі мінгескен жолайрықтары да, ескерткішке толы саябақтары да жетерлік. Тіпті әлемдегі ең үлкен океанариумдардың бірі де осында. Алайда Торонтоның басты мақтанышы – CN Tower. Бұл биіктігі 553,3 метр болатын телемұнара. Салыстырмалы түрде айта кетейін, Алматыдағы Көктөбе мұнарасының биіктігі – 371,5 метр. CN Tower құрылысы 1975 жылы аяқталған. 2009 жылға дейін әлемдегі ең биік мұнара болып саналған. Осындай ғасыр құрылысының ішіне еніп, танысу Канадаға келген туристердің басты мақсаты.
Ғимараттың ортасынан жоғарғы тұсында, шамамен 380 метр биіктікте қаланы тамашалайтын алаңқай мен айналмалы мейрамхана бар. Мұнда көтерілу құны – 27 доллар. Сағатына 22 шақырым жылдамдықты алатын лифт сізді 58 секундтың ішінде биікке бір-ақ көтереді.
Адамзаттың ойы мен қолынан туындаған әсем шаһарға көз тойдыртқан соң, табиғаттың тылсымынан пайда болған өзен-көлдер мен даланы тамашалауға ұмтылдық. Себебі, Торонтодан 130 шақырымдай жерде Солтүстік Американың жойқын сарқырамасы Ниагараны көруге болады. Ниагара өзені бойында орналасқан сарқырама Канада мен АҚШ-ты бөліп тұр. Байқағанымыздай, сарқырама АҚШ тұсына қарағанда Канада жағынан анағұрлым әдемі көрінеді. Содан болар, АҚШ тұрғындарының басым бөлігі шекара асып үйеңкі жапырақты елден тамашалауға асығады.
Торонто мен Ниагара Фолс қалаларының арасын байланыстырып жатқан 130 шақырымдық жолдың бойында ине шаншар орын жоқ. Жүзімдік алқабының көптігінен көз сүрінеді. IT технология парктерінің, шағын өндіріс ошақтарының сан алуан түрін байқайсың. Елдің экономикалық күші, халқының әл-ауқаты, міне, осы өндіріс орындарының көптеп салынуынан төмендеген емес. Қазақстан қалаларындағы жүздеген тойхананың қожайындарын осында әкеп, қаржыны өндіріске құйса, қандай жетістікке жетуге болатынын көрсеткің келіп тұрады. Кластерлік бизнестің классикалық үлгісі осы жерден көруге болады. Жалпы, Канада сапарында уақытымыз аз болғанмен, алар дүниеміз көп болды. Біздің елдің көрер белесі әлі алда екенін ұғындық. Үйретуді ысырып қойып, үйреніп алатын жастан аспағанымызды білдік. Тау баласы тауға қарап өседі демекші, бізге осындай дамыған елдер бағдар болу керек…
Алматы – Торонто – Алматы