Түркістан облысында шалғай ауылдарда ғаламтор желісі сапасының тиісті деңгейде болмауына байланысты онлайн оқыту жүйесі ішінара алынып тасталды. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаевтың айтуынша, өңірде қашықтан білім беру процесі «Балапан», «Еларна», «Оңтүстік» телеарналары, «Қазақ радиосы» және «Қазпошта» АҚ-тың көмегі арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі күні білім берудің жаңа жобасына байланысты дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. «Қазіргі таңда облыстағы 909 орта білім беру ұйымдарында 488 182 оқушы білім алуда. Оның 80% ауылдық жерлерде оқиды. Үй жағдайында интернет желісіне мүмкіндігі бар оқушылар саны 124 мың оқушыны құрайды, ал, 121 мың оқушының компютерлік техникалары жоқ. Осы ретте ұстаздар мен оқушыларды тиісті компьютерлік техникамен қамтамасыз ету үшін мектептердегі 29 мың компьютер мен ноутбук өз жауапкершіліктері негізінде таратылып берілді. Жалпы 9 мыңға жуық оқытушының компьютерлік техникасы және 11 мың оқытушыда интернет желісін пайдалану мүмкіндігі жоқ болатын», – деді басқарма басшысы. Басқарма басшысының сөзінше, облыстағы 429 943 оқушы Білім және ғылым министрлігі дайындаған видео сабақтармен білім алады. Телеарна көруге мүмкіндігі жоқ шалғай елді мекендердегі 320-дан астам оқушы «Қазақ радиосы» және «Қазпошта» АҚ көмегін пайдаланады. Ұстаздар қосымша аптасына бір рет оқушыларға Whatsapp, Telegram мессенджерлерінің көмегімен тапсырмаларын арқылы беріп отырады. Алайда, ғаламторға қосылуға мүмкіндігі бар қалалық мектептердегі 57 421 оқушы қосымша ретінде Bilimland, Daryn online, Күнделік.КЗ, оқытуға арналған порталдарды пайдалана алады. Бұл жүйемен білім алу ешбір оқушыға міндеттелмейді. Айта кетейік, Арыс қаласындағы бала саны 5-80 дейінгі шағын 9 мектеп сабақтарын бұрынғысынша дәстүрлі түрде өте бермек. Онда аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасы бөлімінің рұқсаты берілген. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай оқушылардың сабағы 30 минуттан және екі ауысымда жүргізіледі. Арадағы үзіліс кезінде бөлмелер желдетіліп, қауіпсіздік шаралары сақталмақ.