Түркияда тоғызқұмалақ пен мангаладан әлем чемпионаты басталды
Түркияда тоғызқұмалақ пен мангаладан әлем чемпионаты басталды
543
оқылды
Әлемнің 16 елінен келген жүзден астам спортшы қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақтан әлем чемпионы атағы үшін тартысты бастап кетті.
Анталияда Тоғызқұмалақтан V Әлем чемпионаты және Мангаладан I Әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті. 4 мамырға дейін өтетін халықаралық турнирді Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы мен Мангала федерациясы ұйымдастыруда. Әлем чемпионатында АҚШ, Колумбия, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Монғолия, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Чехия, Швейцария сияқты мемлекеттерден спортшылар қатысуда. Латвия, Пәкістан, Эфиопия және Румыния спортшылары тұңғыш рет тоғызқұмалақтан әлемдік аренада шеберліктерін көрсетпек. Халықаралық турнирге өз есептерінен келіп жатқан көптеген энтузиаст спортшылар тоғызқұмалақты өз елдерінде белсенді насихаттауда. Шетелдіктердің қазақ ұлттық ойынына деген қызығушылығын Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының өкілі Батырбек Құлекеев бұл ойынның таза есепке құрылған ерекшелгімен түсіндіреді. «Тоғызқұмалақ – бұл арифметика, тапқырлық және ой ұшқырлығы. Ойында есепке жүйрік, алғыр, жылдам ойлайтын адам жеңіске жетеді. Сондықтан, тапқырлықты, алғырлықты, есепті үйрететін бұл ойын барлығына, әсіресе, жастарға керек», – дейді  Құлекеев. Қатысушыларға тоғызқұмалақ федерациясы вице-президенті профессор Жан Решитский сәттілік тіледі. Мангала федерациясының президенті Рауф Озген мангаланың түбі мыңжылдық тарихы бар тоғызқұмалақтан тарайды деп есептейді. Оның айтуынша, бірге күш жұмылдыру әр елдің өздерінің ұлттық зияткерлік ойындарын дамытуға және олардың алдында тұрған мәселелерді бірлесе шешуге мүмкіндік береді. Ашылу салатнатына Қазақстанның Анталиядағы Консулы Арман Нарбаев қатысты. Қазақстандық команда 10 спортшыдан тұрады, олардың арасында сегіз дүркін әлем чемпионы Әсел Далиева, үш дүркін әлем чемпионы Хакімжан Елеусінов, үш дүркін әлем чемпионы Серік Ақтаев, әлем чемпиондары – Ғалымжан Темірбаев, Салтанат Сапарбекова, үміт артатын жас таланттар – Гүлжанат Алдабергенова,  Саят Жандарбек, Аружан Абдыханова бар. Чемпионат ерлер және әйелдер арасында жеке-жеке классика, рапид, блиц бойынша өтуде. Әлемдік чемпионат тоғызқұмалақ пен мангаланы халықаралық деңгейде насихаттау, оның бұқаралық сипатын арттыру, мәдени байланыстарды нығайту және осы зияткерлік спорт түрінің ең үздік спортшыларын анықтау мақсатында өткізілуде.
  Тоғызқұмалақтан тұңғыш әлем чемпионаты 2010 жылы Астана қаласында өткізіліп, 16 елден спортшылар қатысқан. 2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап, тоғызқұмалақ әлемдік ғаламторда  www.iggamecenter.com – сайтында зияткерлік ойын ретінде тіркеліп, онлайн жүйеде ойнайтын бағдарламасы жасалынды. Қазір сайттағы рейтинг бойынша 150 ойын арасында топ бастап тұр.