Джейкобс: Мен «Канелоға» және төрешілерге қарсы шайқасамын
Джейкобс: Мен «Канелоға» және төрешілерге қарсы шайқасамын
376
оқылды

Джейкобс 2017 жылы наурыз айында Головкинмен де кездесіп төрешілер шешімімен жеңіліп қалған еді

IBF тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы америкалық Дэниэл Джейкобс 4 мамыр күні болатын мексикалық Сауль «Канело» Альвареске қарсы кездесуге орай пікірін білдірді.

Джейкобс пен WBC және WBA (Super) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Альварес арасындағы жекпе-жек 4 мамыр күні Лас-Вегастағы T-Mobile аренада өтеді. Бұл аренада «Канело» екі рет Головкинмен жұдырықтасқан. Екеуіндегі шешім де әлі күнге бокс әлемінде даулы саналады.

«Мен «Канеломен» және төрешілермен шайқасамын. Мұны тарихтың өзі дәлелдейді. Ол GGG-ге қарсы кездесуде нені қаласа соны алды. Эрисланди Лара мен Мигель Коттоға қарсы өткізген кездесуде де өзі ойлағаны болды. Тіпті Мейвезермен жұдырықтасқанда да төрешілердің бірі оған тең нәтиже берген» дейді Джейкобс.

«Мен рингте барымды салып, өз мүмкіндігіме сенгім келеді. Егер осы айтқанымды орындай алсам онда төрешілер тарапынан қандай да бір проблема туындай қоймас. Олай болмауы тиіс. Егер өзімнің үздік екенімді дәлелдесем онда мені олар тонай алмайды» деді америкалық боксшы.

Джейкобс 2017 жылы наурыз айында Головкинмен де кездесіп төрешілер шешімімен жеңіліп қалған еді.

Бұл жекпе-жек үшін Джейкобс 10,5 миллион доллар алса, Альварестің алатын сыйақысы нақты белгісіз. 

Бірақ мексикалық боксшы былтыр қазан айында DAZN сервисімен бес жылдық келісімшартқа қол қойған еді. Аталған келісімшарт бойынша 11 жекпе-жек үшін 365 миллион доллар құны бекітілген.

Қос боксшы 4 мамыр күні бұған дейін қазақстандық Геннадий Головкинге тиесілі болып келген титулдарды сарапқа салады.