Қазақстан халқы ассамблеясының XXVII сессиясында Тұңғыш Президент – Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Назарбаев «Ассамблея – еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі. Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді», – деді.
Қоғамда бірлік, ұлтаралық келісім секілді тұрақты әрі маңызды құндылықтар бар. «Дәл осы аса маңызды фактор болашақ әлемде біздің бәсекеге қабілеттілігімізді айқындайды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ассамблеяның алқалы жиынында сөз алған Қостанай облыстық филармониясының баспасөз хатшысы Алла Чечеткина Тұңғыш Президенттің «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін!» деген сөзі өмірлік мақсатына айналғанын мәлімдеді. «Жаһандану заманында қазақы тәрбие ұмытылмаса деген тілегім бар», – деп тілегін жеткізді.
«Сондықтан мен қазақтың нанын жеп, суын ішіп өскендіктен, ең алдымен, қазақ тіліне құрмет көрсетілуін талап етемін. Мемлекеттік тілде сөйлемесек, білуге тырыспасақ, біздің тәуелсіздігімізге, егемендігімізге қосқан үлесіміз немен өлшенеді? Барлық қандас бауырларымды қазақ тілін білуге, сүюге, өміріне рухани азық етуге шақырамын. Жаһандану заманында қазақы тәрбие ұмытылмаса деген тілегім бар. Біздің ауылда қыз баланың кешкі уақытта көше кезіп жүргені ұят, ерсі саналатын. Өзімнен кейін өсіп келе жатқан сіңлілерім де осы тәрбиеден алшақтамаса екен деймін», – деді.
Қандай жарасымды тілек! Барша қазақстандықты біріктіретін үлкен тетік – мемлекеттік тіл. Бір тілде сөйлеген ұлттың бағы бар.
Токио университетінің шетел тілдері бөлімінде оқитын студент Такуро Оучи 10 айда қазақ тілін меңгеріп алыпты. Ол біздің «Алпамыс батыр» эпосын жапон тілінде оқып, содан кейін қазақша үйренуге ынтыққан екен. Талапты жас «қазақ тілінің жүйесі жапон тіліне қатты ұқсайды. Сондықтан жапондар үшін үйрену оңай» деген пікірде. Қазір Такуро Қорқыт ата туралы зерттеп жүр екен, Қызылорда облысына барғысы келеді.
Сонда қиян шеттегі жапон баласы 10 ай ішінде қазақ тілін үйренеді, ал біздің Қазақстанда 30-40 жылдан бері тұрып келе жатқан азаматтар мемлекеттік тілді меңгеруге неге ынта қоймайды? Осы елде ата-бабасынан бері қазақ, бірақ тілі орысша шүлдірлейтін қазақ азаматтарының ұлттық намысы қайда?
Молдаван қызы мемлекеттік тілде еркін сөйлеп тұр. Қазақ тілін ұлттық құндылықтар қатарына жатқызып отыр. Қазір қазақ тілін үйренуге ынталы өзге ұлт өкілдері көп. Олар Қазақстанның ертеңі қазақ тіліне тікелей байланысты екеніне сенеді.
Ынта, ниет, құлшыныс болса, мемлекеттік тілді меңгеру қиынға соқпайды. Еліміздегі он сегіз миллион халық бір тілде түсініссе, бір-бірін ұғынса – нағыз бірлік бастауы сол емес пе?! Құдай біледі: келеді сондай күн!