Ұлттық қауіпсіздік комитеті салмақты арнайы операция өткізді. Оның барысында бірнеше кеден бекетінде 20-дан астам лауазымды тұлғаның қолына кісен салынған. Кеден қызметінің өкілдерін ұстау мезеті бейнеленген видеороликті комитеттің өзі жариялады.Ұсталғандар сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасады деген күдікке ілініп отыр. «ҰҚК қызметкерлері жедел комбинацияларды жүзеге асыру және жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу аясында бірқатар кеден бекеттерінің заңсыз қаражат алып келген 20-дан астам қызметкерін ұстады. Олар қысқа мерзім ішінде миллиондаған теңгеге, ондаған мың долларға және ірі көлемде басқа да валюталарға қол жеткізген» дейді өкілеттік.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Алматы және Түркістан облыстарындағы кеден бекеттерінде жұмыс істеген жиырмадан аса қызметкердің жұмыс орнында және үйлерінде тінту жүргізіпті. Оның барысында үлкен сомада қаражаттар тәркіленді. Нақты сомасы айтылмады, бірақ теңгеде ғана емес, доллар, рубль және қырғыздың сомы да табылған екен.
Жария етілген ресми бейнеролик «Шекарадағы интеграцияға төнген қатер» деп аталады. Онда бұл қылмыс желісінің трансұлттық сипатта болғаны айтылған.
«Іс-шаралар барысында жемқор лауазымды тұлғалар анықталды, олар Қытайдан Өзбекстан және Қазақстан арқылы транзитпен ары қарай сапарлайтын жүк автокөліктерін кедергісіз өткізіп жіберу үшін жүйелі түрде пара алып келген. Атап айтқанда, кеден, фитосанитарлық, ветеринарлық, көлікті бақылау органдарының лауазымды тұлғаларының заңға қайшы қызметі құжатталды», – деп мәлім етті ҰҚК.
Комитет Алматы облысындағы «Нұр жолы», «Қалжат» және Түркістан облысының Б.Қонысбаев атындағы өткізу бекеттеріндегі кеденнің, сондай-ақ фитосанитарлық, ветеринарлық және көлікті бақылау қызметтерінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі істі қарауды бастады. Құзырлы органдар кедендегі жүйелі коррупцияға және контрабандаға қарсы іс-қимыл жалғасатынын жеткізді.