Төтенше жағдай кезінде жеке тұлғалардың банк шоттарына қойылған шектеулерді алып тастайды.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша,
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде төтенше жағдайдың қолданылу кезеңінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төтенше жағдайға байланысты табыстан айырылған адамдарға 42 500 теңге сомасында ай сайынғы әлеуметтік көмек аудару басталған.
Осыған орай, аумақтық МКД тәуекел дәрежесі жоғары салық төлеушілерді қоспағанда, дара кәсіпкер ретінде тіркеуде тұрған жеке тұлғаларға және жеке практикамен айналысатын тұлғаларға қатысты шығарылған банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдер мен инкассалық өкімдерді қолдап кері қайтарып жатыр.
Сондай-ақ, Комитет тарапынан Әділет министрлігіне және Жеке сот орындаушылардың республикалық палатасына бұрын шығарылған сот бұйрықтары мен шешімдері, сондай-ақ жіберілген салық бұйрықтары бойынша азаматтардың кез келген шотына салынған тыйым әрекеттерін уақытша тоқтата тұруды және жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы орындалудағы салық бұйрықтары бойынша тыйым салуды тоқтата тұруды сұрап, хат жолданды.
Айта кетейік, осыған дейін микро, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері санатына жатқызылған салық төлеушілер үшін салықтардың барлық түрі мен әлеуметтік төлемдер бойынша төлем мерзімі 2020 жылдың 1 маусымына дейін кейінге қалдыру туралы, тәуекел дәрежесі жоғары салық төлеушілерді қоспағанда, салық және кеден берешегін, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын және мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін орындауды қамтамасыз ету тәсілдерін қолдану ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін тоқтату туралы шешім қабылданған болатын.