«Бір жазушының шөбересі атасының мұрасын жинағысы келеді. Соған сенің көмегің қажет» деп банкте істейтін құрбым хабарласты. «Атасының мұрасын неге елден іздейді?» деп әуелде таңданғанымыз рас. Сөйтсек, Дана Талжанованың атасы мен әжесі екіге айрылып кеткен соң, ұзақ жылдар бойы атасы туралы естімеген де, білмеген де екен. Бастысы, Талжанов деген фамилияны иемденіп жүрген есті қыз өзінің тамырына, түбіне қайта оралғысы келіпті. Белгілі жазушы, ғалым, аудармашы Сәйділ Талжановтың шөбересі Данамен осылай таныстық. Дананың өтініші бойынша, Сәйділ Талжановқа қатысты бүкіл деректердің бәрін сүзіп шықтық. Жазушы туралы білген, естіген, зерттеген ғалымдардың да шығармаларымен танысуға тура келді. Сонымен, Талжанов туралы не білеміз? Биыл қаламгердің туғанына – 113 жыл. Ол «Халық жауы» атанып, өмірінің 19 жылын түрмеде өткізсе де тағдырдың сынына қайыспаған жан. Түрмеден кейін бостандықта 15-ақ жыл өмір сүріпті. Сол 15 жылдың әр күнін, әр сәтін құр жібермей, тиімді пайдалануға тырысқан екен. Ол да қуғындалған, азап шеккен, тағдыр тауқыметін бір кісідей арқалаған зұлмат жылдардың өкілі. Осы жұрт Сәйділ Талжановты біле ме екен? Бәлкім, оның қазақ әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесі туралы бейхабар да шығар.
Сейфуллиннің бөлесі
Сәйділ Талжанов 1906 жылы Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Тоқтамыс ауылында дүниеге келген. Әкесі Омар мен шешесі Сарқыттан сегіз ұл, екі қыз туған екен. Сол сегіз ұлдың кенжесі – Сәйділ. Толық аты – Сәйділғараб, яғни арабтың мырзасы, қожасы деген мағынаны білдіреді. Жазушы «Өткен жылдар сөйлейді» кітабында бұл жағдай туралы былай жазған: «Ата-ананың ойында ақау жоқ, менің «дәу» болуымды тілеген, бірақ ескі ел ғұрпынша, көп баланың кішісі болу – иттің күшігі болумен тең. «Әуеден шұға жауса, құлға ұлтарақ та тимейді...».
Жазбаларға қарасақ, Талжанның Омарын азамат соғысы кезінде Захаровкада ақтың офицері қылышпен шауып өлтірген. Содан Әшім мен Сәйділ анасымен бірге қарындастарын алып, Алматыға келген. Сәйділдің ағасы Әшім Омаров – Ташкенттегі Орта Азия университетінің қоғамдық ғалымдар факультетінде оқып жүріп, Қазақстанның хұқықты өкілі болып қызмет істеген. Ол – 1920 жылы 4 қазанында Орынборда өткен бірінші съездің делегаты. Ақмола уездік атқару комитетінің революциялық «үштіктің» төрағасы болған. Қазақстан өкіметінің алғашқы мүшелерінің бірі еді. Аштық жылында қамалған ол, Сәйділ Талжановтың үлкен ұлы Эмиль туғанда босатылып келді. Содан мемлекеттік банкте істеп жүргенде «Сәкен Сейфулинмен байланысы бар» деп, 1937 жылдың қарашасында оны тағы алып кеткен. Кей деректерде оның Сәкенмен қатар ұсталып, атылғаны туралы жазылады.
Бұл әулет негізі Сәкен Сейфуллинмен аталас ағайын әрі туған бөле. 37-жылдың желтоқсанында Сәйділ Талжанов «Сәкеннің «Қызыл ат» поэмасын, Бейімбет Майлиннің «Майдан» пьсесасын орыс тіліне аударды және өзі «байдың баласы» деген айыппен он жылға Сібірге айдалды. Қаламгер өзінің жастық шағын «Ұлы Октябрь таңы атып, бұрынғы бұратана халықтар теңдік, бостандыққа жетіп, білім бұлағына шөлдеп бас қойған кезде совет мектебі оқытып, адам қатарына қосқан қазақ жастарының бірі мен едім» деп сипаттайды «Өткен жылдар сөйлейді» деген кітабында.
Айдауда болған уақыт
«Ертеңіне-ақ пәтердің иелері үйінен қуып шықты. Сарсылып жүріп, жерасты, едені тас бір бөлме таптық. Сонда дүниеге енді келген қызымыз, жеңгемнің өзі, қызы қайтыс болды. Ұлым Еміл мен қайнымның кішкене баласы, мен қалдым. Ағайын-туыс бас сауғалап, безе қашты. Көшеде жүру мүмкін болмай қалды» деген Сәйділ Талжановтың әйелі Зура Шаменова. (1988 жылы 4 наурызда «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбаты). Алматыда күн көру қиындаған соң, ол 1939 жылы екі баланы ертіп Қарағандыға барады. Шахтаға кассир болып орналасып, біраз істейді. Онда да оған тыныштық бермейді. Үстінен арыз жазып, «Халық жауының әйелі» деп орнынан босатып, шахтаға жіберіледі. Содан Зура таныс дәрігерінен «Қарағандының ауа райы жақпайды» деген анықтама алып, Жезқазғанға барған. Алайда Зура қайда барса да «Халық жауының әйелі» деген сөз артынан қалмады. Сонымен, оның бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Ұлы Отан соғысы аяқталып, ел еңсесін көтергенде, Сәйділ Талжанов та айдаудан оралды. Ол 1947 жыл 4 желтоқсан еді.
«Сәйділ келе жатыр» дегенді естігенде, жүрегім аузыма тығылып, бір орнымда отыра алмадым. Неге екенін білмеймін, үйден тұра қашыппын. Артынша ұлымызды алып, Қарағандыға келдік. Біржолата ақталмаған, паспорты да жоқ. Сәйділге жұмыс табылмады. Әйтеуір, іздеп жүріп кешкі мектепке орыс тілінен сабақ беруге орналасты. Сол 1948 жылы дүниеге келген нәрестеміз тағы шетінеді. Бар қиындық артта қалды деген сеніміміз аяқ асты болып, 1949 жылы 8 қаңтарда Сәйділді қайтадан ұстап алып кетті», – деп еске алған марқұм Зура Шаменова. Сол кезде Сәйділ Омарұлы «Ұлдай кегін» жазып жүрген екен. Ұстауға келгендер қағаз-қолжазбаны қоса алып кетіпті. Сөйтіп, Сәйділ Талжанов мәжілістің шешімімен Батыс Сібірге мәңгіге айдалды. Не көрсе де, қалған ғұмырын ерімен бірге көруді шешкен Зура Сібірдің Чумаков поселкісіне барған.
Бұл күн туралы Сәйділ Талжановтың үлкен ұлы Эмиль: «Ол күнді өле-өлгенше ұмытпаймын. 1949 жылдың 8 қаңтарында әкемді қайта алып кеткен кез. Аяқасты үш адам пәтерге кіріп келді де, оны тұрғызып тінтті. Қағаз-кітабын бәрін шашып, үйдің әңкі-тәңкісін шығарды. Қайта-қайта тапаншаны тезеді. Сондағы шошығаным... Одан қайтып әкемді 1954 жылдың жазына дейін көргенім жоқ», – деп жазады.
Бақыт құсы
Чумаков поселкісінде Ш.Мусин, Ж.Арыстанов сияқты тағы басқа қазақтар тұрған. Екеуі шағын үй алып, жұмыс істеп, қалыпты өмірге келген. Жәннат есімді қызы сонда туған. Сондай күннің бірінде Сәйділ Омарұлы 1954 жылы бостандыққа шықты. «Бостандық алған күні қызын «бақыт құсым» деп мойнына отырғызып алып, бүкіл поселкіні аралап шығыпты. «Елің екі рет айдатты, енді онда саған не бар?» дегеніме «Ой, Зура-ау, туған жерге не жетеді? Арқаның ауасын бір жұтып, топырағына аунасам арманым жоқ» деген еді» деп еске алыпты Зура Шаменова-Талжанова.
Қаламгер бостандыққа шыққанымен, тек екі жылдан соң ғана ақталды. Босанған бетте Қарағандыға келіп, араға көп уақыт салмай, артынан Алматыға көшкен. Бірақ ол жаққа барғанымен Сәйділ Талжановты ешкім жұмысқа алмады. 36 жылы ол Достоевскийдің «Бейшара жандарын» аударып бастаған, соны бітірді. Алайда баспа шығаруға құлық танытпаған. Екі жылдай Шоқан Уәлихановтың шөбере інісі Шәһизат Жақыповтың үйінде тұрған. 1956 жылы Сәйділ Талжанов ақталған соң ғана екі бөлмелі пәтер берілген. Сол уақытта екі жылдай Қазақ мемлекеттік баспасында аға редактор болды. 1958 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Ғылым академиясының Тіл білімі институтында аға ғылыми қызметкер болып істеді.
Сол аралықта көркем аударманың негізгі мәселелері туралы зерттеу жұмысы бойынша ғылыми диссертация қорғады. Тоғыз жыл бойы докторлық еңбегін жазды. Бұл жолда да оған кедергі аз болған жоқ. Ақыры 1972 жылдың сәуірінде докторлық диссертациясын қорғап, сол жылы 10 желтоқсанда өмірден өтті. Марқұмның соңғы сәтіне дейін қолынан қаламы түспеген. Оған дәлел – оның 10 желтоқсан күні жазған арнау сөзі.
Аудармашы Сәйділ
Жастайынан зерек, зейінді Сәйділ Талжанов қазақ-орыс тілдерінде еркін сөйлеген. «Орыс ойшылдары» атты ғылыми еңбегіне Ф.Достеевский, И.Тургенев, Н.Гоголь, А.Пушкин шығармаларын аударуға негіз болады. Салтыков-Щедрин, В.Белинский, М.Горький, М.Шолохов, тағы басқа қаламгерлердің шығармаларын қазақ тіліне, М.Әуезов, Б.Майлин, С.Сейфуллин шығармаларын орыс тіліне аударған аудармашы ғана емес, әдебиетке кешеуілдеп келгеніне қарамай мықты жазушы да болған. Оның ғалым-жазушы болып қалыптасуына өскен жері – қаламгер Сәкен Сейфуллиннің ұшқан ұясы әсер еткен болар. Оған қоса, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне оқуға түскенде, Мұхтар Әуезовпен жолығады. 1957 жылы «Сейфолланың Сәкені», 1961 жылы «Қайып қарттың әңгімесі», 1965 жылы «Адам туралы толғау», 1968 жылы «Ұлдай кегі» атты прозалық туындалары жарық көрді. Мұның бәрі – жазушының көзі тірісінде шыққан дүниелер.
«Ұлдай кегі» жинағының алғашқы бетінен бастап Сәкен Сейфулиннің Колчак абақтасынан қашып шығып, Дүйсенбі деген жалған атпен Балтабай қарттың үйінде болуы, ақсақалдың анасы Ұлдай туралы әсерлі толғанысын қарапайым тілмен баяндаған. Жазушы дүние салғаннан кейін 1975 жылы «Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері» атты монографиясы және 1979 жылы «Өткен күндер сөйлейді» кітаптары жарық көрді. Шығыс классикалық туындыларының төрінен орын алатын «Кәлила мен Димна» шығармасы ғана емес, «Тар жол тайғақ кешу», «Даурия» секілді аудармалары шықты.
19 жыл жазықсыз жапа шегіп, боранды Сібірде азап шекпегенде, бұдан да қомақты шығармалар жазар еді?! Әттең дерсің...
Қиындыққа мойымаған азамат
«Сәйділ Омарұлы бостандықтан кейін бар-жоғы он бес-ақ жыл өмір сүрді. Он тоғыз жылын түрмеде өткізді. Басынан өткен азапты күндерге мойымай, қиындықты көре тұра жүрегінің қатаймағанына, өмірге деген көзқарасы өзгеріп, елге кек сақтамағынан тәнті болдым. Оның орнында басқа біреу болса, қатыгезденіп кетер еді», – деп еске алады жазушының келіні Нелли Ивановна. Оның айтуынша, Алматыға 1-курстан кейін жазушының үлкен ұлы Эмильге тұрмысқа шығады. Онда Сәйділ Омарұлы Бауман көшесінің бойында екі қабатты панелді үйде тұрған. Келесі жылы оларға Ғылым академиясы жанынан екі бөлмелі пәтер берген. Жазушының түрмеден шыққан кезі, тұрмысы да нашар еді. Жалғыз өзі жұмыс істейді, өсіп жатқан үш бала бар.
Нелли Ивановна бастапқыда қайын атасынан аяқ тартқан. Ол өте салмақты, тіпті оны көзіне ілмейтіндей көретін. Бірақ білімді адам екені түр-тұрпатынан көрінген.
Эмиль мен Нелли Алматыға келгенде пәтер жалдап тұрған екен. Жалға алған пәтерінің қабырғасы жұп-жұқа, үй суық. Өзі кішкентай ғана бөлме, ортасында пеші бар. «Сол кезде аяз қатты болды. Қай жылдар екені есімде жоқ. Әйтеуір, балаларымыз Сәкен мен Маша киімімен ұйықтайтын. Арасында енем келіп, жағдайымызды біліп кететін. Бірде енеммен бірге Сәйділ Омарұлы да келді. Бірақ ол кісі үйге кірмей, сыртта жүріп қалды. Үйге енемнен кейін кірді де, табалдырықты аттаған күйі қатып қалды. Сол кездегі бейнесі әлі көз алдымда. Сұсты көзімен аядай бөлмені бір қарады да, шығып кетті. Ешкімге ештеңе айтпады, айқалап ұрыспады да. Жай ғана шығып кетті. Шыны керек, не болғанын түсінбей қалдым. Атамның артынан ілесе шыққан енем үйге кірді де «Тек қажет затыңды жина, кеттік!» деп зыр жүгіре жөнелді. Сөйтіп, сол сәтте бізді үйіне алып кетті», – дейді ол.
Нелли Ивановнаның айтуынша, үйге кіргенде байқағаны, қабырға толы кітаптар. Кітап сөренің төрінде Сәйділ Талжановтың Сәкен Сейфуллиннің әйелімен түскен суреті ілулі тұрған. Мектепте оқушылармен кездесуге барғанда түсірілген сурет екен. Өзі Сәйкен Сейфуллиннің әйелін бір-екі рет көргені бар. Зиялы адамдар қонақта жиі болған. «Қазақша білмегендіктен дастарқан басында айтылған әңгімелерін түсіне алмадым» дейді Нелли Ивановна.
– Атам да, енем де мені жақсы қабылдады. Бірде енем Семейге кетіп қалды. Сол кезде үйде Сәйділ Омарұлы мен қызы Жанна, кенже ұлы Едіге үшеуміз қалдық. Жаңадан түскен келінмін, ас үйден шықпайсын. Бірақ ара-арасында Сәйділ Омарұлына қарап қоямын. Қызығы, ол кісі қашан көрсең де, жұмыс істеп, бірдеңе жазып, оқып отыратын. Не болмаса, біреумен сөйлесетін. Ол кісіде демалу деген болған емес, – дейді келіні.
Онда Нелли Ивановнаның Жобалау институтынан Ауыр өнеркәсіп министрлігіне ауысқан кезі. Сонда 15 жылдай жұмыс істеп, пәтер бергеннен кейін ғана жеке отау болып шыққан.
Тектіден текті туады
Нелли Ивановнаның айтуынша, әкесі әскери адам болған. Негізінен, Орта Азияда қызмет еткен. Өзі Қоқанда дүниеге келсе, інісі Жаркентте туған. Жүрек талмасынан кейін әкесі әскери қызметке қайта оралып, Тәжікстанның Талинабат қаласынан Қазақстанға келген. Ол кезде қала таңдау еркінде болатын. Сөйтіп, 8-сыныпта Алматыға келіп,
№56 математикалық мектепті бітірген. 10 сыныпта әкесі қайтыс болып, анасы Харьковта қалған. «Әке-шешем ажырасып кеткен. Әкем өмірден озған соң жалғыз қалдым. Инженер мамандығы бойынша Тау-кен институтына түсіп, жоғары балл жинадым. Онда бала көп болған соң, бүкіл топқа Өскеменде жаңадан ашылған институтқа баруды ұсынды. Қалаған мамандығына, шәкіртақымен бірге жатақхана берілетін болды. Содан бір топ алматылық жастар Өскеменге бардық. Күйеуім Эмиль Сәйділұлын сол жақта кездестірдім. Ол сол институтта, басқа мамандықта оқыды. Екеуміз үйлендік. Ұлды болдық. Оның есімін Сәкен деп қойдық. Сол кезде қайын атамның Сәкен Сейфуллин жайында кітабы шыққан», – дейді ол.
– Ұлымыз туғанда бүкіл жатақхана болып тойладық. Жатақханадағы бірінші бала еді. Сабаққа барарда кезекшіге баланы қалдырып кетемін. Ол тез арада бір бөлмеге жатқызып қояды. Сабақта кешке дейін жүреміз. Арасында комендат келіп, ұлымды емізіп кетеді. Ол да жас босанған, кішкентайы бар, – дейді Нелли Ивановна. Қазір Сәкен мен келіншегі Гүлнардың екі қызы мен немерелері бар. Қызы Айгүл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Елде біраз жұмыс істеген соң, Австралияға оқуға барады. Бүгінде тұрмысқа шығып, сол жақта қалып қалды. Оның Лаура есімді қызы бар. Ал Дана КИМЭП-те білім алған. Оның Даниал есімді ұлы бар.
Нелли Ивановна зейнетке шыққанға дейін сол кездегі Орман ағаштарын өңдеу министрлігінде жұмыс істеген. Кейін Эмиль екеуін тағдыр екіге айырыпты. «Қызы Жанна сырқат болатын, сондықтан да ол кісі оның барлық еркелігін көтерді. Соған қарамастан өте зерек, алғыр болды. Кейін тұрмысқа шығып, ұлды болды. Бірақ дүниеден ерте өтті. Эмиль болса, бір оқығанын бірден айтып беретін. Марқұмның есте сақтау қабілеті мықты еді. Ал кенже ұлы Едіге есепке күшті. Қазір банкте жұмыс істейді. Текті адамның ұрпағы да текті болады деген осы шығар», – дейді Нелли Ивановна.
– Алғаш үйге келгенімде Сәйділ Омарұлы жаныма келіп ата-анам, қайдан шыққанымды, бәрін сұрады. Апам – Дон казағы,
атам – мәскеулік, көзі ашық, оқыған адам, сабақ берген. Соның арқасында әкелерім білім алған. Әкем әскери адам болған соң, көшіп-қонуы көп еді. Негізінен, апамның қолында тұрғанымды, жалғыз бауырымнан басқа әкем де, шешем де жоғын айттым. Шыны керек, оған дейін ондайды ешкім сұрамаған. Көңілім серпіп қалсын деді ме, қызықты әңгіме айтып бергені бар. Үнемі дастарқан басына жиылғанда, «Нелли, мына жерге» отыр деп шақырып, өзіне жақын тартып жүретін. Әкемдей қамқорлық танытты, – дейді ол.
Түрмеде көрген қиындығы мен азапты жылдары туралы айтқанды ұнатпайды екен. Тек өлең оқыған сәттерін ғана әңгімелеп беріпті. Поэзияны ерекше құрметтейтіні сонша, ақындардың өлеңдерін жатқа оқиды екен. Атасының шығармаларын балалары да білсе, таныса деген тілегі бар. Қаламгердің келіні немерелерін, шөберелерін ата шығармасымен тәрбиелеп, өсірсем деген арманын айтады.
Бүгінде жазушының ұрпағы атасының мұрасын түгендеп жүр. «Орнында бар оңалар» деген – осы.
Дайындаған Гүлзина Бектас, Анар Қоныс