Амалсыз цифрландық, сапаны «құрбан» қылдық
Амалсыз цифрландық, сапаны «құрбан» қылдық
244
оқылды
Қазақстан 15 жыл бұрын «Электронды Үкіметті» қол­ға ал­ды, Egov порталы іс­ке қосылды. Оптикалық-тал­шықты желі са­­­лынды. «Ала­тау» ақпараттық тех­но­­­­логиялар пар­кі, Astana Hub халықаралық ІТ-стар­тап технопаркі ашыл­­ды. Цифрлы даму бойынша же­ке министрлік құрыл­ды. «Ци­фрлы Қазақстан» және бас­қа да  қымбат бағ­дарлама, бастама, жобаларға жүз­де­ген миллиард тең­ге жұмсалды. Ақыры «тау толғатып тышқан тудының» ке­рі келді. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет жалпыреспубликалық төтенше жағдай режимі енгізіліп, көшедегі қоз­ғалысқа қатаң шектеу қойылып жатқанда жеке куәліксіз жүруге бол­майды. Осы маңызды шақта мың­даған адам өзін куәландыратын құжатсыз қалуы мүмкін. Олардың бір бөлігі куәлігін жоғалтып немесе ұр­латып алғандар. Көпшілігінде құ­­­жаттың қолданыс мерзімі аяқ­тал­ғ­ан. Бірақ оларға «Электронды Үкі­мет» порталынан еш қайыр жоқ бо­­лып шықты. Ал осы істі абырой­мен атқарып, жұртты құжаттанды­рып келген ХҚКО-лар жабық тұр. Биылғы 23 наурызда Президент Қ.Тоқаев ТЖ енгізілуіне байла­ныс­ты табысынан айырылған аза­мат­тарға 42,5 мың теңге әлеуметтік тө­лем төленетінін жариялады. Өте маңыз­ды әрі ел қызу құптаған бас­та­ма. Енді оның орындалуы ақсап тұр. Қазіргі кез – әр күн бір айға ба­ра-бар қауырт әрі тағдыршешті шақ. Алайда «төтенше» төлемге зәру 3 миллион адамның небәрі 450 мыңға жуығы, яғни шамамен же­­­тіден бір бөлігінен ғана өтініш қа­былданыпты. Қалғаны өтініш жібере алмай әуре. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Асқар Жұмағалиев жаңа әлеу­меттік төлемге арналған, өт­кен аптада уәде етілген Telegram-бот сол бойы өмірге жолдама ал­ма­ға­нын мойындады. 42500.enbek.kz арнайы сайты болса, 2-3 миллион адамның бірдей кіргенін көтере алмай, «есең­гіреп» қала береді. Тіп­ті, келушілерді шек­теу енгізі­ліп­ті: бір рет өтінішін өт­кізе алма­ған адам келесі талабын тек 1 са­ғат­тан кейін ғана қайталауы тиіс. Осы­лай үш күнін жоғалтып, еш нә­­ти­же шы­ғара алмаған адамдар бар. Салыстыру үшін айталық, Statista дерегінше, Google.com-ге әлем­­­де 57 миллионнан астам, Youtube-ке 22 млн, Facеbook-ке – 21 млн адам қатар кіреді. Amazon.com 6 миллионнан астам адамның ұсынысын өңдейді. – Еңбек министрлігі көрсететін әлеуметтік төлем қызметінің рег­ла­менті тек 28 наурызда ғана IT ма­­мандарымызға, байланыс­шы­ла­ры­мызға берілді. Әдетте, мұндай жо­ба ұзақ уақыт әзірленеді, тес­ті­леу­­ден өтеді. Бұған бізде уақыт бол­­мады. Оны жүзеге асыру үшін тү­ні бойы жұмыс істеп, таңертең Egov сервисін қолданысқа бердік. Бір мезгілде порталға кіру саны 15 мил­лионға дейін жетті. Осылайша, штаттық режим бұзылды. Ха­лық­тың сынына ұшырады. Проб­ле­ма­ны шешу үшін сыртқы арналарды ағытып тастадық. Хакерлік ша­буыл­­дар да тойтарылды. Нә­ти­жесінде, 2 күн ішінде 11 мыңдай адамға қыз­мет көрсетілді. Бұл Мемлекет бас­шысының аталған жәр­де­ма­қыны жылдамырақ үлестіру тап­сырмасын орындау үшін жет­кілік­сіз еді, – дейді А.Жұмағалиев. Портал мен арнайы сайтқа жүк­темені азайту үшін ведомство Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігіне қайырылып, рег­ламентті өзгертіп, ЭЦҚ туралы та­лапты жоюды, ақпараттық жүйе­лер­де жұмыссыз ретінде тіркел­ген­дерге, кәсіпкерлерге проактивті қыз­мет көрсетуді сұрапты. Сөйтіп, 76 мың адам «төтенше» төлем та­ғайындалғаны туралы SMS хабар­ла­ма алды. Тағы 238 мың адамға банк­тегі есепшот нөмірін (IBAN) жі­беру туралы сұрау түскен. Олар­дан өтініш талап етілмейді. Еңбек министрлігі өзінің 42500.enbek.kz сайтын жасауды жә­не ұстап тұруды жеке ком­па­ния­лар­ға беріпті. Олар пайда­лану­шы­ларға шек-лимит орнатқан. «Ре­сурс деген шексіз емес қой. Біз олар­­­ға қолдау көрсетеміз», – дейді Асқар Жұмағалиев.  

Сағым қуғанның сағы сынады

Коронавирус пен төтенше жағ­дай цифрландырушылардың 15 жыл бойы түзген жүйесінің осал еке­нін әшкереледі. Цифрлануда же­тістік­ке жетті деген білім беру жүйесі сын сағаты соққанда небәрі 3,4 млн оқушыға қызмет көрсетуге дәр­­­­менсіз екенін байқатты. Білім жә­­не ғылым министрі Асхат Ай­ма­ғам­­бетов 1 сәуірде сынақ сабағын өт­­кізгенде жүйеге 1 млн бала қо­сыл­ғанын, Интернет арқылы 2,4 млн бала қарағанын жеткізді. «Үлкен олқылықтар бары бел­гі­лі болды. Жеңілдету үшін әртүрлі мес­сенджерлерді, басқа ресурс­тар­ды пайдалануға талпынып көрдік. Алайда көптеген ата-ана, тіпті мек­­тептер де жүйеге қосыла ал­май­­­тынына көз жеткіздік. Бай­ла­ныс үнемі үзіліп қалып отырды. Елі­­міздегі интернет осынша кө­лем­­дегі баланы онлайн оқытуға қа­­білетсіз! Осыған байланысты біз­­де оқытуды онлайн өткізуге бол­­майды деген шешім қабыл­да­дық», – деді А.Аймағамбетов. Енді пандемия өршіген тұста білім жүйе­сі ескі жүйеге оралуға мәжбүр. 1 000-нан аса мектеп қайта ашы­ла­ды, шамамен 60 мың оқушы пар­таға отырады. Ата-аналардан ма­за кетті.    width= «Әлемді, елімізді дүрліктіріп жат­қан COVID-19 кезінде мектеп­тер­дің дәстүрлі білім беруге көш­ке­ніне алаңдаулымыз. Балалары­мыз­ды сыртқа шығармай, үйде ұс­тап отыр едік. Отбасымызды қауіп­ке қал­дырғымыз келмейді. Өйт­кені ауыл мен қаланың байланысы өте ты­ғыз, қарқынды. Ауылдар қауіп­сіз емес, вирус келмесіне ешкім ке­пілдік бермейді. Ең құрығанда осы 4-тоқсанда қашықтан оқы­тылуы керек», – дейді сол оқушы­лар­дың бірінің ата-анасы Мұхтар Әжиев министрге жазған хатында. Сонда білім беру саласындағы шет­сіз-шексіз реформалардың, оқы­ту жүйесін заманға сай же­тіл­діруге шығындалған триллион қар­жының қайтарымы, нәтижесі қай­да? Министр оқушылардың те­ле­арнадан сабақ тыңдап, «Қазпошта» және америкалық WhatsApp мес­сенд­жері арқылы мұғалімінен тап­сыр­ма алатынын айтады. Жылдар бойы ақша жұмсалған, министр­лер­дің өздері мақтан тұтқан элек­трон­ды кітапханалар, е-универ­ситет­тер, электронды оқыту плат­формалары, электронды оқулық­тар туралы бір сөз жоқ, ауызға алу­ға өздері ұялатын сияқты. БҒМ үне­мі дәріптеген «Күнделік» баға қою­дан басқаға жарамсыздау. –Білім және ғылым минис­тр­лі­гі тиісті жүйеге – Kundelik-ке ие. Әйткенмен, Kundelik опцияларын әлі де болса өрістету керек. Әйт­пе­се, ол кең тұрғыда қашықтан оқы­ту­ды ұсынуға келмейді, – деді Ас­қар Жұмағалиев. БҒМ 2011-2015 жылдары қолға ал­ған E-learning электронды оқыту жүйесіне де  қыруар қаржы, 35 мил­лиард теңге жұмсалды. Ақыр соңын­да 2018 жылы Есеп комитеті оны тиімсіз деп танып, жоба жұ­мы­сын тоқтатты. Министрлік бұл жүйе­мен 1 мың 159 мектепті, яғни сол тұстағы 8,5 мың орта білім беру ордасының 14%-ын қамтыды. Әйтсе де, кең жолақты интернетке қосылмағандықтан, бұл жүйенің жұмыс істемейтіні, тіпті ресми қа­былдап алынбағаны анықталды. Есеп комитеті 2013 жылдан бері E-learning үшін сатып алынған, жал­пы құны 10,7 миллиард теңге тұра­тын жабдықтарға түгендеу жұ­мыстары жүргізілмейтінін ха­бар­лады, олардың қайда екені, жарам­ды-жарамсыздығы белгісіз. Сарапшылар БҒМ-де тағдыры соған ұқсас тағы 5 ақпараттық жүйе­­ні тапты: әзірлеуге мемлекет ең кемі 563 млн теңге шығындаған бес жүйенің ешқайсысы іске қо­сыл­мапты. Олардың арасында Жо­ғары білімді басқарудың бірың­ғай жүйесі (ЖБББЖ), Ұлттық білім беру деректер базасы (ҰБДБ) және басқасы бар. Халықтың қан­шама ақшасы желге ұшты, құмға сің­ген судай ысырап болды, са­ғым­ға айналды...  

Ең қауіпті індет – көзбояушылық

Қазақстанда 2013 жылы «Ақпа­рат­тық Қазақстан» мембағдар­ла­ма­сы бекітілді. Ел Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы қау­лы­сы­мен оның орнын «Цифрлы Қа­зақ­­стан» (ЦҚ) атты қолданыстағы мем­лекеттік бағдарлама басты. Оны 2018-2022 жылдары жүзеге асы­руға бюджеттен 108 миллиард 683,1 миллион теңге жұмсау қарас­ты­рылды. Цифрлық даму министрі А.Жұмағалиевтің мәліметінше, ал­ғашқы екі жылда ғана республи­ка­лық бюджеттен ЦҚ-ға 35 млрд тең­ге бағытталды. Өзге көздерден құйыл­ған инвестиция триллионға жуық­таған. Бұл жүйенің мына ала­сапыран шақта ел мен экономикаға пайдасы көзге түсер емес. Министрліктің мәліметінше, мек­тептердің 93%-ы интернет же­лі­сіне қосылған. Алайда олардың көбінде интернет дистанциялы ре­жимде оқытуға жарамайтыны бай­қалуда. Ведомство 117 қаланың жә­не 3 мың 324 ауылдың кең жо­лақты ғаламторға қол жеткізгенін жа­риялады. Ұлттық экономика ми­нистрлігінің дерегінше, Қазақ­стан­да 6,5 мың ауыл мен ауылдық ок­руг бар. Осыдан-ақ қанша ауыл ақ­параттық технологиялар ғасы­ры­ның игілігінен тыс қалғанын есеп­теуге болады. «Қазақтелеком» 2022 жылға дейін барлығы 5 089 ауылдық елді ме­кенді интернетке қоспақ ниетте. Бұл ретте оған тек перспективті ауыл­дар ғана ілігеді. Оның өзінде қар­қын төмен: ЦҚ қолға алынған 2 жыл ішінде әртүрлі технология­лар­­мен, нақтылай кетсек, оптика­лық-талшықты желі, 3G және 4G кө­мегімен небәрі 481 ауыл ғана ин­тернетпен қамтылыпты. Рас, ауыл­дықтар 4G дегенінің жыл­дам­ды­ғы, шын мәнінде 2G ғана еке­ніне шағымданып жүр. Сенбеске лаж жоқ, себебі тіпті астаналықтар 4G деп мәлімделген мобильді ин­тер­нет арқылы кино көрмек түгілі, қа­рапайым сайттарды жүктей ал­май әлек. Үкімет биылғы 4 ақ­пан­да­ғы отырысында 2020-2022 жыл­дары Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте 5G инфрақұрылымын тұр­ғызу жоспарланғанын мәлім­де­ді. Қазіргі күрделі жағдайға бай­ла­нысты ол жоспар адыра қалғанға ұқ­сайды. «Мен елорда маңында, «Лесная полянада» тұрамын. Үйде опти­ка­лық-талшықты кабель қолданысқа берілмеген. «Қазақтелеком» жауап беруден жалтарады. Қаншама рет ша­ғым айттым. Амалсыз Altel-дің 35 мың теңгелік роутерін алып, 9 мың теңгенің ай сайынғы тарифін қос­қыздым. Мұнысы халықты то­нау. Өйткені өз құнын ақтамайды, 500 мегабит/секунд жылдамдығы бо­лады деген, онысы 1 мегабиттен ас­пайды. Мен де, көршілерім де үй­­деміз, көбіміз онлайн жұмыс іс­тей аламыз. Интернетсіз ол да жоқ» деп қамығады Бауыржан Бо­латұлы. Өңірде жағдай бұдан нашар. Қас­келең қаласының тұрғыны, пе­дагог Жәмила Асанова ақпа­рат­тық дәуір көшінен тыс қалғанына қапалы. «Екі баланың анасымын. Біз, кө­ше тұрғындары 2 жыл бұрын «Қа­зақтелеком» қалалық фи­лиа­лы­на өтініш бердік. Еш нәтиже бол­май тұр. Карантин жағдайында ба­лаларымызды үйде қашықтан оқы­тайын, педагог ретінде онлайн жұ­мыс істейін десем, мүмкіндік жоқ», – деді ол. Айтқандай, ұлттық телеком­му­ни­кациялық алпауыттың көзбояу тірлігінің беті ашылды. 3,3 мың ауыл интернетпен қамтылды деге­ні сондағы тұрғындарға интернет келді дегенді білдірмейді екен. «Ғаламторға мектеп, меморгандар­ды қосса, сонымен іс бітті деп са­на­лады», – дейді тұрғындар. Алма­ты облысының Исаево ауылының тұрғыны Альбина ауылға ғаламтор келе жатыр дегенді естіп алғашын­да қуаныпты: «Қазақтеле­ком бай­ланыс желісін төсеуде. Барып сұ­ра­­дық, олар мектепті ғана қоса­ты­нын, басқада шаруасы жоғын айт­ты», – дейді ол. Жалпы, пандемия, ТЖ және ка­рантин кесірінен «цифрға» күні қа­раған жұрт бұл жүйеде көз­бояу­шы­лықтың көп екеніне көз жет­кіз­ді. Эльмира Құламергенқызы ХҚКО-лар жабылғасын, декреттік де­малысын рәсімдей алмай қалға­нын жеткізді. «Электронды Үкі­мет» бұл қызметті электронды алу­ға мүмкіндік бермейді екен: «Бо­санатын уақытым жақындады, одан кейін құжаттарды не себепті дер кезінде тапсырмағанымды тү­сін­діріп, сәбиіммен кеңселерді ара­лап жүре алмаймын ғой. Мұн­дай проблемаға жалғыз мен емес, бас­қа да аналар кезігіп отыр», – дей­ді ол. Министр Асқар Жұмағалиев бү­гінде тек асыраушысынан және жұмыстан айырылғандар ғана электронды өтініш бере алатынын рас­тады: «Еңбек министрлігіндегі әріп­тестеріміз бала 1 жасқа толған­ға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылуға қатысты қыз­меттерді автоматтандыру мәсе­л­есін пысықтап болды. Жуық ара­да оны бірлесе жүзеге асыруды жос­парлап отырмыз», – деді ми­нистр. Қостанай қаласының тұрғыны Жанар Мамратова екі күннен бері өз ұлын Алматыдағы пәтеріне  тір­кей алмай жүргеніне шағымданады: «Пә­тер менің атымда. Egov арқылы ұлым­ды тіркеуге қанша тырыстық. Бә­рімізде ЭЦҚ бар, портал ата-ана­сының қатар растауын талап ете­ді. Біз соны растай алмай әуре бол­дық, барлығы дұрыс келе жа­та­ды да, ата-ананың біреуінің рас­тауы өтеді, екіншісі өтпейді». Қалай болғанда, пандемия жә­не карантин цифрландыру саласы үшін үлкен емтиханға айналды. Жарға жықты деу әбестік болар, әйт­се де жауапты құрылымдар әзір­­ге сынақтан сүрініп жатыр. Жұртшылық жылдар бойғы жұ­мыс­тың, жұмсалған миллиардтар­дың өтемін көргісі келеді. Бұл істе бұрынғыдай жауырды жаба тоқу­ды, арқаны кеңге салып жүру­ді  тө­тенше жағдай көтермейді.  

 width=     Айхан ШӘРІП