Жақында Алматы облысы Талғар ауданы әкімдігінің бірнеше қызметкері ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, ал осы өңірдегі Панфилов ауылының экс-әкімі жемқорлыққа салынды деген күдікке ілінді. Шенеуніктер заңға қайшы шешім шығарып, су қорғау аймағында орналасқан жер телімдеріне жалған акті жасаған. «Жең ұшынан жалғасқан талан-таражға неге дер кезінде тосқауыл қойылмаған, құқық қорғау органдары қайда қараған?» деген заңды сауал туады осындайда.
Жалпы, халықты сүліктей сорып, миллиардтаған қаржыны қалтаға басқан мемлекеттік қызметкерлердің былық-шылығы мұнымен шектелмейді. Күні кеше Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысына қатысты. Оның айтуынша, бүгінге дейін құқықбұзушылықтарға жол бергені үшін партияның 196 мүшесі, оның ішінде Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облысы әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен аудан әкімдіктерінің басшылары партиялық жауапқа тартылған. 2019 жылдың екінші жартысында 96 партия мүшесі сыбайлас жемқорлықпен айыпталып, партиядан қуылған. «Партия атына кір келтіретін бармақ басты, көз қысты әдеттен арылу үшін Nur Otan партиясы партияішілік праймериз өткізу керек» деп санайды Бауыржан Байбек.
Шенеуніктер құрған ұйымдасқан қылмыстық топ дегенде ең алдымен атышулы «Қорғас» ісі ойға оралады. Әлі есімізде, кінәлілерге қылмыстық топ құрды, контрабандамен айналысты деген айып тағылды. Құрамы 100 адамға жеткен қаскөйлер жүздеген млн долларлық дүние-мүлікті заңсыз өткізген. Сондай-ақ тінту кезінде 1,5 млрд теңгенің контрабандалық жүгі тиелген 32 көлік табылған. Кеден бекетін майшелпекке айналдырған қылмыскерлерге қамқорлық жасаған шенеуніктер де қамалды.
«Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, Шымкентте Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері қылмыстық топқа басшылық еткен. Ашкөз шенеунік «Павлодар – Шымкент» мұнай құбырынан тұрақты түрде шикізат ұрлаған. Оның үстінен «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», «Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану» баптары бойынша іс қозғалды.
Кезінде Қарағанды қаласында «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі қирап қалған №7 үйді қабылдап алған комиссия мүшелері де сотталды. Бұл 5 қабатты үй үлескерлердің ақшасына салынып, 2009 жылы пайдалануға берілген еді. Басы дауға шатылған экс-шенеуніктердің өзі «Бесоба» құрылысын жүргізуде жүйелі түрде ұйымдасқан қылмыстық топ жұмыс жүргізді деп мәлімдеген.
Биыл 1 қаңтардан бастап мал ұрлығы ауыр қылмыс түріне ауыстырылды. Өйткені елде мал ұрлау қылмыстарының жартысына жуығы ашылмайды. Мал иелері ұрыны ұстауға қауқарсыз деп полицияны сынайды. Полиция малды қараусыз қалдырады деп тұрғындарды сөгеді. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың пікірінше, шенеуніктер мен құқық қорғау органдарының өкілдері мал ұрлығына өздері болысып, қылмыстың өршуіне жағдай жасайды, ұрланған малды төлетіп, істі жылы жаба қояды екен. Сондықтан жаңа заңның қабылдануы қылмыстың бұл түрін азайтатыны анық.
Ойды ой қозғайды. Ертеректе Ресейдегі «Политические исследования» журналында «Диктатура троечников» деген мақала жарияланған. Мақалада Ресейдің облыстық, өлкелік, республикалық деңгейдегі басшыларының мектепте және жоғары оқу орындарында қандай баға алғаны, қалай оқығаны зерттеліп, билікке негізінен интеллектуал мамандар емес, орташалар, яғни «троечниктер» келетіні жазылған. Сонда автор «орыс халқының тағдыры орташалардың қолында» деп дабыл қақты. Біздің де шенеуніктердің де олардан қара үзіп кеткені шамалы. Кейінгі кездегі тестілеу нәтижесі – сөзімізге айқын дәлел.
Тестілеу демекші, қайбір жылы Шымкенттің әл-Фараби аудандық соты 19 адамға үкім кесті. Не себепті дейсіз бе? Ондай себеп Қазақстан тарихында ешқашан болмаған. Айыпталған 19 азамат ұрлық қылмаған, кісі өлтірмеген, тіпті қазына қаржысын жымқырмаған. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, мемлекеттік қызметке үміткерлердің орнына тест тапсырған. Яғни, жалған құжат арқылы өздерін басқа адам деп таныстырған. Қылмыстық топтың көмегіне жүгінгендер «сынақтан сүрінбей өтіп», мемлекеттік қызметке жақсылап жайғасқан. Бұл «еңбегіне» қылмыскерлер 2-3 мың доллар алған. Тергеу барысында олардың 148 шенеунікке көмектескені әшкереленді.
Ең қызығы, қылмыстық топ мүшелері 6-7 жылға сотталса, солардың «арқасында» мемлекеттік қызметке орналасқан шенеуніктер тек жұмыстан босатылыпты. Иә, Қазақстанда бірдей қылмыс жасаған шенеунік пен қарапайым азамат екі түрлі жазаға тартылады. Түрлі қылмыспен істі болып, соңыра мерзімінен бұрын босап шыққан шенеуніктер аз емес. Заң – қоғамның іргетасы. Баяғыда Аристотель «Заң кез келген моральдан жоғары тұрады» деген екен. Ендеше біз неге алалаймыз?
Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпаратына сүйенсек, 2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында республиканың құқық қорғау органдары 65 597 қылмыскерді анықтапты. Оның 12 пайызы – әйелдер, 2,9 пайызы – кәмелетке толмағандар, 1,6 пайызы – шенеуніктер, 39,9% пайызы бұрын қылмыс жасаған тұлғалар. Әрине, бір қарағанда 1,6 пайыз шенеунік дегеніміз теңіздің тамшысындай сияқты. Бірақ сол 1,6 пайыздың кесірінен халықтың билікке деген сеніміне селкеу түсетінін ескерсек, мәселенің мәні ашылады. Шенеуніктердің осындай жүгенсіз жемқорлығы, дискриминациясы, өзінен әлсіздерге қысым жасауы әлеуметтік қарама-қайшылыққа әкеп соғады. Сондықтан лауазым иелері өздерінің табыс декларациясын ашық жарияласа, қатаң сұрыптаудан «көкелердің» көмегінсіз өтсе, жағдай біршама жақсарар еді.
Кезінде мемлекеттік қызметте 30 жыл қызмет етіп, 8 жылға сотталған азамат жас шенеуніктерді қылмыс жасамауға шақырып, үндеу жолдапты. Осы әңгімені соның сөзімен аяқтасақ.
«Мемлекеттік қызметте 30 жыл лауазымды қызметкер және адвокат болдым. Кейін «бопсалау» ісі бойынша 8 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Оның 3 жылын өтедім. Сіздер әдепке бағыныңыздар! Адал қызмет етіңіздер! Сіздер сыбайлас жемқорлыққа барған жоқсыздар, түрмеде отырған жоқсыздар. Ұмытпаңыздар: сіздер жеңіл ақшамен өз отбасыңызды бір-ақ сәтте жаманатты ете аласыздар. Өзіңіздің және жақындарыңыздың мансабына оп-оңай нүкте қоясыздар».
Еркебұлан НҰРЕКЕШ