Тараз қақпасы тарс жабылды
Тараз қақпасы тарс жабылды
255
оқылды
Коронавирус індетіне байланысты Тараз қаласының қақпасы да тарс жабылды. 7 сәуір күні сағат 00.00-ден кү­шіне енген карантин жүйесі бірқатар сақтық шарасын қатаң­датқан. Атап айтсақ, енді көне шаһар шеңберінен еркін қа­тынап тұруға және қаладан шығып-кіруге тыйым салынады. Бұл жайында Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев мәлім етті. – Жамбыл облысындағы соң­ғы жағдайға байланысты Тараз қаласын карантинге жабу туралы шешім қабылданды. Ол үшін жедел штаб құрылып, ар­найы байланыс телефоны іске қосылды. Карантин кезінде меди­циналық, азық-түлік тасымал­дай­тын, құқық саласы мен тө­тенше жағдай машиналары және көктемгі дала жұмыстарына жұ­мыл­дырылған көліктерден бас­қа­сына қалаға кіріп-шығуға тыйым салынады. Қоғамдық көліктер таңғы сағат 07.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін қатынайды. Жұмыс орнына баратын адамдардың қол­дарында арнайы анықтама қа­ғазы болуы қажет. Отбасы мүшелерін қоспағанда қала көлемінде 3 адамдан артық жиналуға тыйым салынады. Кә­мелеттік жасқа толмаған бала­лар­дың есік алдындағы ойын алаңы­на шығуына рұқсат жоқ. Қаладағы мейрамханалар мен кафелер таңғы сағат 10.00-ден кешкі сағат 22.00-ге дейін та­мақты тапсырыспен жеткізу қыз­метін ұсына алады. Саябақ пен скверге де ха­лыққа шығуға болмайды. Алайда банк бөлімшелері, ломбард, Қазпошта, қонақүй және көлік дөңгелегін ауыстыратын бокстар жұмысын жалғастыра береді. Осы шектеулер мен тыйым­дарды бақылау үшін қалада 7 блок-бекет ұйымдастырылды. Карантин режимін сақтамағандар қатаң жауапкершілікке тарты­ла­тынын ескертеміз. Қала тұрғындары мен қо­нақ­тарын карантин кезінде са­быр­­лылық сақтап, барынша үйден шық­пауға шақырамын, – деді шаһар басшысы Айтқазы Дәулетқұлұлы. Осылайша, карантин жүйесі күшейтіліп, жергілікті билік қа­таң тыйым салу шарасына көшті. Бұған өткен аптада өңір­де коронавирус індетін жұқ­тыр­ғандар саны 28-ге бір-ақ өс­кені себеп болған. Естеріңізге сала кет­сек, Жамбыл облысы бір түн­де коро­навирус індетін жұқтыр­ғандар саны бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда облысын қоспағанда барлық өңірді артқа қалдырып, жексенбі күні 17 дерек бірдей тіркелген болатын.    width= Ресми ақпарат бойынша, төрт науқас «Дели – Тараз» ба­ғытымен ұшып келген ұшақ жолаушыларынан анықталған еді. Сонымен қатар Қордай ауда­нында үш оқиға тіркелді. 1975 және 1982 жылы туған тұрғындар бұған дейін Нұр-Сұлтан қала­сынан келіп, індет табылған нау­қаспен байланыста болғандар. Ал 1999 жылы туған бір азамат 23 нау­рыз күні «Қостанай –Алматы» пойызы арқылы Қостанай қала­сынан келген. Жалпы, Қордай ауданынан алғашқы инфекция тіркелгеннен кейін шекарада бақылау кү­шейтіліп, күдік туғызған азамат­тар стационарлық карантинге алына бастаған-ды. Міне, осы оқшаулауда жатқан 10 азамат­тан індет табылып отыр. Оның алтауы – ел азаматы болса, төр­т­еуі – Қырғыз мемлекетінің тұр­ғын­дары. Аталған 17 дерек бойын­ша қазір науқастар емдеу меке­ме­леріне жатқызылып, ем-дом қа­был­дауда. Жағдайлары қалыпты деп бағалануда. Негізі өткен жұма күні түн­гі сағат 22.30-да «Әулие ата» ха­лықаралық әуежайына Үндіс­таннан келген ұшаққа қатысты қазір көп әңгіме айтылуда. Ұшақ бортында болған 106 адам­ның 91-і – қазақстандық бол­са, 15-і – қырғыз азаматтары. Жо­­лау­шылар сол түні арнайы жаб­­дықталған медицина көлік­тері мен мамандардың көме­гі­мен оқшауланып, ал 15 қыр­­­ғызс­тан­дық шекарадан шыға­рыл­са да, халық 4 науқастың сол борт­тан табыл­ғанына үрейленіп қал­ды. Біреулер «Бізге үйде отырың­дар деп алып, өздері ауру­ларды сырт­тан кіргізіп жатыр. Сонда ка­рантин жағ­дайындамыз деген­дері қай­да?» деп ішкі назын біл­дірсе, енді екін­шілер «Үндістан мемлекетінде жақындарың қалып кетсе қайтер едіңдер? Сондықтан бұған түсіністікпен қарау керек» деп сабырға шақырды. Үшінші бір топ «Үкімет шетелге шықпаңдар деп ескертті. Сыртта жүргендерге елге оралуға уақыт та берді. Енді осы кезге дейін Үндістанда не істеп жүр олар? Сана жоқ екен адамдарда» деп шетелде жүр­ген отандастарымыздың бейқам­дығын сынады. Бұдан бөлек, «15 қырғыз аза­маты неге Таразға ұшып келеді? Оларды біз күтіп алып, неге ел­ден шығарып салуымыз керек? Өздерінің елдерінде ұшақ пен әуежай құрып қалып па?» деп ашу-ызаға булыққандар болды. Әрине, айыр қалпақты ағайынмен «ауылымыз аралас, қойымыз қоралас» жатқандықтан, әрі ертеден алыс-берісіміз жақсы болғандықтан билік дайын ұшақпен азаматтарын жеткізіп берейін деген шығар. Десе де, сол борттан түскен 4 азаматтан COVID-19 инфекциясы табылып отыр. «Енді қалған 87-і сау болса екен» деп қазір тараздықтар өз қауіпсіздігін ойлауда. Соңғы аптада өңірде індет жұқтырғандар санының артуы Қордай ауданының қақпасына да қара құлып таңды. Енді ондағы ағайын да еркін қатынап жүре алмайды. Өзге өңірден бөлек, аудан арасында да байланыс үзілді. Жақын маңдағы елді мекендегі халық бір-біріне кіріп-шыға алмайды. Такси мен қоғамдық көлік қызметі толық тоқтатылған. Ауыл тұрғындарының еркін жүріп-тұруына шектеу қойылып ғана қоймай, көршісіне қо­наққа баруға рұқсат жоқ. Ең бастысы, Қордай шекара бекеті күшейтілген режимге көшіп, шекараны шынжырлап отыр. Әрине, мұндай сақтық шара­лары тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқаны түсі­нікті. Оған қоса, COVID-19 инфек­циясының Жамбылда алғаш­қы дерегі тіркелгеннен бастап, жергілікті билік індеттің сырттан келгенін айтып дабыл қағуда. Басшылар «ештен кеш жақсы» деп, сөзден іске көшкені қуантады. Бұдан нақты нәтиже шығады деген үміт басым.    width=   Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы