Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағасы белгіленді. Карантин кезінде бағаны көтергендер жауапқа тартылып, оларға 265 100 теңгеден 530 200 теңгеге дейін айыппұл түрінде жаза белгіленеді. «Бізде 64 түрлі азық-түлік өнімдері бар, оның 19-ы әлеуметтік маңызы бар тағам түрлеріне жатады. Соның ішіндегі 9 түрлі азық-түлік өніміне шекті бағалар қойылып отыр. Атап айтар болсам, бірінші сортты бидай ұны – 211 тг/кг, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді) – 80 теңгеге дейін, рожки (өлшеніп салынатын) – 209 тг/кг, қарақұмық жармасы – 339 тг/кг, күріш – 310 тг/кг, сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі) – 2169 тг/кг, тауық жұмыртқасы (I санатты) – 367 тг/10 данасы, күнбағыс майы – 434 тг/литр және ас тұзына – 59 теңге деп баға қойылған. Бұл Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрліктерінің еліміздегі төтенше жағдай кезінде «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағасын енгізу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қоюы арқылы жүзеге асырылып отыр» деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин. Алматы қаласының аудандық әкімдіктерінде күн сайын сауда нүктелерін аралап шығатын комиссиялар мен мобильдік топтар құрылған. Олар ірі сауда нысандарын аралап, шекті баға белгіленген 9 өнім бойынша бағаның тұрақты болуына ескерту жасады. Егер бағаның негізсіз өскенін байқап, қандай да бір тәртіп бұзушылық анықталса, мобильді топ баянат жазып, фото және бейне-есеп жасайды. Содан кейін бұл материалдар комиссияның қарауына жіберіледі. Заң бұзушылық орын алса екі түрлі бағытта жазалануы мүмкін, біріншісі, 100 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл төлейді, екіншісі, бұл берешекті бір апта және жазбаша келісім ішінде өтеген жағдайда айыппұлды 50 АЕК-ке дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Әйтпесе, қаулы сотқа жіберіледі. «Алматы қаласы бойынша барлық 9 атау бойынша ірі базардан бастап үйдің жанындағы дүкендерге дейін сатушыларға жоғарыда көрсетілген тарифтерден бағаны асыруға рұқсат берілмейді. Себебі, қаламыздағы барлық дүкендерде азық-түлік жеткілікті мөлшерде. Азық-түлікке деген тапшылық жоқ» деді Еркебұлан Оразалин. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті бағалары карантин кезеңінде енгізіліп отыр.