Мұрат БАЙТҮГЕЛҰЛЫ, Қазақ мал шаруашылығы және азық өндірісі ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері:
– Мал шаруашылығының дамуы жоғары сапалы азық өндіру жүйесіне тікелей байланысты. Ал елімізде өндірілетін мал азығы төрт түліктің қыстан қысылмай шығуына жете ме?– Осыдан бірнеше жыл бұрын шаруашылықтардағы азық қоры 75-80 пайызды құрайтын. Қазіргі кезде азық қоры төмендеді, бұл малдан мол өнім алуға кері әсерін тигізіп отыр. Өйткені ұсақ жеке шаруашылықтар, әсіресе, солтүстік пен шығыс өңірлерде малдың қоректік азығынан бұрын оның басын сақтап қалуды қарастырады. Ал ірі шаруашылықтар малды азықтандыру рационымен қамтамасыз етуге қауқарлы. Олардың пішен, жүгері сүрлемі (силос), пішендеме (сенаж), түрлі дәнді азықтар және азық қоспаларын толығымен даярлауға да, сатып алуға да мүмкіндігі жетеді. Ал малмен жан бағып отырған шаруа қожалықтар пішен, сабан және дәнді құнарлы азықтардың 1-2 түрін ғана малына беруге шамасы келеді. Мұндай азықпен қоректенген малдың жем-шөбінде протеин, қант, крахмал, минералды элементтер мен дәрумендер жетіспейтіні белгілі. Ал ондай малдан алынатын өнім төмен, сапасы талапқа сәйкес келмейді.
– Ендеше, мал азығы қорын дұрыс ұйымдастыру қажет қой, бұл ретте қандай іс шара қолға алынып жатыр?
– Жем-шөп қоры оның құрамындағы мал азығының мөлшерімен, оның сапалық көрсеткіштерімен бағаланады. Ондай сапалық көрсеткішке азықтың химиялық құрамы, энергиялық, құрылымдық қоректілігі мен биологиялық әсерлігі, яғни құнарлығы жатады. Оларды жете зерттеп, азық құнарын физиологиялық, биохимиялық және гигиеналық тұрғыдан бағалау қажет. Бағалауда жем-шөп сапасы мен қоректілігіне ықпал ететін дайындаудағы ферментативтік және биохимиялық үдеріс өзгерістерін есепке алу керек. Бұл үдерістердің өрістеуі, көп жағдайға, дайындауға шабылған өсімдіктердің өсіп-жетілу кезеңіне, дайындау мен сақтау әдісіне тәуелді. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінде мал азығының алғашқы көрсеткіші саналатын химиялық құрамын зоотехникалық зерттеу жобасымен ғана анықтаумен шектелмей, оны сақтау барысында орын алатын ферменттеу мен ашыту өнімдерін де анықтап, олардың мал түлігінің ас қорытуына ықпалын ескеру қажет.
Жем-шөп қорын молайтуды ұйымдастыру үшін ірі қара малға азықты дұрыс ұйымдастырып, 100 пайызға көлемін арттыру қажет. Ерекше көңіл аударатын мәселе – бұршақтұқымдас дақылдарына арналған егістік алқапты кеңейту керек. Өйткені бұл дақылдар құрамында протеин мөлшері көп болғандықтан, сүрлем, пішендеме, жоғары сапалы пішен дайындауға мүмкіндік береді. Табиғи егістік алқаптарда шабылған пішенді бос күйінде кептіріп дайындау технологиясы кең таралған. Бірақ бұл ұтымды технология емес, өйткені мұндай кептіру үрдісінде қоректік заттардың азаюы 30-40 пайызды құрайды. Бұл кезде пішеннің қуат мөлшері және азық сапасы күрт төмендейді. Сондықтан престелген тең немесе рулонды шөп құрамындағы қоректік заттар жақсы сақталады. Жем-шөптің сапасы мен жақсы сақталуын арттырудың кеңінен таралған тиімді және сенімді әдісі – химиялық препараттармен консервілеу және сақтау технологиясын қолдану. Таратып айтсам, сүрлемді консерванттау, пішендемені бұршақтұқымдас дақылдарынан даярлау, пішенді қарқынды желдету.
– Жем-шөп өндірісін дамытуда қандай өзекті мәселе бар?
– Республикамызда табиғи жайылымдардың көлемі мол болғанымен, түсімі төмен және жыл маусымына қарай шығымы құбылып отырады. Сондай-ақ шөлді аймақтың жазықты болып келетіні және топырак құрылымының тозуы, құмақ және құмшауыт топырақты алқаптардың басымдығы, күшті өкпек желдің толассыз соғуы, климаттың өзгеруіне байланысты қуаңшылықтың белең алып жатқаны белгілі. Жайылымды игеру барысында бұл маңызды мәселелер ескерілмейді, оларды жүйесіз қолдану етек алды, азық түрінде сақтау мен пайдалану арасындағы теңестірілген қатынас сақталмады, соның салдарынан онсыз да экологиясы күрделі шөл жайылымдар тозып, мал қорек алатын өсімдік байлығы сирей бастады. Сайып келгенде, мұның бәрі мал шаруашылығының дамуына кері әсер етіп, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің тұрмыс-тіршілігінің нашарлауына, қоршаған ортаның экологиялық дағдарысқа ұшырауына әкеп соқтырып отыр. Сондықтан жайылымның азып-тозуын тоқтату, шұрайын көтеру, нарықтық жағдайда қалыптасып келе жатқан түрлі меншік субъектілерінің жайылымдық мал шаруашылығының дамуын тұрақтандыру бүгіннің өзекті мәселесі дер едім.
Мал азығына физиологиялық тұрғыдан мал қорегіне жарамды, денсаулығы мен өнімділігіне зиянсыз, тіршілігіне қажетті қоректік және биологиялық әсерлі заттарды жеткізетін өнімдер жатады. Оларды мал түлігі сүйсініп жейтін, ас қорытуына жұғымды, қоректік заттарының қорытылуы мен сіңіріліп, игерілу дәрежесі жоғары болуы керек. Мал азығының жұғымдылығы оның химиялық құрамына, азыққа дайындалу мерзімі мен технологиясына, сақталу жағдайына, өндеуден өткізу әдісі мен тәсілдеріне, жегізу көлемі мен тәртібіне, басқа да факторларға тәуелді өзгереді. Өсімдік түрі, өсу кезеңі (вегетация фазасы), ауа райының жағдайы, жинау мен сақтау агротехникасы, басқа да көптеген факторларға байланысты өзгеретін мал азығының нақты химиялық құрамын анықтау үшін орташа үлгісін алып, зертханаларда талдайды. Республикамыздың әр аймағында өсіп-өнетін жем-шөптің химиялық құрамы қоректік заттарға тапшы немесе шамадан тыс болып келеді. Сондықтан да қазіргі кезде малдан алынатын өнімді арттырып, сапасын жоғарылату, төлдерді аман алып қалу мақсатында табиғи сүтті алмастырушы қоспа, құрама жем, минералды премикс, азықтық ашытқылар мен азықтық қоспалар малға құрылатын азықтандыру рационына енгізіледі.
– Жоғарыда ірі мал шаруашылықтары мал азығын қамдауға қауқарлы екенін айттыңыз, ал жеке шаруашылықтардың қорасындағы малдың жағдайы не болмақ?
– Мал азығының құрамы мен қоректілігі дайындау технологиясы мен сақтау жағдайына байланысты да біршама өзгереді. Мәселен, шабылған өсімдік клеткасында өрістейтін биохимиялық және микробиологиялық үдерістер өсімдік қоректік заттарын, бір жағынан, ыдыратса, екінші жағынан, сол өзгерістер барысында пайда болатын жаңа қосындылармен байытады.
Ал ірі шаруашылықтарда мамандар малға толыққанды азықтандыру рационын құру үшін заманауи азық қоспаларын қолданып, рацион құндылығын көтеріп, малдың қоректік заттарға мұқтаждығын қанағаттандырады. Бірақ қазіргі кезде мал басының басым бөлігі кішігірім жеке шаруашылықтарда өсірілетіндіктен, малды дұрыс азықтандырып, азықтандыру нәтижесін күнделікті бақылап, шаруашылық жем-шөп қорын үнемді жұмсап, мол өнім алу үшін құрама жем, минералды премикс секілді азық қоспаларын сатып алуға қауқарсыз. Сондықтан да мемлекет тарапынан азық және азық қоспаларын сатып алуға субсидия түрінде көмек жасалса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Мал азығын өндіретін зауыттардың отандық нарықты қамтамасыз етуге қауқары жете ме?
– Малдан мол әрі сапалы өнім алу жолында құрамында амин қышқылдарымен, минералдық элементтермен, витаминдермен қанықтырылған азық және азық қоспаларын шығаратын өндірістер шаруашылықтарға шығарған өнімдерінің экономикалық тиімділігін дәлелдеп келеді. Ондай зауыттар саны көбейіп жатыр. «Кормовик», «Эфко Алматы», «Крупы Востока», «Вита Профи», «Элест компаниясы» сынды мекемелер сөзіме дәлел.
– Мал азығына сұраныс өскен сайын бағаның мың құбылатыны белгілі. Жем-шөптің бағасы қалай болып жатыр?
– Мал шаруашылығы халықты биологиялық құндылығы жоғары сүт, ет, жұмыртқа секілді азық-түлік өнімдермен қамтамасыз етумен қоса, жеңіл және өңдеу өнеркәсібіне қажетті жүн, тері, қауырсын секілді бағалы шикізат та өндіреді. Алайда осы циклдардың үздіксіз жүріп тұруына көптеген кедергі бар. Теңгенің құнсыздануына және шетелдік валютаның шарықтауына байланысты көктемгі жерді жырту, оны өңдеу, тұқым себу науқанында, қысқы мерзімге жем-шөп ору, оны жинау, тасымалдау, сапасын жоғалтпайтындай сақтау шараларын жүзеге асыру барысында жанар-жағармайдың, техникаға қажетті бөлшектердің қымбаттауы кіші шаруашылықтарға, шаруа қожалықтарына кері әсерін тигізеді. Осы кезең аралығында жем-шөптің бағасы да шарықтайды. Мәселен, ірі азыққа жататын жоңышқа пішені – 20,25 тг/кг, шырынды азыққа жататын жүгері сүрлемі – 10,45 тг/кг, құнарлы дәнді азықтар: арпа – 70 тг/кг, күнбағыс шроты – 110 тг/кг, жүгері – 72 тг/кг, соя 225 тг/кг құрайды. Аталған азықтар бағасы тұрақты емес, өйткені аталмыш өндірістерде жем-шөптің бағасы бір-біріне сәйкес келмейді.
– Фермерлер, шаруа қожалықтары, мал шаруашылығымен айналысатын мамандарға малды азықтандыруға байланысты арнайы дәріс өткізіле ме?
– Қазіргі жағдайда әрбір маманды еңбекке баулып, үйретіп бәсекеге қабілетті етіп, білімі мен білігін шыңдау – малмен айналысатын шарушылықтардың міндеті. Малды толыққанды азықтандыру және жоғары сапалы азық даярлау, малға санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес жағдай жасау үлкен табысқа жеткізеді. Осы орайда фермерлер, шаруа қожалықтары және мал шаруашылығымен айналысатын мамандарға білім беру орталықтарында дәрістер өткізілген соң, мамандар тест сұрақтарына жауап береді. Ондай дәрістерге озат шаруашылықтардың тәжірибесі негізге алынып, арнайы бағдарлама дайындалады. Мәселен, Меркіде, «Байсерке – Агро» шаруашылығында, Қостанайда, Шығыс Қазақстанда дәріс өткізілді. Алдағы уақытта дәрістер мен семинарлар Қазақ мал шаруашылығы және азық өндірісі ғылыми-зерттеу институтында ұйымдастырылады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ