Бала кезімізде достарымыз су жаңа киім алса, «мә, мынауың импортный екен» дейтінбіз. Мұндай мақтауды басқалар өзімізге де талай айтқан. Ол кезде «импортныйдың» төркінін түсіну қайда. Кейін білдік қой, «импортный» ешқандай да «сәнді», «әдемі» деген сөз емес, «сырттан әкелінген» деген мағынаны беретінін. Қазір де сол «импортныйдан» ұзап кеткеніміз шамалы. Көп тауар¬ды өзге жұрттан тасимыз. Сыртқа сататынымыз сирек. Си¬рек те болса бар.
Алысқа бармай-ақ былтырғы жылды алайық. 2018 жылы Қазақстан шет мемлекеттерге 60 млрд 956,2 млн доллардың затын сатыпты. Оның ішінде бал өнімі, табиғи газ, ферроқорытпалар, органикалық емес химиялық өнімдер, темір мен құрыш, битумды мұнай өнімдері, мазут, бидай және алюминий бар. Ал көш басында, әрине – мұнай және газ конденсаты. 2017 жылы мұнай елдің бүкіл экспортының 54,8 пайызын құраса, былтыр бұл көрсеткіш 62 пайызға жеткен. Шет елдерге 69,8 млн тонна «қара алтынның» сатылуы ел қазынасына 37,8 млрд доллар пайда түсірген. Бұл – соңғы төрт жылдағы ең озық көрсеткіш. Қазақстан мұнайын басты импорттаушы елдер – Италия, Нидерланды және Франция. Қазақстанда өндірілген мұнайдың 60 пайызы Атырау облысына тиесілі екен. Қазір бұл жерде «Теңізшевройл», North Caspian Operating Company, «Каспий нефть», «Төбеарал ойл» ЖШС және «Атырау мұнай» секілді ірі компаниялар жұмыс істеп жатыр. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 2018 жылы Қашаған кен орнында 13 миллион 220 мың тонна мұнай өндіріліп, жылдық жоспар 120 пайызға асыра орындалыпты. EnergyProm мәліметіне сүйенсек, 2018 жылдың қорытындысы бойынша біздің мұнайымызды ең көп сатып алатын елдердің тізімі былай түзіледі. Бұлардан бөлек қазақ мұнайын Болгария, Германия, Бельгия, Финляндия, Филиппин, Солтүстік Корея, Малайзия, Мальта, Венгрия, Дания, Канада, Кипр, Латвия және Ұлыбритания сатып алады. 2016 жылы елімізде өндірілген мұнайдың 83 пайызы экспортқа кеткен. Ішкі нарықтағы шикі мұнайдың көлемі 38 пайызға көбейіп, 9,4 млн тоннаны құрапты. Ішкі нарықтағы мұнай бағасы экспортқа қарағанда 2,5 есе төмен. «Қазақстан – 2050» стратегиясы бойынша, мемлекет шикі мұнайды сата бермей, энергоресурстарды өңдеп, өндірістің басқа да қырларына терең бойлауы тиіс. Осы есептен мұнайды сыртқа сату 2050 жылға таман 30 пайызға дейін қысқарады деген болжам бар. Дегенмен мұнай экспортының өрлей түсуі бюджет балансына оң әсерін тигізеді. Мәселен, 2016 жылдың алғашқы жартысында мұнай экспортынан түскен табыс ел бюджетін 53 пайызға арттырып, 477,2 млрд теңгеге жеткен. Былтыр Қазақстан Азия елдеріне мұнай тасымалдауды да 2-3 есеге арттыра түсті. Әсіресе, қазақ мұнайы дегенде Оңтүстік Кореяның ынтасы өте зор. Бір жылдың ішінде сатып алудағы Азияның үлесі 8,9 пайыздан 14,3 пайызға артып шыға келген. Статистика комитетінің ақпараты бойынша, 2018 жылы қаңтар-шілде аралығында Қазақстан Азия елдеріне 5,6 млн тонна мұнай жіберген. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 58,6 пайызға жоғары. Табыс та 1,3 миллиардтан 3 миллиард долларға өскен. Азия елдеріне жіберілетін мұнайдың 40 пайызы Оңтүстік Кореяға тиесілі. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Бұл екі ел тарихындағы рекордты көрсеткіш болып саналады. АҚШ-тың Иранға санкциялар салуы – Оңтүстік Кореяның Қазақстаннан мұнайды көптеп сатып алуына себеп болып отыр. Себебі, осыған дейін ресми Сеул негізінен Иран мұнайын тұтынып келген болатын. Сонымен қатар Жапония, Үндістан, Сингапур елдері де белсенді. Тіпті әлемдегі ең жабық ел саналатын Солтүстік Кореямен де байланыс орнаған. 2018 жылдың алғашқы жеті айында Ким Чен Ын басқаратын мемлекетке қарай жалпы құны 25,4 млн долларды құрайтын 44,8 мың тонна жөнелтіліпті. Алайда Қытайдың біздің «қара алтынға» деген сұранысы төмендеп кеткен. Дегенмен Қытай бізден басқа өнімдер – бал (54,8 пайыз), табиғи газ (47,1 пайыз), ферроқорытпалар (35,8 пайыз) және органикалық емес химия өнімдерін (34,2 пайыз) сатып алу бойынша көш бастап тұр. Ал келесі жылы Өзбекстанға жіберілетін мұнай көлемі бірнеше есеге артуы мүмкін. Бұл туралы жыл басында министр Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында мәлімдеген еді. Оның айтуынша, былтыр 260 мың тоннадан астам мұнай Өзбекстанға жеткізілген. Қазақстан Кеңқияқ және Құмкөл мұнай құбыры арқылы одан ары қарай Шағыр стансасындағы цистерналармен биыл да бұл тасымалды жалғастыруға және арттыра түсуге ниетті. Аталған маршрут бойынша тонна құны 25,12 доллар екен.
«Қазіргі таңда Өзбекстан жылына 5 млн тонна мұнай қажет етіп отыр. Оның 2 миллионын – бізден, 3 миллионын Ресейден алғысы келеді. Сондай-ақ Қазақстанның өзінен ғана 5 млн тонна мұнай жөнелту нұсқасы да қарастырылып жатыр.
Министрдің сөзінше, Қазақстаннан Өзбекстанға 5 млн тонна көлемінде мұнай жіберіп тұру үшін транспорттық инфрақұрылымға аздаған инвестиция құю қажеттілігі туындайды. Яғни, мұндай ірі көлемдегі «қара алтынды» көрші елге дер уақытында жеткізіп беру үшін тиісті транспорт жүйесі ақаусыз, кедергісіз жұмыс істеуі керек. Әлбетте, Азия көрсеткішін Еуропа елдерімен салыстыруға келмейді. Былтыр Батысқа қарай сатылған мұнайдан түскен табыс 17,8 млрд долларға дейін артқан. Біздің мұнайды сатып алып кәдесіне жаратудан Италия алдына жан салар емес. Соның арқасында бір ай ішінде-ақ 920 млн доллар қазынаға түскен. Одан кейінгі орындарды Голландия (473 млн доллар) мен Франция (295 млн доллар) бөліседі. 2017 жылмен салыстырғанда Испания (2,2 млн тонна), Румыния (1,9 млн тонна), Польша (830 мың тонна) елдеріне де экспорт көлемі өсе түскен. Алайда Хорватия, Швейцария, Португалия секілді елдер тарапынан келетін сұраныс көлемі әлдеқайда құлдыраған. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, еліміздегі мұнайды ең көп өндіріп жатқан кен орындары – Теңіз (28,7 млн тонна), Қашаған (13,2 млн тонна) және Қарашығанақ (10,3 млн тонна). Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың отандық БАҚ-қа берген сұхбатына сүйенсек, былтыр жалпы көлемі 90, 3 млн тонна мұнай өндірілген. Ал келесі жылғы меже – шамамен 89,5 млн тонна шамасында. (Бұл жерде мұнай өндіруді шектеп отырған ОПЕК келісімін де ескеру керек). Жалпы, 2018 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, тауар экспорты 2017 жылмен салыстырғанда 26,4 млрд доллардан 54,7 млрд долларға көбейген. Экспорттың 89 пайыз үлесі мұнай және газ конденсатына тиесілі болып шықты.
Абай АЙМАҒАМБЕТ