Адам баласы тамақсыз өмір сүре алмайды. Біз Алла Тағаланың берген брендін бидайды биыл дұрыс өндіру керек екенін, өткенде ауыл шаруашылығы бұрынғы жылдары қалай дамығанын, келешекте не істеуіміз керектігі жөнінде қысқаша мағлұмат берген болатынмын.
Бірақ биыл ауа райы басқа жылдардан өзгеше болып тұр. Сондықтан да биыл ерекшелігіне байланысты егін егу мерзімін қайта қарау керек. Биыл көктем жарты айға ерте басталды. Оны дүниежүзінде не болып жатқанынан да көріп отырсыздар.Басқасын қойғанда да Африка мен Испанияда қар жауып, Еуропада дауылды жауындар болғаны күтпеген жағдай. Егін егуді оңтүстік мезгілінен жарты ай бұрын бастағаны құптарлық жағдай. Ал Орталық Қазақстан мен солтүстігіміз агротехника талабы бойынша 15 мамырдан бастап 30 мамырда сеуіп бітуі тиіс екенін тәжірибеден ғылыми дәлелденген. Бірақ биылғы ауа райы өзгеше болып тұр. Мамыр айы басынан бастап 20-на дейін жауынды болады. Ал 20 мамырдан бастап, 20 градустан жоғары ыстық болады. Маусым, шілде айлары ылғалсыз болады деп тұр. Сондықтан тәжірибеден біраз көргенім болғандықтан қазір де Ақмола облысынан бастап солтүстік облыстар цифрландыруды өндірісті толық қолға алуына байланысты егін себуді жердің жылылығы 5 градусқа жеткен уақыттан бастап ерте себе беру керек сияқты. Сонда сәуірдің аяғынан мамырдың басында себілген егін мамырдағы жауынға ілексе 20 мамырда көктеп шығып қалады. Сөйтіп, алдағы ыстықта бидайдың бой көтеруіне байланысты тамырларына күн көзін түсірмейтін жағдай болады. Бұл топырақта ылғалды сақтауға септігін тигізеді. Сондықтан жақсы өнім алуға мүмкіндік болар еді.
Қазір де жерде ылғал жеткілікті, енді тұқымды күн ваннасына шығару керек. Сол күн ваннасын алып, артынан дәріленген тұқымды жерге сіңіріп үлгерсе, биыл 35 млн тонна астық алуға жағдай бар. Осыны астық өнімімен айналысатын азаматтар ойласқаны дұрыс болар еді.
С.ТЛЕУБАЕВ,
Ұлытау ауданының
Құрметті азаматы