Жастар жылының ресми ашылу салтанатында семейлік ақын Мерей Қарт Елбасыға Орталық Азия Әдебиет академиясын құру туралы ұсыныс тастады. Бұл идеяны Астанада өткен жас ақын-жазушылар кеңесінің алғашқы отырысында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек көтерген еді. «Үкімет өз қадағалауына алып, бастама жүзеге асса, қазақ әдебиетінің дамуына жаңа серпіліс әкелері сөзсіз» дейді идея авторлары.
Айрықша буынды тәрбиелей алар едік
Әу баста бұл идеяны Ақберен Елгезектің ұсынғаны белгілі. Ол бұл жоба жөнінде: «Осыдан 10-15 жыл бұрын Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтына оқуға түсіп, қазақ әдебиетінің классиктері Әбділда Тәжібаев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Олжан Сүлейменов, Қалихан Ысқақ, Сәкен Жүнісов, Тынымбай Нұрмағамбетов, Әкім Тарази, Марфуға Айтқожина, Иран Ғайып, Ұлықбек Есдәулет, Айгүл Кемелбаева сияқты аға-апаларымдай мен де жоғары әдеби курстарын бітіріп келуді армандаушы едім. Тіпті қайбір жылы М. Горький институтының түлегі Роллан Сейсенбаев мені сол жерге түсірем деп, ректорына хабарласып, біраз әлектенген болатын. Обалы не керек, ол жақтан жеке басымызға еш қарсылық бола қойған жоқ. Бізді шетелден келіп оқитындарға институт тарапынан қойылған талаптары, анығырақ айтқанда, оқуға төленетін ақшасының көлемі тоқтатып тастап еді. Жолдамамен топ ете түсе қалатын кеңес заманындай жағдай жоқ. Қысқасы, болмады. Бірақ қалайда басқа ештеңемен айналыспай, тек әдебиет саласындағы білімімді жетілдіру – үлкен армандарымның бірі болып жүретін. «Болашақпен» оқуға тіл білмейміз. Жасымыз болса, 40-қа таяды. Тіл меңгергенмен жас келмейді. Анамен-мынамен айналысып жүргенде, уақыт шауып өте шықты. Бұл шаруа бір рет берілетін фәни өмірде енді орындалмайтын арман болып қалатын болды ғой деп жүретінмін. Сөйтіп жүргенімізде, Құдай айдап, Жазушылар одағына жұмысқа келдік. Бұл жерде аса көп мүмкіндік болмағанымен, айтатын мінбер бар. Әдебиетке қажетті шаруаларды жоғары жаққа айтуға жағдайлар туды дегендей. Іле-шала Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Жас қаламгерлердің республикалық кеңесі құрылды. Кеңестің бірінші отырысында Орталық Азия Әдебиет академиясын құру жөнінде ұсынысты ортаға салдым. Жастарға сондай бір оқу орны құрылса, сол жерде олар білімін жетілдірсе деген сыңайда. Мақсат – әлгінде айтқан арманымызды жастар көрсін деген ниет. Сол ұсынысымызды бүгін талантты ақын інім Мерей Қарт Елбасының алдында қайталап айтты. Бұл ұсыныс та, өзге ұсыныстар секілді Үкіметтің жоспарына кіреді деп сенемін. Ендігі мақсат – осы үлкен жобаны ойлағандай, қиялдағандай етіп жүзеге асыру. Академия құрылып, оның оқу бағдарламасы тиісті деңгейде ұйымдастырылса, бұл біздің әдебиетті жаңа белестерге көтерері сөзсіз. Себебі, әдебиетке келіп жатқан жастар университеттер мен өзге де оқу орындарында алған біліміне қоса таза әдеби-гуманитарлық білім алса, олар болашақта ұлы шығармалар жазатыны анық. Академияның факультеттерінде оқып жатқан жас әдебиетшілерге өзіміздің мүйізі қарағайдай классиктеріміз дәріс оқып, қазіргі интернеттің бар мүмкіндігі арқылы немесе Академияға арнайы шақырылған әлемге әйгілі қаламгерлер, философтар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дінтанушылар, жаратылыстану ғылымдарының озық ойлы ғалымдары лекция оқыса, отандық және шетел классиктерінің жеке-жеке шеберханалары жұмыс істеп тұрса, бұл жас ақын-жазушылардың интеллектуалдық деңгейін мүлде басқа кеңістікке шығарып жіберер еді. Ой – осы. Орындалуы – жоғары деңгейде болсын деп тілеп отырмыз. Сонда ғана бәсекеге қабілетті, ертең адамзатқа ой айта алатын, әлемді шығармаларымен тәнті ете алатын, ұлттық әдебиетіміздің әлемдегі орнын сенімді бекітіп беретін ерекше толқынды, мүлде айрықша буынды тәрбиелей алар едік. Ал бұл өз кезегінде ой-өрісін жаңа асқарларға шығаратыны ақиқат», – дейді.
Горький институты қалай құрылды?
Ақын Ақберен Елгезек тілге тиек еткен Мәскеудегі М.Горький институты – қазақтың талай классик қаламгерлерін оқытқан қасиетті мекен. Мұнда КСРО-ның кіл мықты ақын-жазушылары білім алды. Институттың о бастағы құрылғандағы басты себебі де осы болатын. Кәсіби деңгейдегі институт ашу идеясы 1933 жылы жүзеге асты. Оның негізін қалаған – Максим Горький. Институт үш бөлімнен тұрды: әдебиеттанушы, әдебиет сыншысы және ғылыми зерттеуші. Құжат бойынша осылай болуы керек еді. Бірақ Жоғарғы кеңес бұл ұсыныспен келіспей, ғылыми-зерттеу институты бөлек құрылады да, ал әдебиет институты кешкі жұмысшы әдебиет университетіне айналады. 1933 жылдың 1 желтоқсанында университеттің ресми ашылу салтанаты өтеді. Оған ақын Демьян Бедный, сыншы Григорий Бровман, философ Леонид Коган қатысқан екен. Алғашында университет «Герцен үйінде» орналасты. Александр Герценнің балалық шағы осы мансарда өткен. ХІХ ғасырдың ортасында бұл үйде Дмитрий Свербаев тұрады. Онда Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Белинский, Чаадаев келіп тұрған. Әдеби талқылаулар өткен. Ақындар жаңа өлеңін оқыған. Былайша айтқанда, әдеби салонда ақын-жазушылар түрлі басқосулар жасаған. Зұлмат жылдар Горький институтын да айналып өтпеді. 1937 жылдағы нәубетте талай студент қамауға алынды. Қуғын-сүргін көрді. Бұл жылдарды институттың тоқырау жылдары деп айтуға да болады. Институттың шарықтап-шалқыған кезеңі 1960 жылдардан басталады. 1 орынға 20 адамнан таласатын тұсы да осы кез. Көпұлтты совет әдебиетінің негізгі орталығына айналды: мұнда елуден астам ұлттың өкілі білім алды. 1992 жылға дейін институт Совет Жазушылар одағының құрамында болды. Кейін Ғылым және білім министрлігіне көшті. Қазір бұл институтқа Ресейдің Мәдениет министрлігі иелік етеді. Бұрынғыдай өзге ұлт өкілдері білім алғысы келсе, ақылы оқуына мүмкіндік бар. Тәжірибе алмасу, тегін әдеби курстардан өте алмайды. Шыңғыс Айтматов, Евгений Евтушенко, Валентин Сорокин, Белла Ахмадуллина және т.б кіл мықтыларды тәрбиелеп шығарған оқу ордасының қазіргі жай-күйі осындай.
Мұның атқаратын функциясы басқа
Ғалым, профессор Жанғара Дәдебаев «бұл бастаманың жүзеге асқаны дұрыс» деген пікірде. «Академия үкіметтен қаржы сұрамайды. Әрине, мүмкіндік болса, бергені де дұрыс. Мұның мақсаты – жоғары білім беру емес. Жазушылар одағы әдеби курстардан өткізіп, арнайы куәлік табыс етеді. Бұндай әдеби курста төрт-бес жыл оқу міндет емес. Үш айлық не болмаса бір жылдық курс бітіруіне болады. «Ақын-жазушыларға қандай білім керек?» деген әңгімелер айтылып жатыр. Басқа салада қызмет етіп жүріп, өлең жазатын, көркем дүниеге әуес жандар бар. Тау-кен саласын бітірген де көп. Олардың әдеби теорияны білмеуі мүмкін. Ондай адамдарға әдеби курстар ауадай қажет. Өйткені бұрынғыдай Горький институтына әдеби курстарға бара алмайды. Ол жақта білім алу ақылы. Ал Жазушылар одағы жанынан ашылатын Азия Әдебиет академиясы осы олқылықтың орнын толтыратын болады. Облыста жүрген қаламгерлерді мекемелер арнайы жолдамамен жіберіп отырса, тіптен жақсы. Қазір «әдебиет насихатталмайды» дегенді жиі айтамыз. Оны қалай насихаттаймыз? Оның механизмі осылай жасалмай ма? Одан кейін әдебиет институтының, филология факультеттерінің атқаратын функциясы мүлдем бөлек. Әдебиет академиясын онымен салыстыруға болмайды. Бұның атқаратын қызметі басқаша болмақ. Осыны ескерген жөн. Бұл академия қызметін өзі атқарады. Оны өзге әдебиет институттарымен бәсекелес санаудың қажеті жоқ», – дейді ғалым.
Бұл жоба жүзеге асарына сенімім аз
Белгілі ақын Аманхан Әлім Әдебиет академиясын ашу қиын екенін айтады. «Оның ішкі-сыртқы проблемалары бар. Ең алдымен, бұл академияға кім ұстаздық етеді? Мәселен, Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институты – әлемде жоқ институттың бірі. Оның құрылымының өзі жоспарлы түрде жасалған. Оның мақсаты – Кеңес үкіметі алғаш құрылған тұста жұмысшы-шаруалардың арасынан шыққан ақын-жазушыларды тәрбиелеу болатын. Өйткені дворяндар Бунин, Чехов секілді оқыған, көзі ашық ақын-жазушының көбі эмиграцияға кетіп қалды. Кейбірі КСРО-да қалғанымен, қиындықта өмір сүрді. Сондай қиын тұста «әліпті таяқ деп білмейтін» жұмысшы-шаруалардың арасынан ақын-жазушылар шыға бастады. Бірақ олар сауатсыз еді. Арнайы білімі болмады. Сол себепті, Максим Горький: «Біз пролетариат ақын-жазушыларын дайындамасақ болмайды. Капиталистік қоғамның шығармашылық адамдары біздің идеямыз бен идеологиямызға жұмыс істемейді» деп айтты. Сөйтіп, осы идея негізінде институт өмірге келді. Оның білім беру сапасы да өзгеше болды. Алғашқы кезде бұл институтқа Буниндер секілді аса мықты емес, білімі таяз ақын-жазушылар сабақ берді. Кейін оқу орны басқаша кезеңге көшті. Жаппай білім алып, әдебиет теориясымен қанаттанғаннан кейін әдебиет институтының қабырғасы қатайды. Ал бізге қазір мұндай оқу орны не үшін қажет екенін түсінбеймін. Құдайға шүкір, Қазақ ұлттық университетінде филология факультеті бар. Сол факультетте әдебиет теориясын оқытады. Қазіргі ақын-жазушылар сауатты. Ресейдегі әдебиет институтының алғашқы ашылғанындай емес. Ол институттың не себепті ашылғаны белгілі. Ал қазір кім үшін ашамыз? Қазір ол институтта оқуға мүмкіндік жоқ. Ақылы оқытады. Жергілікті ресейліктерге тегін білім береді. Ал қалыптасқан жоғары оқу орындарында білім алудың өзі ақылы деңгейге жетті. Өйткені нарық талабы сондай. Жаңа академия аштық делік. Оны қалай қаржыландырамыз? Жақсы бастама. Бірақ оны іске асыру механизмдері қандай? Оған сабақ беретін мұғалімдер, ұстаздар қалай таңдалады? Онда кім оқиды? Ол академия өлең-шығарма жазып бермейді. Тек қана білім береді. Ол білімді басқа оқу орнынан да алуға болады. Тағы бір дүние, елдің бәрі ақын-жазушы болып кете алмайды. Бірнеше секция бар делік: оның әрқайсысына он-он бес студенттен ғана қабылдануы мүмкін. Ондай академия өзін-өзі ақтай ала ма? Үкімет өмірбақи асырап отыра алмайды. Сосын қоғамдық ұйымға айналады да қалады. Екіншіден, ұстаздарды талап-таразыдан өткізу қажет. Тамыр-таныстықпен жұмысқа алынса, тамыр-таныстықпен оқытатын болса, онда ол қандай академия болмақ? Рас, жастарға академия керек. Алдымен оның материалдық базасын жасап алған жөн. Бұл әңгімені бір кездері Есенғали жақыным да айтқан еді. Тіпті ұстазым Сорокиннің нөмірін де алған. Құрылымы қандай болатынын да сұраған болатын. Есенғали оны әр-әр жерде жиі айтып та жүрді. Енді сол әңгіме үлкен мінберлерден естіле бастады. Менің қорқынышым – құр айтылып қалып қоя ма деген қауіп. Өйткені мұндай құрылымды жасақтау оңай емес. Тіпті мұның жүзеге асатынына сене бермеймін», – дейді ақын.
P.S. Әдебиет академиясы не береді дегенде, алдымен оның атқаратын функциясын анықтап алғанымыз дұрыс секілді. Жазушының не ақынның шығармасы неге оқылмай қалды? Неге жақсы туындылар тумай жатыр? Жазылған кітаптар неге оқырманға жетпейді немесе саудада неге өтпейді? Әдебиет академиясы қаптаған сауалдардың жауабын табатын күшті орталық бола ала ма? Қазірдің өзінде қазақ ақын-жазушыларының насихаты кемшін. Егер Жазушылар одағы Әдебиет академиясын жоқтың орнын толтыра алатындай етіп, дұрыс бағытта пайдалана алса, ұтқаны. Егер академия қаптаған қоғамдық ұйымдардың қатарында қалып қойса, одан келетін пайда шамалы тәрізді.