Байырғыдан бері халқымыз өзін-өзі 100% қамтамасыз еткен өнімдердің бірі – аяқкиім еді. Көптеген ел сандалия, котурн, гэта, шабата секілді қарапайым «аяққаптарға» қанағат қылып жүрген замандарда ата-бабамыз көксуыр, мықшима, тақа, шоңқайма, саптама етік, пима, кебіс, мәсі, бекі, байпақ, шоқай және басқа да әсем өрнектелген аяқкиімнің сантүрлі үлгісін тігіп, өзгелерге өнеге болған.
Қазақтың әр ауылында кем дегенде бір етікші жұмыс істеген. Өйткені аяқкиім тозбай, ұлтан тесілмей тұрмайды. Шеберлігін шыңдап, ісмерлігін өнер деңгейіне дейін көтерген етікшілер бүкіл ел құрметіне бөленген, қазіргі тілмен айтқанда, майталман дизайнер ретіндегі атағы алысқа жайылып, алыс-жақын елдердің тапсырыстарын орындаған. Кейін қазақы болмысты жойып, толық отарлауды көздеген кеңес тұсында қасақана таратылған теріс насихат салдарынан, жұрт он саусағынан өнер тамған, ою-өрнектің неше түрін меңгерген етікшілерге «көн тері сасыған неме» деп мұрын шүйіретінді шығарды. Ал енді ата-бабамыз алдында ұялатын күйдеміз. Қазіргі қазақ, негізінен, қытайдың сапасыз аяқкиіміне тәуелді. Сарапшылардың әртүрлі бағалауларына жүгінсек, отандық жеңіл өнеркәсіп өндірісі қазақстандықтардың киімге деген сұранысының 10 пайызын да өтемейтін көрінеді. Халықаралық стандарттарға сәйкес, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігінің ең төменгі шегі 30 пайызды құрайды. Бұдан төмен болса, қауіпсіздікке қатер деген сөз. Атап өтер жайт, әлгі 10% – жеңіл өнеркәсіптің жиынтықты үлесі ғана. Бұл ретте қазақстандық нарықтағы тігін және тоқыма саласының үлесі – бар-жоғы 8%. Ал былғары аяқкиім саласының еншісі тек ащы күлкі мен кекесін ғана тудырады – 2 пайызға жуық. Ішкі нарықтың қалған 90 пайызын импорттық тауарлар басып алған. Аталған саладағы отандық нарық көлемі 1,7-2 триллион теңгеге жуық. Киім кимейтін қазақ жоқ. Ендеше бұл – тамақтан кейінгі екінші ең басты қажеттілік. Халқымызды аяқкиім тігу дәстүрінен айырған кеңес одағымен бірге жеңіл өнеркәсіптің ірі кәсіпорындары да күйреді. Содан бері бұл нарық азия, еуропа және америкадан келетін жеңіл өнеркәсіп тауарларының ел тарихында болмаған басқыншылық-интервенциясына ұшырады. Осының салдарынан, бәсекеге шыдас бермей, азғантай ұсақ кәсіпорындар жұмысшыларымен қош айтысып, есіктеріне құлып салды. Мәселен, петропавлда даңқы көрші елдерде дүрілдеген, одақтық маңыздағы мәртебесі бар қос фабрика жабылған соң, сқо аудандарындағы 5 тігін цехы олардан босаған орынды баспай, керісінше, әлгілердің кебін киді. Ұқсас жағдай өзге өңірлерде де қайталанды. Соның кесірінен, қазір елдегі барлық дүкен мен базарда аяқкиім сөрелері қытай, тайвань, ресей, италия, түркия, корея сияқты қаптаған мемлекеттердің өнімдеріне толып тұр. Отандық өнім тек экзотикаға бара-бар. Бұл жағдайды қалай өзгертуге болады? – киім мен аяқкиім нарығындағы аянышты ахуалды түзету үшін отандық тауар өндірушілердің ерік-жігері керек. Ол серпінді бизнес-жобалардан көрініс беруге тиіс. Әйтпесе, көбін «бәрібір қытайлық не ресейлік өніммен бәсекелесе алмаймын» деген үрей буып алған. Әрине, жалаң жігермен алысқа ұзамайсың. Демек, мемлекет тарапынан тиімді қолдау қажет-ақ. Өмір бойы қорға деген сөз жоқ, ең құрығанда, буыны бекігенше өтпелі кезеңде демесе де жеткілікті, – дейді солтүстікқазақстандық «оқушылар мен балалар киімінің тігін фабрикасы» жшс атқарушы директоры александр белоконенко. Оның айтуынша, дамыған батыс елдерінде нарықтық тәуекелдер мен қауіп-қатерлер нарық ойыншылары арасында кластерлік қағидат бойынша біркелкі таратылады. Яғни, көтерме және ұсақ көтерме сауда фирмалары, сервистік қызмет көрсетуші фирмалар, ақпараттық-жарнамалық қызметтер, көлік-тасымал және қоймалау-логистикалық қызметтер көрсететін компаниялар, өнім өндіруші шағын және орташа кәсіпорындар нарықтағы тәуекелдерді бірлесе көтереді. Ал бірлесе көтерген жүк жеңіл екені мәтелден де, өмірден де белгілі. Мысалға, баскетбол кроссовкалары нарығының 95 пайызын басыбайлы иемденген америкалық nike аяқ киімдеріне осындай саналуан кәсіпорын қызмет етеді. Бірі тоқтап қалса, орнын басқасы басады, өндіріс тоқырамайды. Бұл тәсілді көрші қытай да, бауырлас түркия да, еуропа елдері және басқалары да қолданады. Ал қазақстанда өндірушілер барлық тәуекелді бір өзі арқалауға мәжбүр. Бұған қоса, қазақстандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігіне өндірістің өзіндік құнының қымбаттығы, өнімділігі жоғары арнайы жабдықтар мен құрылғылардың жоқтығы, маркетингтік ілгерілетудің тиімді бағдарламаларының болмауы ықпал етеді. «оның үстіне отандық кәсіпкерлердің бизнесті дамытудың негізгі экономикалық заңдылықтары мен өнімді ілгерілетудің өнімді тәсілдері туралы білімі кемшін. Бұл проблемаларды шешу үшін техникалық және басқарушылық буын кадрларын даярлау, қайта даярлау және аттестаттаудың пәрменді жүйесі құрылуға тиіс. Бұған қоса, жұмысшылар буынын, яғни тігінші, пішуші және басқа да тігін цехтарында қажет болатын мамандарды оқыту жетілдірілгені жөн. Өз өңірімізде осы бағытта қадам жасауға тырысудамыз. Мәселен, 2019 жылдың басынан бері «сән әлемі» дизайн мен технологиялардың ғылыми-зерттеу институты басқаратын тігін мега-кластері іске кірісті. Оның мақсаты – тігін өнеркәсібі индустриясының ғылыми негізделуін арттыру, кластер қатысушыларын өз ассортименттерін кеңейтуге ынталандыру үшін жағдай жасау», – дейді А.Белоконенко. Сарапшылар саланы жаңғырту үшін қолданыстағы мемлекеттік қолдау бағдарламаларын да пайдалануға болатынын айтады. Мәселен, қысқамерзімді оқыту курстарынан өткен тігіншілер «еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында берілетін 250 мың теңге мөлшеріндегі қайтарымсыз грант арқылы қажетті жабдықтарды өздері сатып ала алады. Тігін фабрикалары құралы бар жеке тұлғаларды қажетті материалдармен жабдықтап, олардың жасаған өнімін бекітілген бағамен сатып алуға даяр. Бұл перзенттерінің күтімімен үйде отырған көпбалалы және жалғызбасты аналарды жұмыспен қамтуға да мүмкіндік жасайды. Жалпы, бүгінде қазақстанда қанша жұп аяқкиім сатылатынын ешкім білмейді. Бірақ болашақта оның да нақты статистикасы жүргізіле бастауы мүмкін. Елімізде еуразиялық одақ тәжірибесі бойынша аяқкиімдерді таңбалау енгізілмек. Яғни, дүкендер мен базарларда сатылатын әрбір аяқкиімнің нөмірі болады. Ресей аяқкиімдерді таңбалауды 2018 жылғы 1 маусымнан бастап, сынақ түрінде енгізді. Ал 2019 жылдың 1 шілдесінен кейін ресейде таңбаланбаған аяқкиімдерді сатуға тыйым салынбақ. Сондықтан бұл елге өнімдерін өткізетін бірқатар отандық кәсіпорын экспорттан айырылып қалмау үшін өз елімізде де аяқкиім өнімдерін таңбалауға көшуді ұсыныпты. Қазақстандықтардың төлем қабілеттілігі төмен болғандықтан, экспортқа бағдарланған қазақстандық өндірушілер ресейге жылына 5,5 миллион жұп аяқкиім сатады екен. «қазіргі кезеңде бізде таңбалаудың барлық негізгі элементтері сынақтан өтті. Оның ішінде код эмиссиясы, кодты басу және тауарға түсіру, код генерациясы бар. Соңғысы gtin, бірегей сериялық нөмірден, сыртқы экономикалық қызметтің тауарлы номенклатурасының (сэқ тн) 4 белгісінен, тексеру кодынан тұрады. Пилоттық жобаға 200-ден астам компания қатысуда. Негізі, коды бар марканы қаптамаға да, тауарлық затбелгіге де, сондай-ақ аяқкиімнің өзіне де түсіруге болады», – дейді ресейдің бірыңғай операторының жоба басшысы вера волкова. Әйтсе де, сарапшылар аяқкиімдерді таңбалау онсыз да қиналған отандық кәсіпорындарға қосымша ауыртпалық түсіруі мүмкін деп алаңдайды. Шетелден, әсіресе, қытайдан ағылып жатқан контрабанда өнімдері ары қарай да сатыла беруі ықтимал. «бизнестің байламынша, таңбалау тиімділік пен нәтиже әкелмейді. Өйткені көлеңкедегілер одан ары заңсыз салада табысты жұмыс жасай береді. Ал чиптеудің қосымша жүктемесін нарықтағы адал ойыншылар көтермек. Бейресми экономикамен жүйелі күрес жолға қойылмай, өнімді есепке алу және қадағалаудың өркениетті құралдары тиімді болады деп айту асығыстық», – дейді Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров. Ресейлік бизнес-қауымдастық мәліметінше, таңбаны өнімге түсіру шығындары сонша көп емес: небәрі 50 копейка. Бірақ жабдықтарды (сканерлер, агрегаторлар) сатып алу, күйіне келтіру және тауарлардың қозғалысын қадағалау қомақты қаражат шығаруды талап етеді. Кәсіпкерлердің аяқкиімдерді таңбалауды пилоттық негізде енгізу туралы ұсынысын қарастырған үкімет оны қолдап, бірінші вице-премьер әлихан смайылов басқаратын ведомствоаралық жұмыс тобын құрды. Таңбалау пилоттық жоба түрінде сынақтан өткізілмек.