Дәрігер серті
Дәрігер серті
272
оқылды
Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 700-ге жа­­қындады. Оның ішінде 120 медицина қызметкері бар. Олар­­дың 67-і коронавирус індетін жұқтырғандармен жұ­мыс істеген. Біреуі ауыр халде жатыр. 9 дәрігердің жағ­дайы орташа ауыр. Қалғаны жеңіл және симптомсыз жатыр. Өткен жұма күні ғана елімізде 28 медицина қызметкері корона­вирус жұқтырғаны туралы ха­бар­ланған болатын. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов: «Ме­дицина қызметкерлерінің сыр­қаттануына қатысты да көп­теген сұрақ қойылады. Біз бұл фактіні жасырмаймыз. Карантин ныса­нында жұмыс істеп, вирус жұқ­тырған медицина қызмет­керле­рінің арасында 28 адам бар» деген еді. Арада екі күн өткен соң жұқ­палы дертті жұқтырған дә­рігерлер саны бірнеше есеге өсіп отыр. Әрине, кез келген адам сақ­тандырылмаған. Оның ішінде дә­рігерлер де бар. Медицина қыз­меткерлері науқастармен тікелей қарым-қатынас жасайтындықтан олардың да өміріне үлкен қауіп бар. Олар бәрі қарақан басының қамын ойлап жүрген жоқ. Адам жанын қауіпті дерттен арашалап алу үшін жанталасуда.  

Дерт жұқтырған 120 дәрігер

Бұған дейін Алматы, Нұр-Сұлтан қаласы дәрігерлерінің коронавирус жұқтырғаны туралы мәлімет шықты дедік. Олар кімдер? Қай жерде? Жағдайлары қалай болып жатыр? Осындай сұрақтардың жауабын білгісі ке­летіндер бар. Министрлік мұндай деректерді жасырып жатқан жоқ. Елордалық онкологиялық орта­лық пен «Мейірім» клиникасының дәрігерлері де жұқпалы дертті жұқтырған. Министр Біртанов «Мейірім» клиникасы дәрігер­ле­рінің қауіпті инфекцияны көмек сұрап келген науқастан жұқтыр­ғанын айтқан. Аталмыш мекеме қазір карантинге жабылған. «Басты мақсат – сол жердегі науқастарды емдеп, барынша қа­уіп­сіздендіру. Бүгінде клини­каны кезең бойынша жабу үрдісі жүріп жатыр. Кейіннен толықтай дезин­фекция шаралары жүргі­зілетін болады» деген министрдің сөзінде жауапкершілік салмағы жатыр. Дәрігерлер арасында алғашқы індетті жұқтыру оқиғасы 30 нау­рызда тіркелген. Ол – Атырау қа­ласының №3 емхана қызмет­кері. Дәрігер вирусты емделушіден қан алу кезінде жұқтырған. Сол күннен бастап барлық медици­налық қызметкер қашықтан жұ­мыс істеу режиміне көшті. Осыдан кейін COVID-19 індетін жұқ­тыр­ған дәрігермен байланыста болған екі әріптесі анықталды. Олар ка­рантинге оқшауланған. Ал төртін­ші дәрігер де науқастан жұқтыр­ған. Ол Атырау облыстық ауру­ханасында жұмыс істеген. Осыдан кейін мекеме екікүндік карантинге жабылды. Дәрігермен байланыста болған азаматтар да оқшауланған. Әзірге дертке шалдыққан 4 бірдей медицина қызметкерінің жағдайы жаман емес көрінеді.    width=  

Әлемде дәрігерлер қалай күресіп жатыр?

Францияда коронавирус жұқтырған дәрігердің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тара­ды. Онда «Реймс» футбол клу­бының дәрігері Бернар Гонсалес корона­вирусқа жасатқан сына­масының нәтижесі оң болып шық­қаннан кейін өзіне қол жұм­саған көрінеді. Бұл туралы ол өлер алдындағы хатында жазған екен. Реймс қа­ласының мэрі бұл хатты жариялау­дан бас тартқан. Дәрі­гердің жасы 60-та болған. Ол әйе­лімен бірге өз үйінде оқшаула­ныпты. Корона­вирус дәрігердің әйеліне де жұқ­қаны анықталып отыр. Бұған дейін Италияда да 34 жастағы медбикенің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат шық­қан еді. Одан 10 наурызда коро­на­вирус инфекциясы белгілері пай­да болып, карантинге жатқызыл­ған екен. Науқастану нәтижесі расталғаннан кейін басқаларға вирус жұқтырудан қорқып, өзіне қол жұмсаса керек. Одан бөлек, бұл елде жұқпалы індеттен 100-ден астам медицина қызметкері көз жұм­ды. Көз жұмғандар ара­сын­да – 80 дәрігер, 20 медбике бар. Испанияда жұқпалы дерттен қайтыс болғандар арасында он шақты дәрігер бар. Оның арасын­да кезекші дәрігер, бір медбике, бір медбрат бар. Олардың дені жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеген. Бұған дейін Испанияда 12 300 медицина қызметкерінің коро­навирус жұқтырғаны анық­талған болатын. Олардың 85 па­йызында ауру жеңіл өткен әрі көпшілігі өз үйінде оқшауланып, карантин жағдайында болған.  

Дәрігердің індет жұқтырғаны күмәнді ме?

Әлеуметтік желіде бұған күмән тудырып жатқандар да бар. «Пре­зидентіміз вирус жұқтырған дә­рі­герлерге 2 млн теңге береміз» деген Жарлыққа дейін бірде-бір дәрігер ауырмаған. Әйтеуір «дә­рігер жұқ­тырды» дегенді естімедім өз басым. Енді бүгін 120 дәрігер мен меди­цина қызметкері індет жұқтырды деген хабар тарап жа­тыр. Өмірдің мәні не?» деп жазады Самат Нұр­таза есімді белсенді Facebook па­рақшасында. Ол ақша үшін ажы­расқандардың да бол­ғанын, енді 2 млн үшін дерт жұқ­тыруға бара­тындар да болатынын айтып өтіпті. Бұл әлеуметтік желіде жазы­лып жатқан әңгіменің бір парасы ғана. Мұндай пікір көптеп кезде­седі. Бірақ дәрігер «2 миллион ақ­ша» үшін осындай қадамға ба­руы мүмкін бе? Онда дәрігердің ан­ты қайда қалды? Олар адам жанына араша боламын деп, жан­таласып жүрген жоқ па? Мұндай қауіп-қатерге басын тіге қоймас. Өйткені ақшадан да биік құнды­лық бар. Дәрігер мұндай құнды­лықтан аттап кетпесі белгілі. Ал коронавирус дерті – адамзатқа берілген сынақ. Сол сынақтың дәл ортасында ақ халаттылар жүр. Бүгінгі жауапкершілік жүгі меди­цина қызметкерлеріне артылған. Егер олар бұл қауіпті дертті пай­да­ланып, ақша табамын десе, сер­тінен тайғаны болып саналмай ма? Денсаулық күзетінде тұрған дәрігерлер аты үрейлі дертпен күн сайын бетпе-бет келіп жатыр. Өз басын қатерге тігіп, қауіпті індеттің бетін қайтаруға барлық күш-жігерін жұмсап жатқан ақ халатты абзал жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жұқпалы індеттің аты айтып тұрғандай, қанша сақтық шарасы жасалса да дәрігерлер қауымына жұғып жатқаны өкінішті. Амал қанша? Төтеннен төнген бәлекет­тен тезірек науқастар да, дәрігер­лер мен қалың қауым аман шықса екен деген тілек бәрімізде.  

 width=     Гүлзина БЕКТАС