Жер жүзін жаулап бара жатқан коронавирус инфекциясы мемлекеттердің даму жоспарына түзету енгізді. Осыдан жарты жыл бұрын қызылкеңірдек болып айтысып, соңында келісімге келіп, мөр басылған бағдарламалар бірер айдың ішінде өзгерді де кетті. Әлем бір бағытта әрекет етуге көшті. COVID-19 вирусынан келетін зардаптың алдын алуға кірісті. Бұл мақсатта Қазақстан билігінің іс-шаралары туралы айтылды, жазылды. Ал шет мемлекеттер қандай шешім қабылдап жатыр?
Еуроодақ төтенше жағдайдан аман өту үшін 37 млрд еуро бөлді. Оның 8 млрд еуросы пандемияға байланысты шығынға батқан кәсіпорындар мен компанияларға беріледі. Еуропа орталық банкі қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 750 млрд еуроға бағалы қағаздар сатып алу бағдарламасын іске қосты. 23 наурызда Еуропа одағының Экономика және қаржы жөніндегі кеңесі Еуропа комиссиясының пандемияға қарсы ұсынысын қолдады. Бұл шешім одаққа мүше елдер үшін бюджет тапшылығының шегін алып тастады (ЖІӨ-нің 3%-ынан аспауы керек), бұл өз кезегінде одаққа мүше мемлекеттерге бизнеске көмек үшін шектеусіз несие алуға мүмкіндік береді.
Ұлыбритания елдегі компанияларға 330 миллиард фунт стерлинг (400 млрд доллар) несие кепілдігін бере бастады. Қаржы министрі Риши Сунактың айтуынша, бұл елдің ЖІӨ-нің 15%-ын құрайды. Қарыздың максималды сомасы 1,2 миллионнан 5 миллион фунт стерлингке дейін (1,5 млн доллардан 6 млн долларға дейін) ұлғайтылды, алғашқы алты айда несие пайызы төленбейді. Шағын сауда орындары, қонақүй және туризм кәсіпорындары індет кезінде салықтан босатылды. Қаржылық жағдайы қиын британдықтардың ипотека төлемі үш айға шегерілді.
Германия үкіметі коронавирустан айтарлықтай зардап шегуі мүмкін жеке кәсіпкерлер мен компанияларға, сондай-ақ халықтың әртүрлі тобына көмек 750 млрд еуро көлемінде көмек пакетін жасады. Канцлер Ангела Меркельдің айтуынша, бұл бұрын-соңды болмаған ауқымды көмек. Соның ішінде 600 млрд еуро ірі кәсіпорындарға көмек беретін қорға құйылады. Ал шағын фирмалар мен жеке кәсіпкерлер 15 мың еуроға дейін тікелей субсидия ала алады. Елдің экономика министрлігі Kreditanstalt fur Wiederaufbau (KfW) мемлекеттік банк тобы арқылы кәсіпкерлер үшін шектеусіз көлемде несие алатын арнайы бағдарламаны іске қосты. Жерді жалға берушілерге жалдау ақысын төлей алмайтын жалға алушылармен келісімшартты бұзуға тыйым салды. 3 млрд еуродан астам қаржы ауруханаларға қолдау көрсетуге берілді.
АҚШ коронавирус эпидемиясымен күреске 2 трлн АҚШ долларын бөлетін болды. Бұл ел аталған тажалға күресте ең көп қаржы бөлген ел атанып отыр. Бөлінген қаржы жылдық табысы 75 мың долларға жетпейтіндерге адам басына 1 200 доллар көлемінде төлем тағайындауды көздейді. Отбасы табысы 150 000 долларға дейін болса, әр бала үшін қосымша 500 доллардан төленеді. Жұмыссыздарға төленетін жәрдемақы 600 долларға өседі.
Шағын бизнеске несие беру үшін 350 млрд доллар қарастырылған. 500 млрд доллар корпоративтік көмекке беріледі. Бұл қаржының көп бөлігі федералды резервті жүйе несиелерін қолдауға жұмсалады. Boeing Co, General Electric Co, Boeing Co сияқты ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін компанияларға 17 млрд доллар бөлінеді. Оған қоса, 25 млрд доллар жолаушылардың әуе тасымалына грант беруге жұмсалады. 130 млрд доллар медицина орталықтарының қажетіне, 16 млрд доллар медицина құралдарын сатып алуға бөлінді. Штаттар мен жергілікті басқару органдарының коронавирус пандемиясына қатысты шығынын өтеуге 150 млрд доллар бағытталады. Ал Дональд Трамп пен президент әкімшілігі, конгресс мүшелерінің иелігіндегі кәсіптер қаржылай көмек алмайды.
Франция үкіметі шығынға батып жатқан ірі кәсіпорындарға көмек көрсету үшін, сондай-ақ жартылай жұмыссыз режимге өткен жұмысшыларға төленетін жеңілдіктер үшін 45 млрд еуро бөлді. Кәсіпорындардың банктегі карызы үшін мемлекеттік кепілдік енгізілді, ол 300 млрд еуроны құрайды, шағын өнеркәсіп, сондай-ақ шағын сауда кәсіпорындары 1 500 еуро көлемінде көмек алады. Ал басқа елдерге рейстерге тыйым салудан шығын шеккен авиакомпаниялардың жағдайын жақсарту үшін 500 миллион еуро жұмсалады.
Австралия үкіметі 12 наурызда 17,6 млрд австралиялық долларға (10,5 млрд доллар), 22 наурызда 66 млрд австралиялық долларға (шамамен 40 млрд доллар) екінші пакет енгізілгенін жариялады. Екі бағдарламаның жалпы көлемі елдегі ЖІӨ-нің 10%-ын құрайды. Қаржы ең алдымен жәрдемақы алатын азаматтардың, оның ішінде зейнеткерлер мен жұмысынан айырылған адамдардың өмір сүру деңгейін қолдауға бағытталған. Келесі алты айда жәрдемақыларға қосымша төлемдер ретінде 14,1 миллиард австралиялық доллар (8,4 миллиард доллар) және шағын және орта бизнесті қолдауға 31,9 миллиард (19 млрд доллар) бөлінеді.
Үндістан үкіметі ауру жұқтырған адамды оқшаулау үшін медициналық инфрақұрылымды, жеке қорғаныс құралдары мен жабдықтар үшін 150 миллиард рупий (шамамен 2 млрд доллар) шығарды. Үндістан резерв банкі ел экономикасын қалпына келтіру үшін сәуірден бастап қосымша 1 триллион рупийді (13 млрд доллардан астам) айналымға жіберді.
Ақпан айының басында қаржы жүйесін қолдау және ел экономикасын қорғау мақсатында Қытай Халық банкі (Қытайдығы орталық банкі – ред.) нарыққа 1,2 трлн юань (170 млрд доллардан астам) көлемінде қосымша қаржы берді. Сондай-ақ несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендетті. Қытайдың қаржы министрлігі, өз кезегінде жергілікті билікке экономикалық өсуді ынталандыратын инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру үшін мақсатты облигациялар түрінде 290 миллиард юань (41,5 миллиард доллар) көлемінде қосымша несие алуға рұқсат берді.
Корея Республикасы пандемия салдарынан дағдарыс жағдайында қалған бизнеске шұғыл қаржылық көмек ретінде 100 триллион вон (80 млрд доллар) бөлді. Соның ішінде шағын және орта бизнеске 58 триллион вон (47 млрд доллар) несие беру туралы шешім қабылдады. Облигациялар нарығын тұрақтандыру үшін 20 триллион вон (16 млрд доллар) жұмсалады.
Түркия 20 наурызда 100 млрд лира (15,3 млрд доллар) көлеміндегі экономикалық шаралар кешенін жариялады. Бұл ең төменгі зейнетақыны 1 500 түрік лирасына (230 доллар) көтеруді, тұрмысы ауыр отбасыларға қаржылай көмек ретінде 2 млрд лира (308 млн доллар) бөлуді, экспорттың төмендеуінен зардап шеккен компанияларға тікелей субсидиялар мен субсидияланған несие беруді қамтиды. Ал шағын және орта бизнес банктен алған несиесін алты айға дейін шегере алады. Туризмнен табыс тауып отырған Түркия аталған секторды қолдау мақсатында қонақүйге қонақ тұрғаны үшін салынатын салықты 2020 жылдың 1 қарашасына дейін тоқтатты. Ал ішкі рейстегі авиакомпаниялар үшін сәуір айынан бастап ҚҚС үш айға 18% -дан 1% -ға дейін төмендетілді.
Сауд Арабиясы экономиканы қолдау үшін 120 млрд риал (32 млрд доллар) бөлді. Бұл шараларға банк және қаржы секторларына, шағын және орта бизнеске көмек көрсету, атап айтқанда салық төлемдерін кейінге қалдыру және мемлекеттік салықтан босату жатады. Біріккен Араб Әмірлігі де экономиканы наурыз айының басында қолдауға 100 млрд дирхам (27 млрд доллар) бөлетіні туралы хабарлады. Банктерге нөлдік пайыздық мөлшерлемемен несие берілді, қарыз алушыларға негізгі соманы және олар бойынша сыйақы төлеуді алты айға дейін кешіктіруге рұқсат етілді. Несие әлеуетін арттыру және экономиканы қолдау үшін банктерге сақтандыру капиталын босатуға рұқсат етілді. Ал 22 наурызда көмек пакеті 126 млрд дирхамға (34 миллиард доллар) дейін ұлғайтылды.
Байқағанымыздай, барлық елдің іс-әрекетінің ұқсас тұсы көп: банктегі несиелерді төлеу мерзімін шегеру, бизнесті қолдау, әлеуметтің осал тобына жәрдемақы тағайындау. Тек бөлінетін қаржы көлемі әр елде әртүрлі. Сонымен бірге кей елдің балалы отбасыға жасап отырған көмегін атап өтуге тұрарлық. Мысалы, коронавирустан қатты зардап шеккен Италия халқының отбасы құндылығына баса мән беретіні жиі айтылатын. Мұны төтенше жағдай кезінде қабылдаған бағдарламасынан да көруге болады. 11 наурызда Италия министрлер кеңесі төтенше жағдай кезінде отбасылар мен компанияларды қолдауға 25 миллиард еуро бөлу туралы шешім қабылдады. Мемлекет денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 3,5 млрд еуро бөлді. Ал бизнес пен халықтың несиесін банктер үшін мемлекет кепілімен жабатын болды. Карантинге байланысты жұмыс істей алмайтын итальяндықтар үшін арнайы төлемдер қарастырылды. Мысалы, жұмыс істейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша қызметтерді өтеу үшін 600 еуро ұсынылады. Бұл 12 жасқа дейінгі баласы бар отбасыларға тағайындалады. Жеке секторда жұмыс істейтін ата-аналар, егер отбасында 12 жасқа дейінгі баласы болса, ақылы еңбек демалысына шыға алады және жалақысына 50 пайыз бонус алады. Жылдық кірісі 40 мың еуродан аспайтын, карантин кезінде жұмыс істеген барлық қызметкер 100 еуроға дейін бонус алады.