Аутист баланың көңілі қайда?
Аутист баланың көңілі қайда?
768
оқылды
Олардың өз әлемі бар секілді. Көппен араласпайды, есімін атаса, бұрыла қоймайды. Назары үнемі бір нүктеде, сөйлеген кісіге көңіл бөлмейді. Тік қарамай, көзін алып қашады. Бұл көбіне аутистік спектрі ауытқыған немесе аутизммен туылған баланың белгілері. Аутизм – ауру емес. Ол – мидың өзіндік күйі. Аталған диагноз қойылған балалардың саны елімізде артып келеді. Алайда онымен күресудің ортақ, бекітілген әдісі, дәрі-дәрмегі әлі анықталмаған. Тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде. 2 сәуір – Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күні. Бірақ карантинде коронавирусқа шал­дық­қан азаматтар саны өскен са­йын аутизм мәселесі биыл көптің назарынан тыс қалғандай. Біз де мақаланы мезгілінен сәл кешіктіріп жазып отырмыз. Есіл-дертіміз жұқ­па кеселде. Бүгін Қазақстанда аутист ба­ланың саны мынанша деп ешбір ресми орган дөп басып айта ал­май­ды. Негізі, бұл деректі Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бере алады. Алғашқысы мектептегі ерекше қажеттілігі бар бала санына қарап есептесе, соңғысы емханаларға кел­гендеріне сай саусағын бүгеді. Барлық ата-ана баласын дәрігерге көрсетпеген соң қос министрліктің деректері сәйкес келмейді. Ал жас бүлдіршін, балаларды емдеп жүрген үкіметтік емес ұйым жетекшілері түрлі сандарды келтіреді. Жиі айты­латыны 4 мыңға жуық. Өкінішке қарай, бұл статистика жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2014 жылы аутизм белгісі бар бала саны елі­мізде 1 400-дей болатын. Ал «Асыл мирас» қорының Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, дәрігер Алмаз Шарманның пікірінше, аутизмге шалдыққандар саны Қазақстанда 50 мыңнан асып жығылады. Бұл жағдай бізде ғана емес, әлемде де ушыға бастады. Қазір жаһан бойынша әрбір 59-шы бала осы диагнозбен туылады және аутист  саны 10 млн-ға жетті. Бір таңға­ларлығы, аутизм диагнозы қойыл­ғандардың қатары дүниежүзінде жыл сайын 13 пайызға өсіп отыр. Баланы «тани» біліңіз. Аутизм ауру емес екенін, ол адам миының өзіндік күйі екенін есте сақтаған жөн. Мамандар оны толық емдеу қиын, тек ертерек баламен жұмыс істесе, оның белгілерін кемітуге мүмкіндік көп деген қорытынды жасайды. Ол үшін баланың іс-қимыл, әрекетіне назар аудару қажет және дер кезінде дәрігерге жүгінген абзал. Соңғы зерттеулер аутизмге шал­дыққан 2-3 жасар баламен ап­тасына 40 сағат тера­пиялық жатты­ғулар жасаса әрі бұл процесс тұрақты жалғасса, олардың 47 пайызы 5 жас­та өзгелермен қатар кәдуілгі ба­лабақшаға бара ала­тынын көрсет­кен. Ал терапияны одан әрі жалғас­тыра берсе, қатар­дағы мектепте, университетте де оқи алады. Бұл айтқанға оңай. Алайда өзін «оқшау­ланған әлемде» сезінетін, кейбір коммуникациялық қабілеттері дамымай қалған бала­мен үнемі жаттығу жасау ата-анадан үлкен төзімді, шығынды (уақыт, қаржы, энергия) талап етеді. Өкінішке қарай, егер терапия 6 жастан кейін басталса, онда бала­ның толық сауығып кетуі қиын мін­детке айналады. Сондықтан ма­мандар егер бүлдіршін өз есіміне жауап қайырмаса, қалауын түсін­діріп бере алмаса, сөйлеу қабілеті дер кезінде дамымаса, үлкендердің нұсқауына назар аудармаса, ойын­шықпен қалай ойнау керек екенін түсінбесе, 12 айлыққа дейін күлме­се, қолын сермеп, белсенділік та­ныт­паса, адамның көзіне тіке қара­маса, 16 айға дейін бірен-саран сөздерді айта алмаса, өзгелермен байланысқа түсе алмаса, онда лезде дәрігерге көрсету міндет екенін айтады. Ортақ күрес. Аутизм мәселе­сімен алғаш отандық үкіметтік емес ұйымдар айналыса бастады. Ар­найы кабинеттер ашып, терапиялық жаттығулар жүргізуді қолға алды. Дегенмен әлі де бұл салада маман, ақпарат, қажет құрылғылар жетіс­пейді. Кейде ем-домға ұзақ-сонар кезек болады. Әсіресе, аймақтарда. Бүгінде балаларды аутизмнен емдеуде Болат Өтемұратов қоры, «Асыл мирас» қоры, «AINAR» қо­ры, «ДОМ» қоры, «Ашық әлем» қоры және да жекеменшік ұйымдар белсенділік танытып келеді. Бірі кәсіпкерлер тарапынан қаржы­ландырылса, екіншілері гранттарды місе тұтады. Жалпы, елімізде аутизм­­ге қатысты тренинг, семи­нарлар жиі өтеді, олар өте маңызды. Неге? Өйткені әр маман баламен жаттығу жасаудың, қабілеттерді дамытудың өзіндік немесе ғылыми тәжірибесімен бөліседі. Ал аутизмді емдейтін ортақ әдіс әлі табылма­ғанын ескерсек, жоғарыда айтылған семинарлар, әсіресе ата-аналар үшін пайдалы. Көбіне терапевт, маман жетіспегеннен кейін әке-шешелер арнайы бағдарлама оқып, баламен жаттығу жасаудың әдіс-тәсілін үйренеді, өзі де маманға айналады. Оған қоса, былтыр 5 сәуір күні елордада Аутизм бойын­ша бірінші республикалық форум ұйымдас­ты­рылды. Әрине, сол үкіметтік емес ұйымдардың күші­мен. Аутизммен күрес жолында ауыз толтырарлық жетістік деуге де болады. Бұл ел ас­танасында күнде өтіп жатқан бас­қосу емес. Емі жоқ дертпен кү­ре­судің жолдарын отан­дық және шет­елдік мамандар бірге талқылады. Бұдан бөлек, соңғы жылдары Үкімет инклюзивті білім беру са­ласына ерекше назар аударып, нақты қадам жасай бастады. 2018 жылы Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі орта білім жүйе­сін жаңғыртуға 75 млн доллар жұм­сауды жоспарлады. Қаражат бірне­ше мақсатқа бағытталды, соның бірі – инклюзивті білім беру. Яғни, физикалық, интеллектуалды мүм­кіндігі шектеулі балаларға өзгелер­мен қатар тең білім беруге жағдай жасау. Сол жылғы мәлімет бойын­ша, Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар 61 336 оқушы тір­келген. Былтыр еліміздегі балабақ­шаның 20 пайызы, мектептің 60 пайызы, колледждің 30 пайызы инклюзивті білім беру талаптарына сай бейімделген. Бұл тек ғимаратқа пандус салып, арнайы кітаппен қамтамасыз ету ғана емес, сондай-ақ әр балаға жеке тьютор (үйретуші, қамқоршы) тағайындау да. Бұл қызметті көбіне тәрбиеші, мұғалім не әкімдік тағайындаған әлеуметтік қызметкер атқара алады. Ол үшін мектеп мұғалімдерін, балабақша тәрбиешілерін ерекше қажеттілігі бар баламен жұмыс істеуге оқыту қажет. Яғни, инклюзивті білім бе­ру – өзіндік ережелері мен талап­тары мол бөлек сала. Ем-дом. Бүгінде аутизмді ем­деу­дің бірнеше әдісі бар. Мәселен, ABA-терапия (Applied Behavior Analysis). Оның мәні аутистке қоғамға бейімделу үшін қажетті әлеуметтік қабілетті дамытып, білім беру. Дұрыс әрекет жасағанда сыйлық беріп, ынталандырып отыру. ТЕАССН бағдарламасы да бар. Мұнда балалар визуализацияға ден қойып, вербалды емес комму­никация көмегімен білім алады. Ойын терапиясы да жиі қолданы­лады. Баламен ойнау арқылы оның коммуникациялық, әлеуметтік дағдылары жетіледі. Ол үшін әр ойын­ның сценарийі дайындалады. Son-Rise бағдарламасын да қолда­натындар бар. Бұл АҚШ-тағы Кауфмандар отбасының аутизмді жеңген тәжірибесіне негізделген әдіс. Оның мәні баланы шартсыз сүю, қабылдау. Оған қоса, баланы өзіндік әрекет жасауға ынталандыру. Қалай десек те, бүлдіршін бойын­дағы аутизм неғұрлым ерте анық­талса, оны емдеудің мүмкіндігі со­ғұрлым жоғары. Алайда ем-домның ақысы да аз емес. Мәселен, АҚШ-та кешенді терапия құны 80-100 мың долларды құрайды. Қазақ­стан­дағы мамандардың емдеу, жаттығу жұмыстарын өткізу қызметі де арзан емес. Айталық, елордада ап­тасына 2-3 сағат келіп, арнайы жаттығулар жасау 70-80 мың теңге тұрады. Ал ерекше қажеттілігі бар баланы күні бойы арнайы бала­бақшаға беру ақысы айына 200 мың теңгеден жоғары. Әрине, ем-дом­ның нәтижесі де ақысына сай болуы бек мүмкін. 18 жастан соң. Қазақстанда аутизм мәселесі талай рет көтерілсе де, оны аурулар санатына енгізіп, емдеу әлі де кенже қалып тұр. Себе­бі аутизмге шалдыққан баланы дәрігерлер психологиялық ауытқуы бар деп психдиспансерге күштеп жатқызуы мүмкін. Бұл көп жағдайда баланың жағдайын күрт нашарла­тады. Оған қоса, 18 жастан соң аутизм шизофрения ретінде қарас­тырылып, адамның ырқынан тыс емдеуге жіберілуі де ғажап емес. Осыны білген ата-аналар баласын дәрігерге көрсетпеуге тырысады, сәйкесінше көбіне мүгедектік жө­нінде жәрдемақы алмайды. Өкінішке қарай, аутизм диаг­нозы қойылған бала саны әлемде де, елімізде де артып келеді. Ол туралы ашық айтыла да, жазыла да бастады. Мамандар аутистік белгілер пайда болса, қобалжымай, баламен жаттығу жұмыстарын тұрақты жалғастыруға кеңес береді. Иә, ол бірнеше жылға созылуы мүмкін. Бәлкім, нәтижесі де айтарлықтай бола қоймас. Бірақ ем-дом жасалмаса, баладағы аутизм «асқына» түседі. Әлеуметтік, коммуникативті дағдылары мүлдем дамымай қалуы ғажап емес. Бұл отбасыдан, ата-анадан үлкен төзімді, еңбекті талап етеді. Кейде бұл баланы шексіз сүюдің бір шартына да айналады екен.  

 width=   Нұрмұхамед БАЙҒАРА