42 мың теңгеге таласқан жұрт
42 мың теңгеге таласқан жұрт
211
оқылды
Төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік төлемақысыз еңбек демалысына шыққандар мен табысынан айырылған азаматтарға берілетін 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақы бүтін бір елдің басты проблемасына айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пәрмен берген соң Үкімет 3 миллионға жуық адамға 42 500 теңгеден үлестіретінін мәлімдеген. Бәрі жаман індетті ұмытып, жәрдемақы алуды ойлай бастады. Иә, расымен халықтың көбі жәр­демақыдан үмітті. Бұл елең-алаң ке­зеңде тұрақты табысынан айырылып, ас-ауқатқа ақша таппай жатқан аға­йынға аз да болса қосымша көмек болары анық. «Интернетінен көк тиын пайда жоқ» деп банктерден есеп­шот аштыру үшін адамдар өңір­лерде жарияланған карантинге қа­рамай, жапа-тармағай ХҚКО алды­на жина­лып жатыр. Алматы облысындағы Шамалған стансасының тұрғындары 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы алу үшін үйлерінен шығуға мәжбүр болды. Бұл оқиға кейін әлеуметтік желілерде тарады. Жиылған жұрт «коронавирус індетіне  байланысты бір жерде көп адам жиналуға бол­майды» деген сөзге де құлақ аспаған.
– Адамдарға әзірге тек ескерту жасап жатырмыз. Тыңдамайды. Бә­ріне бірдей айыппұл салайық десек, көпшілігінің әлеуметтік жағдайы төмен, ертең ауыр болады, ашынды­рып алуымыз да мүмкін. Сондықтан адамгершілік тұрғысынан қарап, әзірге тек түсіндірумен ғана шектеліп отырмыз. Ғимарат ішіне 5 адамнан артық кіруге болмайды дедік. Банк өкілдеріне қосымша маман тарту керек екенін айтып жатырмыз. Осы жағдайды өз мүддесіне пайдаланып жатқан 3 адам бар, соларға шара қол­данамыз, – деді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ға­лымұрат Жүкел.
Шынында да, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарды кінәлай алмай­сың. Осы орай­да, қауіпті вирустың жылдам таралуы мен теңгенің тұрақсыздығы «үйқа­мақта» жатқан көп шаңырақтың күй-тұрмысына теріс әсер етпей қойма­ғанын анық байқауға болады. Қы­зылордада «Қазпошта» алдына бірне­ше адам жиналып, 42 500 теңге кө­ле­мінде әлеуметтік төлемді алу үшін құжат рәсімдей алмай жүргенін айтып шағымданды. Төрт бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Маржан Асқарқызы тілшілерге берген сұхба­тында интернет арқылы тіркелуге мүмкіндігі жоғын, сол себепті құжат­тарын рәсімдеу үшін бұл жерге келгенін жеткізді.
– Өзім пәтер жалдап тұрамын. Пәтер иесі ақысын төлемесеңдер, босатыңдар деп жатыр. Көлік жуатын жерде істегенмін. Өткен аптада жұ­мысымыз тоқтады. Енді бұдан былай қалай өмір сүретініміз белгісіз. Бұған дейін күн сайын бәліш пісіріп, дү­кен­ге қоюшы едік. Енді ол да жоқ. Өт­кенде көпбалалы аналарға азық-түлік беріледі деген соң тізімге тіркел­генбіз. Бірақ әлі күнге дейін азық-түлік алған жоқпыз. Үйде төрт бала бар. Екеуі кішкентай, екеуі мектепте оқиды. Қазір ешкімнен жауап ала алмадық, – дейді Маржан Асқарқызы.
Жиналған адамдардың бірі әлеу­меттік төлем алу үшін 2 600 теңге төлеу керек екенін, оны төлегеннен кейін қаржылай көмек ала ма, жоқ па, оны да білмей отырғанын тілге тиек етті. Ал «Қазпошта» бөлімі жетек­ші­сінің орынбасары Айзат Ізтілеуова сә­уірдің 1-10 аралығында зейнеткер­лерге зейнетақысын беріп жатқанын, кезекке тұрған адамдардың ақша бе­руге кедергі жасап жатқанын айтады. Шымкентте де ондаған адам «Қазпошта» мен банк алдына 42  500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алу үшін есепшот ашып, банк картасын алу үшін жиналды. «Халық банк» бөлімшелеріне 42 500 теңге көлемінде тағайындалған әлеуметтік көмек алу үшін есепшот аштыруға ондаған адам жиналып, құжаттарын жедел рәсім­деуді талап етті. Көпшіліктің арасында зейнеткерлермен бірге балалы әйел­дер де бар. Департамент өкілдері мен тәртіп сақшылары адамдардың тәр­тіпке бағынбай, арақашықтық сақ­тамай жатқанын айтып, дабыл қағуда. Тәртіп сақтамай, арақашық­тық ұстау былай тұрсын, тиісті құжаттарды алғанша кезекте тұрғандар арасында бетпердесіз бет жыртысқандар көп. Бұл оқиғалардың бәрі түптеп келгенде 42 500 теңге алуға өтініш білдіретіндердің банктерде есепшоты болмағанынан болып отыр. Осы орайда, таяуда ғана Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов өтінішті ешқан­дай есепшот көрсетпей, тапсыра беруге болатынын айтып, халықты сабырға шақырды. Ол сондай-ақ төтенше жағдайға байланысты аналар 1 жылдан кейін жұмысқа шыға алмай отырған соң осы жәрдемақыны алуға құқылы екенін жеткізді.
– Оларға балаларының күтіміне 1 жыл толғанша мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. 1 жыл асқаннан кейін сұранып жұмысқа барар еді. Бірақ қазір жұмысқа ешкім алмайды, шақырмайды. Сондықтан декретте отырған аналар 1 жыл өткеннен кейін бірыңғай жиынтық төлем аударып, осы 42 500 теңгеге үміттенуге бола­ды, – деп түсіндірді министр.
Енді аз күнде бұл жағдай да реттелер. Бастысы, халықты сабырға шақырып, оларға түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізіп, жәрдемақы алу жұмы­сын оңтайландыру қажет. Ал сапыры­лысып, сарсаңға түскен жұрт 42 500 теңге үшін өзінің, өзімен қоса мың­даған адамның өміріне қауіп төндіріп жатқанын жете түсінсе екен. Өкі­ніш­тісі, оны ескеріп жатқан адам аз.  

 width=    Абылайхан ЖҰМАШ