Бәріміз отбасының іргесі бүтін, шаңырағы шаттыққа толы болғанын қалаймыз. Бірақ кей тұста сыртқы фактор әсер етпей қоймайды. Қазір карантин кезінде мазасы қашып, бір-бірінен ілік іздейтін ерлі-зайыптылар көбейген. Осы орайда, отбасы психологі, «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының президенті Лимана Құттыбекқызын әңгімеге тарттық. – Лимана Құттыбекқызы, әңгіменің әлқиссасын карантиндегі үй іші атмосферасынан бастасақ. Нені есте ұстаған жөн? – Қазіргі төтенше жағдай барлығына оңай тимеді. Дегенмен біз өзімізді, жақындарымызды қорғауға толық мүмкіндігіміз бар. Ол үшін маман кеңесіне құлақ түріп, тәртіпті қатаң сақтаған дұрыс. Тірлігіміз күйді екен деп ойламаңыз. Бастысы, деніңіз сау болса, әлі де алар асуың алда. Керісінше, ойыңызға жақсылық дәнін сеуіп, көптен бері ойыңызда жүрген істі жүзеге асыруға таптырмас мүмкіндік. Үй іші атмосферасын қалыптастыру – ата-ананың қолында. Мәселен, балалармен бірге үй ішіндегі жиһаздың орнын ауыстырыңыз. Терезе жуып, бөлменің шаңын тазалап, киімдерді реттеңіз. Қыс бойы кәдеге жараған заттарды балконға шығарыңыз. Мұның бәрі сізге де, балаларға да пайдалы. Өйткені үй ішіндегі заттардың орнын қозғау бойымыз бен ойымызға күш беріп, санамызға сергектік сыйлайды. – Бір-бірін таңғы ас пен кешкі ас үстінде көретін ерлі-зайыптылар психологиясына карантиннің әсері қандай? – Карантиннің әсері алғашқы күннен-ақ білінеді. Емін-еркін жүріп, моншасына барып, футбол ойнап жүрген еріміздің торға түскен арыстандай аласұратыны белгілі. Бұл – бірінші аптадағы адаптация. Кез келген үйде орын алатын жағдай. Оның көңіл күйі түсіп, кез келген нәрсеге шала бүлінсе, түсінуге тырысыңыз. Арадағы салқындықты айтып, талқылап, одан бетер көңілдің шаңын қаққаннан түк шықпайды. Әйел ұйымдастыру мен ұйысу күшіне ие. Керісінше, балаларыңызбен бірге әкесінің бауырына кіруге амал жасаңыз. Бірлесе қызықты фильм көріп, мазмұнын талқылап, жолдасыңызды сөзге тартыңыз. Бұл сәт балаңызды ерекше күйге бөлеумен қатар, ата-анасымен еркін сөйлесуге үйретеді. – Ата-анасын бірге көрген бала үшін қуаныш. Қуаныш әсерлі әрі пайдалы болуы үшін қайтпек керек? – Мәселен, баланың қуанышы – ата-анасының күліп, жарқырап отырғанын көру. Ана бақытты болса, бала да бақытты. Әке болмысынан сабырлы, өзіне сенімді келсе, бала рухты, жігерлі болып қалыптасады. Отбасында бірлесе дайындалатын тағамдарды еске алайықшы?! Палау немесе қамыр илеп, бауырсақ пісіріп, лағман созып, мәнті түю уақыт алатыны белгілі. Соңғы кезде барлығымыз жұмыстамыз. Біраз уақыт алатын тағамдарды мереке күндері, болмаса сенбі мен жексенбіде дайындайтынымыз жасырын емес. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, балалармен бірге дайындасақ, санасында бақытты сәт естелігіне айналады. Ата-анасымен бірге оқыған кітап, салған сурет, отбасылық альбом жасау, балалық шаққа саяхаттау – ол үшін маңызды. Сізге айтпауы мүмкін. Бірақ бәрі баланың ішкі сезім толқынысына үлкен әсерін тигізеді. Әсіресе, жанға жылу сыйлар әңгімелер топтамасы. Ата-аналарға берер кеңесім, балаға дүниеге келгендегі салмағын, бойын айтып, тәтті қылықтарын әңгімелеп беріңіздер. Бесік тойына кімнің келгеніне дейін айтсаңыз болады. Содан кейін балаға әкесі мен анасының кішкентай кезінде қандай бала болғаны қызық. Ата-әжесі әкесін қалай атағаны, анасын нағашылары не деп еркелеткенін білгісі келетіні сөзсіз. Міне, осындай сұрақ аясында бала мен ата-ана арасы одан әрі жақындай түседі. Жылы әңгіме жан тербейді. Әсерінен ата-ананың бір-біріне сенімі бекіп, махаббаты күшейеді. – Интернетте Қытайда қазір ажырасу көбейгені туралы жазылған. Мұндай жайттың қазақ отбасыларының басына түспесіне кім кепіл? Ажырасудың алдын алу үшін нендей ақыл-кеңес бересіз? – Әрине, ерлі-зайыптылар үрейге бой алдырса, өткен-кеткенді еске алып, стресске ерік берсе арты ажырасуға әкеледі. Өйткені күнделікті бір-бірін бақылап отыр. Дәл қазір «үйдегінің жаны бір». Өткенді қазбалайтын уақыт емес. Артық қимыл үлкен қатерге әкелері анық. Сол үшін жүрек соғысымыз, уайымымыз бен тілегіміз бір болуы шарт. Өзімізді, сөзімізді позитивті толқынға бұруымыз керек. Карантинді іздену уақыты деп қабылдаңыз. Бір-біріміздің көңілімізді көтеріп, қиын сәтте жақынымызға мейіріммен қарап, қолдау білдіру жүрекке жылу сыйлайды. – Ата-ана баламен бірге үйренуге болады деп нені атай аласыз? – Бәріміз бала анасының тоқыма тоқуын, тамақ пісіруі мен тігіс тігуін үйренуге ұмтылатынын білеміз. Бірақ маман ретінде басқа нәрсені айтқым келеді. Негізі отбасылық модельді қалыптастырып үйрену қажет. Бұл – ата-ана мен бала үшін маңызды. Неліктен? Баланың болашақта бақытты болуы, ажыраспауға, саналы ұрпақ тәрбиелеуге үйрету отбасындағы қарым-қатынастан бастау алады. Яғни, ата-анасынан бала бәрін үйренеді. Әкенің анасына қарағандағы көзқарасын, анасының әкеге деген ізетін бақылайды. Ата-анасы реніші мен эмоциясын, жанашырлығы мен сыйластығын қалай көрсетсе, бала кейін соны қайталайды. Қала берді анасы ата-енесіне қалай құрмет көрсеткеніне дейін санасында өрнектеледі. Осылайша, өзінің отбасылық моделін қалыптастырады. Балалар отбасы болуды арнайы курстан, оқудан үйренбейді. Отбасында көрген-білгені бейсанада жазылады. Санасына сіңген әрекетті қайталайды. Сондықтан бақытты отбасының моделін жасауды үйренген абзал. – Қашықтан жұмыс істеп жатқан ата-анаға жұмыс пен бала арасындағы балансты қалай ұстауға болады? – Бұл – күрделі сұрақ. Мұны баласын ауылға немесе ата-әжесіне жіберіп, қашықтан жұмыс істеп жатқан ата-аналардың негізінде қарастырғым келеді. Әрине, бәрі жағдайға байланысты. Бірақ қашанда амалдың, мүмкіндіктің барын естен шығармаңыз. Жұмыс пен баланың арасындағы балансты ұстау үшін цифрлы технологияны пайдаланыңыз. Осы ретте әке-шешесі баласына үнемі махаббатын, сезімін білдіруі керек. Менің ойымша, мүмкіндігі болған кезде видео, аудио хабарлама жазуға тырысыңыз. Балаңыздың ойында «ата-анам мені ұмытты» деуге титтей де күмән болмасын. Қоңырау шалғаныңызда, хабарлама жазғаныңызда «мен сендерді бір сәтте ұмытқан жоқпын, тәртіпті болыңдар» деп айтуды естен шығармаңыз. Ұсақ-түйек нәрсені сұрап, баланы әңгімеге тартудың өзі оған жеткілікті. «Тісіңді тазаладың ба?», «ұйқыға жатуға дайындалып жатырсың ба?» деп айтудың өзі баланың көңілін аулауға септігі тиеді. Ал баланс қай кезде үзіледі? Балаңыздың не істеп жүргенінен бейхабар болғаныңызда бала шет қалғандай күй кешеді. Сондықтан осы уақыт аралығында араны суытпау үшін қамданыңыз. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ