– Елордадағы Желтоқсан көшесі, 27-үйде тұрамыз. Кіреберіс пен аулаға дезинфекция жасалады дегенді естідік. Бірақ біздің тұрғын үйіміз бен маңайдағы басқа да нысандарда сол жұмыстың атқарылып жатқанын көрмедім. Менің білуімше, бұл мәселе оң жағалаудағы көптеген үйде бар екен. Сақтық шаралары орындалмай жатқан соң, үйде отырып та үрейлене бастадық, – дейді Жазира Қойшыбекова.Қала тұрғынының сөзінше, ол көппәтерлі үйге қарасты пәтер иелері кооперативіне хабарласқан. Алайда ПИК өкілдері дезинфекция жұмыстары құзырына кірмейтінін айтып, ол мақсатта ақша қарастырылмағанын баяндапты. Осыдан соң біз де Нұр-Сұлтан қаласындағы пәтер иелері кооперативтеріне дезинфекция мен тазалық жұмысының атқарылуы жайлы сауал жолдаған едік. Жанат ӘШКЕНҰЛЫ, «Алма-Ата» пәтер иелері кооперативінің өкілі: – Дезинфекция жұмыстарына қаражат бөлінгені туралы естідік. Бірақ ешқандай ақша алмадық. Ықылас Дүкенұлы көшесі 36-үйдегі 6 подъезд бізге қарайды. Қойылған талап бойынша, сол тұрғын үйге күніне екі мәрте дезинфекция жұмыстарын жүргізілуде. Барлығын өзіміз жасаймыз. Тазалықшылар, кезекші қызметкерлер ауысыммен жұмыс атқарып жатыр. Қайырлы МӘКЕНҰЛЫ, «Азат Шаңырағы» пәтер иелері кооперативінің өкілі: – Сарыарқа ауданы 187 көшесіндегі 12 тұрғын үй қарамағымызда. Дезинфекция жасау үшін қаражат алған жоқпыз, барлығын қолымыздан келгенше өзіміз істеп жатырмыз. Күніне екі рет тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Қуандық ЖАБЕЛҰЛЫ, «ЖилСтройКомСервис» ЖШС өкілі: – Сауран көшесі, 12/2 мекен-жайындағы тұрғын үй қарамағымызда. Ескертілгендей, күніне 2 рет кіреберіске дезинфекция жасалады, тазалау жұмыстары барлық талапқа сай жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек қарамағымызда тағы 5 тұрғын үй бар. Оларға да осы шараларды жүргізіп отырмыз. Байқағанымыздай, пәтер иелері кооперативтеріне дезинфекция жасау үшін қаржы бөлінбеген. Залалсыздандыруға қажетті дезинфекциялық ерітіндіні қайдан алатыны тағы белгісіз. Пікір иелерінің «орындап жатырмыз» дегені қарапайым тазалық жұмысы ғана болуы мүмкін. Дәрігерлер коронавирус инфекциясының түрлі заттарда бірнеше сағат бойы сақталатынын айтып отыр. Көпқабатты үйлердің тұрғындары бір кіреберіс арқылы ғана жүретінін ескерсек, дезинфекция түйткілді мәселенің бірі болып тұр. Тұрғындар үйде отырып, сақтық шараларын сақтады деген күннің өзінде, қажеттілігі үшін қоқыс төгу мен дүкенге баратыны белгілі. Залалсызданбаған қаншама тұрғын үйдің барын есепке алсақ, әлі де бейқамдық танытып отырғандай көрінеміз. ТҮЙІН:
Елордадағы тұрғын үйлерге дезинфекция жасау мақсатында 470 қызметкердің жұмылдырылғанын айтқан едік. Біздің шамалауымызша, қызметкерлердің саны өте аз. Яғни, бұл жұмыс күшімен қаладағы мыңдаған үйді залалсыздандыру мүмкін емес және дезинфекция бір рет қана жүргізілмейді. Күнделікті атқарылуы тиіс іс. Сондықтан осы мақсатқа қызметкерлерді көптеп жұмылдырса игі. Әйтпесе адамның ғана емес, тұрғын үйлердің де «тынысы» тарылғандай шаққа ұқсайды.
Мадияр ТӨЛЕУ