ҚАЗАҚСТАН НАРЫҒЫ КӨРШІЛЕРГЕ ТИІМДІ
Егер он жыл бұрын ресейлік тауарлар біздің нарықтың 10%-нан аспаса, 2018 жылы 44%-ға жеткен. Бұл басқа мемлекеттердің үлесі азайып кеткенін көрсетеді. Оған сөз жоқ, ЕАЭО талаптары әсер еткені анық. Ішкі нарықтағы тұрмыстық техникаларды жекелей алсақ, теледидардың 61%-ын Ресейден импорттасақ, 27%-ы қытайлық өнім. Бұл тұрғыда Өзбекстан үшінші жеткізуші мәртебесін иеленген. Оңтүстіктегі бауырлас ел негізінен шекарадағы Түркістан облысының тұрғындарын тауармен жабдықтауды жоспарға алғандай. Өзбекстандағы Artel компаниялар тобы шетелдік компаниялармен бірлесіп, теледидар құрылғысын құрастыруда және өнім максималды бюджет сегментіне негізделген. Ал Ресей тауарларының соңғы жылдары нарықты жаппай жаулауына Кедендік одақтың әсері көп. Екі ел арасындағы кедендік алымдардың алынып тасталуы РФ өнімін өткізуге мүмкіндік берді. Осылайша, интеграцияның он жылында тұрмыстық техника нарығы толығымен қайта құрылды деуге болады. Осы кезеңде еуропалық тұрмыстық техниканың үлесі айтарлықтай төмендегенін байқаймыз. Мысалы, еуропалық тұрмыстық заттар 24%-дан 10%-ға азайса, түріктер мен оңтүстік кореялықтардың нарыққа қатысуы 9%-дан 4,5%-ға төмендеген. Ресейлік өндірушілер тауарының танымал болуына әсер еткен және бір фактор олардың бағасы қымбат емес әрі үшінші елдердің нарық бәсекесіне кіруіне кедергінің көп болуында дейді мамандар.«КІСІДЕГІНІҢ КІЛТІ АСПАНДА»
Тұрмыстық техника жөнінен өзіміздің өндіріс жоққа тән. Алматыдағы LG зауыты теледидар құрылғысын құрастырғанымен, өнім көлемі тұтас елді қамтуға жетпейді. Оған қоса, нарықты өзге елдің арзан тауары толтырып қойғандықтан, отандық электроника жабдығы өндірісін көбейтуден дәл қазір аса пайда жоқ. Яғни, нарықтағы азғантай бос орын шетелдік инвесторларды қызықтырмайды. Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстанда бірде-бір тоңазытқыш, кір жуғыш машина, асүй плитасы мен кондиционер шығарылмаған. Әр жылдары «тұрмыстық техника шығаратын өзіміздің отандық кәсіпорындар ашылады» деген жоспарлар айтылғанмен, нақты өндіріс жүзеге асқан жоқ. Әрине, бұл тарапта қол қусырып қарап отыруға болмайды. Неге десеңіз, біз секілді импорттық тауарға тәуелді болып келген Өзбекстан соңғы екі-үш жылда өз өнімін шығаруға қол жеткізді. Олар бұл тұрғыда отандық өндірісті қолдауда мол субсидия мен мемлекеттік мүддеге сүйеніп отыр. Сондықтан алдағы уақытта импорттаушы мемлекеттер коронавирус дағдарысынан шығып, есін жиғанға дейін Қазақстан да өз өндірісінің жағдайын күйттеуі тиіс.Дастан ДУМАН