Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеуді тапсырды.
Президент пікірінше, халықпен кездесулерде елмен сындарлы диалог құру көптеген проблемалық мәселелерді тиісті деңгейде шеше алатынын көрсеткен. Осы мүмкіндікті әкімдер қалай пайдалануы керек? Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдерімен өткен кеңесте осындай тапсырма берген болатын. «Біз үшін қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын білу және дер кезінде әрекет ету өте маңызды. Әкімдер халықтың сұранысына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызы: мессенджерлерде топтар құрып, жүргізіліп жатқан саясатты түсіндіру, жағдайды жетілдіру және басқару. Халықпен кері байланыс барлық жерде орнаған жоқ, 7 әкімдіктен барлығы төрт байланыс call-орталығы бар, ал мобильді халық бақылауы – 7 өңірде ғана», – деді. Әкімдер халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшетін болды. Бұл – жақсы үрдіс. Енді ауылдағы әкімдерден облыс әкімдеріне дейін барлық деңгейдегі әкімдерге әлеуметтік желіде тіркеліп, халықпен күнделікті қарым-қатынасқа түседі. «Достық» сұрап, талай әлеуметтік желіні тұтынушыға қолын ұсынып жатқандар көп. Осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметкерлер бір жақта, әлеуметтік желідегі қара халық бір жақта өмір сүріп келе жатқандай еді. Үлкен кеңселерде смартфон ұстауға тыйым салынғаны белгілі. Кез келген мемлекеттік мекемеге кірсеңіз, ең алдымен ұялы телефоныңызды кіреберіс жәшікке қалдырып кетуге тиіссіз. Әкімшілік қызметкерлері қымбат қалтафондарын тастап, қарапайым телефон ұстауға көшкелі қашан?! Желіге кіру – желігу емес. Бұл – жұрттың жағдайын білу. Ел-жұрт жанайқайын әлеуметтік желіде жариялайды. Билік институттары бір бөлек тыныстап келді. Жылына бір рет есеп беру кезінде ғана әкімдер жұртшылық мұңын тыңдаған болады. «Қоғамның қазіргі даму кезеңінде жүргізіліп жатқан реформалар мен іске асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың мәнін нақты және қолжетімді жеткізе білу – әрбір жетекшіге ажырамас талап. Кейде ең сауатты маман қарапайым және қолжетімді тілде сөйлей алмайтынын өздеріңіз көріп отырсыздар», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Кейде апталап, кейде айлап шешілмейтін мәселелер әлеуметтік желі арқылы жедел шешілетініне куәміз. Атқарушы билік ел ішіндегі мәселелерді қордалатпай, жылдам шешіп отыруы керек. Кейбір желі белсенділері «костюм киген кісілер достық сұрап жатыр» деп наразылық танытып та жатыр. Бұл дұрыс емес. Шама келгенше елдік мәселелерді бірігіп шешуге ұмтылғанымыз жөн. Жағдайыңа құлақ асқысы келіп тұрған жандардың бетін кері қайтарғаннан не табамыз?