Парламент Сенатында жаңа консультативтік-кеңесші орган – Бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңес құрылды. Жоғарғы палата басшысы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен осы кеңестің бірінші отырысы өтті.
Кеңес құрамына Сенат депутаттары, Есеп комитетінің төрағасы Н.Годунова, Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Қаржы министрінің бірінші орынбасары Б.Шолпанқұлов және басқалар енді.
Кеңестің негізгі міндеттеріне бюджет процесінің тиімділігін арттыру, бюджетті қалыптастыру үдерістерін қайта қарау, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу, бюджет үдерістеріне барлық қатысушымен арадағы Парламенттің өзара іс-қимылын күшейту жөніндегі мәселені қарау кіреді.
Отырыста Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов сенаторларға осы салаларды жетілдіру жоспарлары туралы айтып берді. Олардың ішінде стратегиялық жоспарлаудың жаңа нысандарын енгізу, жұмсалған шығыстардың экономикалық қайтарымын бағалау, өңірлердің дамуын ынталандыру үшін бюджеттік қатынастарды жетілдіру бағыттары бар.
Сенат төрағасы бірқатар сын-ескертпелер мен ұсыныстар айтты. Олар өңірлердің мамандануын ескере отырып, шағын және орта бизнесті дамытуға, ауыл-аймақтың «мұқтаждықтарының картасын» әзірлеуге, бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге, соның ішінде қылмыстық жазаны да қолдануға, Есеп комитетінің рөлін нығайтуға, халықты жұмыспен қамту бағдарламасын қайта форматтауға, бюджет жылды қайта қарауға бағытталған.
Дариға Назарбаева Ұлттық экономика министрлігіне 17 маусымға дейін кеңес отырысы барысында айтылған ұсыныстарды тұжырымдап, бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі шараларды іске асыру жөніндегі Жол картасының жобасын әзірлеуді ұсынды. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.