Алты құрлыққа ауыз салған коронавирус індеті төрткүл әлемді жұдырықша жұмылдырғаны даусыз. Елімізде де дендеп кірген дертке қарсы сақтық шаралары дер кезінде қабылданып, билік қарапайым халыққа барынша қолдау білдіруде.
Оған дәлел, Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалының ұйытқы болуымен депутаттық фракция мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, партия белсенділері мен жеке кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен birgemiz облыстық қоғамдық қорына 39 963 000 теңге жиналып отыр. Бұл қаржы есебінен арнайы санаттағы 1 903 отбасына көмек көрсету мақсатында ауқымды шаралар атқарылуда. Атап айтсақ, әр отбасына гигиеналық заттар (медициналық бетперделер, антисептикалық құралдар, бактерияға қарсы сұйық сабын, ылғалды және қағаз сүлгілер) мен бірінші кезектегі қажетті азық-түліктер бар (макарон өнімдері, қарақұмық жармасы, күріш, қант, май, шай, тұз, тәттілер) себеттер үлестірілуде.
Сондай-ақ әлемге танымал жамбылдық спортшылар «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев 100 отбасына, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров 50 отбасына көмек көрсетсе, жеке кәсіпкер «Вкусная корзинка» ЖШС-нің директоры Алмаз Тультаев 3,5 миллион теңгеге апта сайын 50 отбасына көмек беруде. Одан бөлек, Байзақ, Меркі, Талас ауданындағы мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер 50 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр.
Қордай ауданындағы партия белсендісі, жеке кәсіпкер Сәрсебек Салыбаев болса, 1 миллион теңгеге аз қамтылған 60 отбасына аялы алақанның жылуын сездірді. Мұндай игі істен партия мүшесі Ерқанат Манжуов та шет қалмай, өз қаражаты есебінен 2 мың дана бетперде тіктіріп, көпбалалы отбасыларына тегін таратты.
Әрине, қайырымдылықтың Алладан қайтарымы болсын дейміз. Мұқтаж жандарға қиын қыстау кезеңде қолұшын созу сөзсіз сауапты іс. birgemiz қоғамдық қорының қолдауын көрген жанның бірі – Тараз қаласының тұрғыны, 7 баланың анасы Мәрзия Құлметова.
– Жеті баламды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірдім. Алайда бүгінгі қиын нарықта біріне тартсаң біріне жетпей қалатын кездер болады. Осындай сәтте қолы ашық, жомарт жандардың демеу көрсетіп жатқаны қуантады.
Елімізде төтенше жағдай енгізілді дегенде кәдімгідей үрейленіп қалдық. Себебі бейбіт күннің өзінде тұрмыстық жағдайымыз жақсы емес еді. Әрине, Алла өз ырыздығынан айырмайды деп сендік. Мемлекет басшысының үндеуінен кейін нұротандықтар үйіме азық-түлікті толтырып әкеліп берді. Қиын сәтте қара нанның өзінің дәмі ерекше болатынын ескерсек, бұл отбасымыз үшін үлкен тосынсый болды. Осы игі іске ұйытқы болған Президентімізге, Nur Otan партиясына айтар алғысымыз шексіз, – дейді көпбалалы ана.
Өңір тұрғыны Әмина Әшенова да партияға деген ризашылығын білдірді.
– Алла берген 5 ұлым бар. Биыл алтыншысына жүкті болып, декретке шығуыма тура келді. Күйеуімнің де жұмысында қиындықтар туды. Басымызда бес кредитіміз бар. Үй кезегіне тұрғаныммен, әлі баспана ала алмай отырмын. Әзірге қайын әпкемнің үйінде амалдап тұрып жатырмыз. 5 баламның үшеуі мектепте болса, біреуі колледжде. Олардың сабақтары да қос бүйірден қысып тұр. Қиындықтан бас ала алмай отырғанда Nur Otan партиясының жәрдемі үміт отын жаққандай болды. Осындай қиын сәтте тұрғындарын қолдаусыз қалдырмайтынын сездіріп отырған партия өкілдеріне айтар алғысым шексіз. Еліміздің мақтанышы Ақжүрек Таңатаровтың жеке қаржыландыруымен үйіме азық-түлікті толтырып тастады, – дейді ол.
Жалпы, бұл birgemiz өңірлік қоғамдық қорына жиналған қаржыдан жасалып жатқан жақсылық. Бұдан бөлек, алдағы уақытта birgemiz республикалық қоғамдық қорынан аз қамтылған отбасы, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі мұқтаж жандар, мүгедек баланы қараушылар, асыраушысынан айырылған балалар, ең төменгі зейнетақы алушылар және Ұлы Отан соғысының ардагері сынды жеті санаттағы азаматтарға қаржылай көмек көрсетілмек. Осындай 5 786 азаматтың санаты расталып, 1 687-і іздестірілу үстінде. Дегенмен алдын ала зерделенген тізімге сәйкес 7 473 адамның 6 540-ы «Халық банкінің» қолданушысы болса, қалған 933 азаматқа арнайы есепшот ашылмақ. Сондай-ақ «Қазпошта» мен Тараз қаласы әкімдігінің 11 округіне бекітілген инспекторлардың көмегімен қаржыны байланыссыз жеткізу де жоспарлануда. Birgemiz – Jambyl oblysy қоғамдық қорына республикадан 373,6 миллион теңге түсті. Бұл қаржы есебінен жоғарыда аталған 7 санаттағы азаматтарға 50 мың теңгеден үлестірілмек.
Азық-түлікпен бір жәрдемдесіп, одан бөлек қаржылай қолдау көрсету үлкен іс. Қазір аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамту әлі де жалғасуда. Жақын күндері қаржылай көмек те жұртшылыққа жетеді.
Саятхан САТЫЛҒАН,Жамбыл облысы