Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы 2019 жылғы сайлау: ішкі және сыртқы саясаттың үздіксіздігі мен тұрақтылығы» тақырыбында сарапшылар пікірталасы өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлау өткізу туралы сөзінде елдегі әлеуметтік-саяси келісімді қамтамасыз ету және әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешу үшін болашақ саяси бағытқа қатысты белгісіздікті жою керек екенін атап өтті. Бұл тұрғыда үміткердің ағымдағы саяси бағыттың дәйектілігі мен сабақтастығын қамтамасыз ету қабілеті сайлаушылардың негізгі өлшемі саналады.
Кездесу барысында сарапшылар Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі аспектілерін қарастырып, 2019 жылғы 9 маусымға жоспарланған Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын талқылады. Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Зарема Шаукенова президенттік сайлауды Қазақстанның тұрақтығы үшін және жалпы дамуындағы елеулі бір оқиға ретінде қарастыру керек екенін айтты.
Талқылау барысында Әлеуметтік жұмыс жөніндегі ұлттық ресурстық орталықтың директоры Ләззат Нұрқатова қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен сапасын көтеру үшін мемлекеттің әлеуметтік бастамаларын жалғастырудың маңызы туралы пікірін білдірді. Сонымен қатар Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Садуақасова сөз сөйлеп, этносаралық және конфессияаралық бірлік пен келісімнің сақталуы туралы мәселе мемлекеттік дамудың маңызды аспектілерінің бірі болып қала беретінін тілге тиек етті. ҚСЗИ директорының орынбасары Санат Көшкімбаев еліміздің сыртқы саясаты туралы әңгімелеп берді. Оның пікірінше, сайлаудың нәтижелері еліміздің сыртқы саясатында жаңа серпінге ие болады және халықаралық аренадағы Қазақстанның беделін нығайтады.
Талқылауға сондай-ақ Азиялық зерттеулер институтының директоры Сұлтан Әкімбеков, «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының құрылтайшы жобалар директоры Ботагөз Ракишева, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы, Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басқармасы жетекшісі Анар Фазылжан, қоғам қайраткері, блогер Ғалым Байтұқ, ішкі және сыртқы саясат саласындағы сарапшылар қатысты.