«Аякс» қақпашысы: «Барселонаға» қайта оралуды армандаймын
«Аякс» қақпашысы: «Барселонаға» қайта оралуды армандаймын
394
оқылды

Ол Каталонияда бақандай бес жылын өткізді

«Аякс» 23 жылда алғаш рет еурокубоктық жарыстардың сырт алаңда болған кездесулерінде бірде бір мәрте гол жібермеді. Әрине, биыл көпшілікті тәнті етіп жатқан жастардан құралған осынау ерекше команданың ішінде қақпашы Андре Онананың да еңбегі орасан.

Соңғы, «Тоттенхэмге» қарсы өткізген ойын «Аякс» үшін аса ауыр болғаны анық. Ағылшындық клуб құрамында Кейн, Сон секілді көзір футболшыларының жоқ екеніне қарамастан мейлінше толассыз шабуылдауға, өз қателерін дер кезінде түзеп, голландиялық клуб қақпасын тулатуға тырысып бақты. Алайда Онана әр кезде де сәтті ойнады. Әрбір қимылын сенімді жүзеге асырды. Ол айып алаңында 7 рет қауіпті шабуылды тойтарып тастапты.

Футболшы 1996 жылы 2 сәуірде Камерундағы Нкол Нгок атты шағын ауылда өмірге келген. Ауыл халқының саны сол уақытта 300-ге де жетпейді екен. Алғаш ол атақты футболшы Самюэль Это'о академиясында аладоп әліппесін меңгереді. Ал 13 жасында «Барселонаға» аяқ басқан. Ол каталонияда бақандай бес жылын өткізеді. Ақыры 2015 жылдың қаңтар айында амстердамдық «Аякске» ауысады. Алғашқыда Онананы клубтың екінші командасына жіберген. Тек 2016/17 жылғы маусымнан кейін ғана Нидерландының басты чемпионатына ауысқан.

Осы уақытқа дейін Онана «Аякс» сапында 135 матчқа шығып, оның 58-інде қақпасын құрғақ сақтаған. Қазіргі таңда 24 жастағы голкипер әлемдегі ең қымбат он қақпашының қатарында екен. Чемпиондар лигасының жартылай финалының алғашқы кездесуінде «Тоттенхэмді» 1:0 есебімен жеңгеннен кейін Онана: «Біз финалға шығамыз деп үміттенемін. Бірақ жасыл алаңда кіммен ойнасақ та бәрібір. «Реал» мен «Ювентусті» жарыс жолынан ығыстырып тастағалы бері ешкімнен қаймықпайтын болдық» депті.

Осы орайда қазір күллі әлемнің назарын өзіне аударып тұрған клуб қақпашысының испаниялық Marca басылымына берген сұхбатын аударып, оқырмандарға ұсынуды жөн санадық. Сұхбат алушы – Alex Kimi.

- Андре, жаңа маусым қалай өтуде?

- Команда ретінде түзу жолда бара жатырмыз деп ойлаймын. Биыл біз үшін ерекше маусым. Чемпиондар лигасында мейлінше алысқа барғымыз келеді. Сондай-ақ ел чемпионаты мен кубок жарысында да топ жаруды қалаймыз. Бұл турнирлердің бәрінде де топтан озу шабуға мүмкіндігіміз бар.

- Естуімізше, «Барселона» сенің қайта оралуыңа ықылас білдіретін сияқты?

- Тікелей байланысқа шыққан жоқ. «Барса» әркез менің үйім секілді болып қалады. Онда оралу – менің арманым. Бұл менің карьерам үшін үлкен қадам болар еді. Бірақ дәл қазіргі сәтте мен «Аякс» ойыншысымын.

- Сен өзің туралы «Барселонада» жақсы әсер қалдыра алдың ба?

- Иә, бәрі жақсы болды. Командадан ерекше жағдайда кеттім. Бұрынғы командаластарыммен әлі күнге сөйлесіп тұрамын. Бос уақытым болса достарыммен кездесу үшін Барселонаға келемін.- Аяқпен жақсы ойнай алу сенің басты артықшылығың ба?

- Солай деп ойлаймын. Дегенмен дәл мен сияқты артықшылыққа ие қаншама қақпашы бар. Клуб философиясы – допты әркез төменде ұстау және шабуылды тереңнен бастау. Мұны маған бала кезімнен үйреткен. Бала кезімде қақпада тұрған жоқпын. Көбіне алаңда жүгіріп, ойнап жүретінмін. Сол қабілетім қазір көмектесіп жатқан секілді.

- Егер келесі жылы «Барсаға» ауысатын болсаң саған тер Штегенмен бәсекелес болуға тура келеді. Бұл жағдай сені қорқыта ма, әлде мотивация сыйлай ма?

- Қорыққаны несі?! Мен ешқашан қорықпаймын. Ол сөз менің өмірлік жолымда ешқашан қолданылған да емес. Футбол мен үшін барынша қарапайым. Қателіктен көп нәрсені үйренесің. Спорттың бұл түрі мен үшін – көңіл көтеру. Егер өз ойыныңнан ләззат ала алсаң онда бәсекелес болуға лайықтысың деген сөз.

- «Барселона» сияқты көп титул жинау үшін «Аяксқа» не жетіспейді?

- Мұнда жастар көп. Шешуші матчтарда көбіне тәжірибе жетіспей жатады. Бұл әсіресе, «МЮ»-ге қарсы Еуропа лигасының финалында қатты байқалды. Біз сол кезде әлсіздігімізден жеңілген жоқпыз. Тек мұндай ірі кездесуде өзімізді қалай ұстау керек екенін білмедік. Біздің жігіттер көп нәрсеге қабілетті, алайда топ-командалардан айырмашылығы - бізде соншалықты тәжірибе жоқ.

https://youtu.be/B0qZ6LRR-EE

- Нидерландыға жақсы сіңісіп кеткеніңе қарамастан Камерун құрамасын таңдадың...

- 20 жастағы қақпашыға қақпа кілтін сеніп тапсыра салу оңай емес. Басқа клубтар ондай тәуекелге бара бермейді. Сондықтан мен Амстердамда бақыттымын және маған мүмкіндік сыйлағаны үшін Нидерландыға ризамын. Бірақ мен өзім туып-өскен Камерун құрамасын таңдадым. «Аякс» әркез жас ойыншыларды назарға алып, қолдау көрсетеді. Осы үшін үлкен алғыс айтамын.