Абайдың сөзін ұққан бар ма?
Абайдың сөзін ұққан бар ма?
579
оқылды

Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік», – дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе түзу болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік аты ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы».

Абайдың алтыншы сөзі осындай. «Ақылға бірлік» дегенді қалай ұғып жүрміз? Жалпы, осы сөзді дұрыс ұғындық па?
Ел іші болғасын, әркімнің ойлағаны бар. Қазіргі жағ­дайы­на көңілі толатындар да, толмайтындар да бар. Көз­қарасы келіспейтіндерге кел­тек ала жүгіретіндерді де көріп жүрміз. Өзара тоқайласқан­дарға тоқпағын үйіретіндер не ойлайды екен? Сол тоқпаққа өз ұлы мен қызы түссе қалай болар еді?
Қазір ХХІ ғасыр. Абай за­ма­нынан алыс. Бірақ қазақ ор­тасы Абай мінеген мін-кесел­дерден әлі толық арылған жоқ. Билікті жатып-тұрып жа­мандайтындар сол биліктің қазақ қолында екенін бір мезет қаперінен шығарып алады. Аттандап «күні басқалардың» топ ортасында жүруі нені аң­ғар­тады? «Атасы басқа» ағайы­н­­­­ның дәл қазіргі жағ­дайы қазақтың жағдайынан әлдеқайда жақсы емес пе? Олар неге аяқ астынан әділет іздегіш болып шыға қалды? Сөзімізді сөйлеген болып, сойылын қолтығына тығып тұрған жоқ па? Қалың ағайын­ның арасында соқтауылдай болып солардың жүрген сойын көргенде, талап-тілектердің тек солардың тілінде айтылуы­на қарап, солтүстіктен ескен ызғарды сезінген жан бар ма?
Еркін қазаққа – ел ортақ, жер ортақ, дәулет ортақ! Абай дәуірінен ең басты ерекшелік: мемлекет ортақ! Түрлі көзқарас болуы мүмкін: айтысу, тартысу, жырғаласу, жұлқысу, тіпті жаға жыртысу; беталбаты айтаққа еру де, бүгінгі шүкіршілігінен жеру де...жаңаруға ұмтылу, жағ­дайды жақсартуға құлшыну, заманға сай өзгеру – мұның бәрі заңды құбылыс; алайда сол жақсы ниетті антұрғандық жолға салу, ашық арандатуға бару – Абай айтып отырған «ақылға бірліктің» жолы емес.
Қоғамда мәдениет болуы қажет: сөз айту мәдениеті, сөз тыңдау мәдениеті, қоршаған ортада өзін ұстау мәдениеті, аталы сөзге тоқтау мәдениеті! Тобырлық сана топтық мүд­денің туын көтереді. Осын­дайда тағы да Абайдың «Қа­зақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруа­сы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай, кетпей­тұғыны қалай?» деген сөзіне еріксіз ден қоясыз.
«Қайтсе түзу болады?». Кім біледі?!.