Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік», – дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе түзу болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік аты ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы».
Абайдың алтыншы сөзі осындай. «Ақылға бірлік» дегенді қалай ұғып жүрміз? Жалпы, осы сөзді дұрыс ұғындық па?
Ел іші болғасын, әркімнің ойлағаны бар. Қазіргі жағдайына көңілі толатындар да, толмайтындар да бар. Көзқарасы келіспейтіндерге келтек ала жүгіретіндерді де көріп жүрміз. Өзара тоқайласқандарға тоқпағын үйіретіндер не ойлайды екен? Сол тоқпаққа өз ұлы мен қызы түссе қалай болар еді?
Қазір ХХІ ғасыр. Абай заманынан алыс. Бірақ қазақ ортасы Абай мінеген мін-кеселдерден әлі толық арылған жоқ. Билікті жатып-тұрып жамандайтындар сол биліктің қазақ қолында екенін бір мезет қаперінен шығарып алады. Аттандап «күні басқалардың» топ ортасында жүруі нені аңғартады? «Атасы басқа» ағайынның дәл қазіргі жағдайы қазақтың жағдайынан әлдеқайда жақсы емес пе? Олар неге аяқ астынан әділет іздегіш болып шыға қалды? Сөзімізді сөйлеген болып, сойылын қолтығына тығып тұрған жоқ па? Қалың ағайынның арасында соқтауылдай болып солардың жүрген сойын көргенде, талап-тілектердің тек солардың тілінде айтылуына қарап, солтүстіктен ескен ызғарды сезінген жан бар ма?
Еркін қазаққа – ел ортақ, жер ортақ, дәулет ортақ! Абай дәуірінен ең басты ерекшелік: мемлекет ортақ! Түрлі көзқарас болуы мүмкін: айтысу, тартысу, жырғаласу, жұлқысу, тіпті жаға жыртысу; беталбаты айтаққа еру де, бүгінгі шүкіршілігінен жеру де...жаңаруға ұмтылу, жағдайды жақсартуға құлшыну, заманға сай өзгеру – мұның бәрі заңды құбылыс; алайда сол жақсы ниетті антұрғандық жолға салу, ашық арандатуға бару – Абай айтып отырған «ақылға бірліктің» жолы емес.
Қоғамда мәдениет болуы қажет: сөз айту мәдениеті, сөз тыңдау мәдениеті, қоршаған ортада өзін ұстау мәдениеті, аталы сөзге тоқтау мәдениеті! Тобырлық сана топтық мүдденің туын көтереді. Осындайда тағы да Абайдың «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай, кетпейтұғыны қалай?» деген сөзіне еріксіз ден қоясыз.
«Қайтсе түзу болады?». Кім біледі?!.