Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүрген Мәжіліс депутаттары Орал қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандар мен өнеркәсіп ошақтарын аралап, жергілікті жұрттың пікіріне құлақ түрді
Мәжіліс депутаттары Ержан Құдайберген, Михаил Чирков, Иван Клименко және Геннадий Шиповских облыс орталығындағы Жоғары аграрлық-техникалық колледжде болып, осы оқу ошағының материалдық-техникалық әлеуетіне қанықты. 85 жылдық тарихы бар колледж агроөндіріс, құрылыс және мұнай саласына маман даярлайды. Колледж ұжымы қоғам мен еңбек нарығы талаптарын ескере отырып, оқыту мен тәрбие үрдісінің озық әдіс-тәсілдерін қолданады. Парламент депутаттары жұмысшы мамандықтар бойынша кәсіптік білім алып жүрген жастармен тілдесіп, колледждің өндірістік тәжірибе алаңының, 3D моделдеу орталығының жұмысына риза болды.– Колледждің сабақ беру, маман даярлау үрдісіне көңіл толды. Бізді жастардың еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарға оқып жатқаны қуантты. Іргелі елдер біраз жылдан бері моделдеудің 4D, 5D сатысы бойынша жұмыстануда. Демек, Оралдағы Жоғары аграрлық-техникалық колледждегі жұмысы жүйелі жолға қойылған 3D модельдеу орталығы жастарға келешекте дамуға, біліктілігін жетілдіруге жол ашады деген сөз. Жастар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу және жас мамандардың баспана мәселесін шешу – бүгінгі таңда қазақстандық қоғам үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Батыс Қазақстан облысына сапар барысында Жайық жұртымен біраз жүздесу өткіздік. Басты мұрат-мақсатымыз – жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлерін жинақтау, сонымен қатар шешімін күткен мәселелерді анықтау, – деді жұмыс тобының жетекшісі Құдайберген Төлепұлы.
Колледждің жиналыс залында педагогтармен кездескен Мәжіліс депутаттары агротехникалық және кәсіптік білім беру саласындағы оқу бағдарламаларын жаңарту, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, сондай-ақ халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды оқу үрдісіне енгізу жөнінде пікір алмасты.
– Nur Otan партиясының съезінде әлеуметтің әлеуетін арттыру, табыс-кірісі аз отбасыларды қолдау, ауылдық елдімекендердің инфрақұрылымын жетілдіру секілді мәселелерді шешу үшін төрт бірдей партиялық жоба қолға алынғанын жақсы білесіздер. Олар – «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі», «Халыққа көмек» жобалары. Бұл бағдарламаларда біраз көкейкесті мәселе қамтылған. Қазіргі кезеңде 7,5 млн астам халық ауылдық елдімекендерде тұрады. Бүгінде кең байтақ Қазақстан бойынша 6,5 мыңнан астам ауыл бар көрінеді. Ендеше, аталған бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы көптеген отандасымыздың тұрмыс-тіршілігін жақсартамыз.
Заман талабына сай кәсіптік білім беру саласында қазіргі таңда цифрландыру мәселесі күн тәртібінде өткір тұр. Сол себепті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін жұмысшы мамандарды оқыту-үйрету үрдісі озық технологияларға негізделуі шарт, – деді депутат Геннадий Шиповских. Мәжіліс депутаттары осы аптаның бейсенбісінде «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» және «Оралагрореммаш» зауыттарында, сондай-ақ облыстық перинаталдық орталық пен облыстық балалар ауруханасында болып, осы мекеме-кәсіпорындарда еңбек ететін батысқазақстандықтармен пікірлесті.
Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысы