Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аймақтарда қалай іске асып жатқанын бақылау мақсатында Nur Otan партиясы жанынан құрылған қоғамдық кеңес мүшелері кезекті рейд өткізді. Онда «Бес бастаманың бірінші бағыты бұқараны баспанамен қамту» мәселесі талқыланды. Қостанай өңірінде «7 – 20 – 25» мемлекеттік бағдарламасы арқылы үй алу тетіктерінің тиімділігі тілге тиек болды.
Биыл Бес әлеуметтік бастаманы түсіндіру мен іске асу барысын тексеру бойынша іс-шаралар тізбегі құрастырылған еді. Өткен жылдың өзінде 6 отырыс өткізіліп, нәтижесінде, 13 ұсыныс әзірленді. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» ақпараттық түсіндіру шаралары аясында 900-ден астам кездесу ұйымдастырылып, 35 мыңнан астам тұрғынды қамтыды, – дейді Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисимбаев.Қостанай өңірінде 600-ден астам көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұр. Олардың 70%-ы облыс орталығы мен Рудный қаласында және Қостанай ауданында тіркелген. Жуырда оларды баспанамен қамтамасыз етуге республикалық және облыстық бюджеттен 900 млн теңге бөлінген. Бұл қаржының бір бөлігіне аталған отбасылар үшін дайын пәтерлер сатылып алынса, екінші бөлігі баспана кезегінде тұрған көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы 2%-дық жеңілдікпен беріледі. Құрылыс басқармасының ақпаратына сәйкес, «Бақытты отбасы» аясында жаңа бағдарлама мамыр айынан басталады. Қаржының қалған бөлігіне көпбалалы отбасыларға арналған жалдамалы үйлер тұрғызылмақ. Мұндай үйдің бірі былтыр Аманкелді ауданында бой көтерген еді. Биыл Федоров ауданында 24 пәтерлік, ал Лисаков қаласында 60 пәтерлік жалдамалы үй салынбақ.
Өңір тұрғындарының «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасы бойынша баспана алу көрсеткіші де біршама өскен. Бүгінге дейін тұрғындар тарапынан екінші деңгейлі банктерге көлемі 2 млрд теңгеге жуық 400-ден астам өтінім түсіп, оның 306-ы қанағаттандырылған. Тобыл өңірі бұл бағдарламаны іске асыруда еліміз бойынша алдыңғы қатарда келеді.
– Былтыр бұл бағдарлама бойынша тұрғындарға жалғыз «Центркредит Банк» қана несие беріп келсе, биыл оған «Халық банкі», «Форте», «АТФ», «Цесна банк», «Еуразия» және «Сбербанк» сияқты қаржы мекемелері қосылып отыр, – дейді Ұлттық банктің Қостанай облыстық филиалы қаржы мекемелерін қадағалау және қаржылай қызмет көрсету бойынша тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің басшысы Әсет Қуанышбаев.
Жалпы, «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша биыл 11 тұрғын үй салынады. Онда 1 233 пәтер бар. Мұның сыртында аталған бағдарламаның тиімділігін арттыру мақсатында екінші жартыжылдықта облигациялық қарыздар бойынша салынып жатқан несиелік тұрғын үйлердің есебінен 368 пәтерді екінші деңгейлі банктерге өткізу жоспарланған. Арнайы бақылау іс-шарасы барысында құрылыс сапасында кемшіліктер табылмады.
Айта кету керек, қоғамдық кеңестің тексеру шаралары ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Басты мақсат Бес әлеуметтік бастаманың уақытылы орындалуы дейді кеңес мүшелері.