«...Мамандарың сол тұста граф титулын алыпты деседі ғой. Қазақтағы қарапайым байлардан гөрі олардың дворяндық салтты ұстанған кездері болды дейді, мысалы қыс қыстауы имение, усадьбаға көбірек ұқсаса, жаз жайлауында өзгеше бірдемелер бар секілді... » деген екен атақты жазушы Ғабит аға Мүсірепов замандасы ақын Ғали Ормановқа. Бұл – классик жазушының Жетісу өңіріне аңсарлы ықыласпен саяхаттап, өркениет ошағы, қазақ рухының білтесі болған Қарағаш қаласының орнын, айналасындағы мәуелі бау-бақшаны көріп, тамсанып, таңданып айтқандағы сөзі екен.
«Граф Маман» дегеніміз – ХХ ғасырдың басында Жетісудың Қапал-Ақсу аймағында өмір сүрген Маман-Тұрысбек деген әкелі-балалы ақсүйектер еді. Өрісі малға, сандығы асыл тастарға толған Маман ұрпақтары 1899 жылы тұңғыш рет медресе ашып, ауыл-аймақтағы кедей-кепшіктің балаларын оқуға қабылдайды. Көреген Тұрысбек қажы әкесінің өсиетіне адал болып, медресенің жұмысын жетілдіру үшін үлкен мектеп салдыру ісін қолға алады. Сөйтіп, 1903-1904 жылдары медресені алты сыныптық мектепке айналдырған. Қарағаштағы бұл мектепте Жетісу өлкесіне қарасты болыстардағы балалар оқып, тәрбие алып жетілген. Қолымыздағы архив деректеріне сүйенсек, 1918 жылға дейін жалпы ұзын саны сексенге жуық оқушы білім алған екен. Революция басталып, ақ пен қызылдың тайталасы қыза түскенде жұртына дәулетімен қызмет еткен ақсүйек әулеттің басына қайғының қара бұлты үйіріледі. Ақырында, мал мен мүлкі, дәулеті талан-таражға түсіп, өздері «байшыл», «ұлтшыл» деген желеумен сібірге айдалады. Аман-есен қалғаны туған жерін тастап, жат елдерге босып кеткен еді. Зобалаң жылдары Маман әулетінің сексен пайызы итжеккенге айдалып, қуғын-сүргіннің құрбаны болған. Қазақ даласының басқа шетіне көшіп, «әупіріммен» тірі қалғандары советтік жүйенің аяусыз қысымын тартып, не оқу, не қызмет жағына ілікпеді. Сан салалы білімімен көзге түсіп, совет медицинасына зор үлес қосқан Халида Маманова Сталинге өзі сұранып хат жазып, майдан даласына барады. Штрафбатта қызмет етіп, шовинистік биліктен «Халық жауының ұрпағы» деген қасіреттен ақтауды өтініп сұрағанымен, құпия жағдайда үлкен ғалымды өлтіріп тынды...
«Мамания» мектебіндегі қазақы тал бесікте тербеліп, ұлттық уызына қанып, исламның иманды бұлағынан нәр татып өскен Біләл Сүлейұлы, Ілияс Жансүгірұлы, Мейірман Ермектасов, Ыбырайым Маманов сынды ақсұңқар азаматтар – озық елдің мәдениетін игеріп, жеті жұрттың тілін біліп, қазақ әдебиеті мен тілінің, руханиятының сом тұлғалары болып қалыптасты. Классикалық статусты иеленген бұл мектепте қазақтың алтын діңгегіне айналған алаш ардақтылары Мұстақым Малдыбайұлы (қарқаралық), Ғабдолғазиз Мұсағалиев (текелік), Майра Уәлиқызы (керекулік), Фатима Есенгелдина (уфалық) тағы басқа көзі ашық ұстаздар оқытушылық қызметпен айналысты. Маман балалары Сейітбаттал мен Есенқұлдар «Қазақ», «Айқап» басылымдарына «сүйіншілеп» хабар таратқызып, мектептеріне ұлы даланың әр қиырынан оқытушы алдыртты. Қазақтың алғашқы Конституциясын жазған үлкен оқымысты Барлыбек Сырттанұлы мектептің оқу бағдарламасын жасақтап, Уфадағы «Ғалия» мектеп медресесінің оқу-ағарту жоспарына сай арнайы пәндерді қосқызып, шәкірттерге жәдит ілімін, дүние және дін ғылымын беруге ықпал етті. Патшалық биліктің қысымына ұшырап, саяси айдауда жүрген атақты заңгер Жақып Ақбайұлы Қарағашқа жиі-жиі келіп, оқушылармен кездесіп, заң, құқықтық саяси көзқарас тақырыбында дәріс оқыған-ды. Алаш идеясын таратушы ұлт ақыны, қайраткер Міржақып Дулатұлы Байқажының еліне арнайы келіп, ұлттық қозғалыстың низамын айтып, алқалы жиын ұйымдастырғаны бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорған қаласына ресми сапарымен келіп, жергілікті зиялы қауыммен кездескенінде: «Алғашқы қазақ ағартушылық мектептерінің бірі, Ақсу жерінде ашылған «Мамания» медресесі ұлт руханиятына айрықша үлес қосты. Бұл – қазақ тарихындағы білімге салынған инвестицияның бастау көзі болатын», – деді. Мемлекет басшысының осы сөзін естіп, қуанып қалдық. Шіркін-ай, енді аймақ атқамінерлері Президент сөзін ескеріп, мектептің 120 жылдық мерейтойы аясында заманында өркениет ошағы болған, Алаш тұлғалы ерлердің табанының ізі қалған, бүгінде қараусыз, ажары тайған қайран Қарағашты мемлекет қамқорлығына алса екен. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде ашық аспан астындағы музей-қорыққа айналдырып, мектеп ашқан Маман Қалқабайұлы, Тұрысбек Маманұлы және Сейітбаттал, Есенқұлдардың, сондай-ақ мектепте «адамдық диханшысы» болған Ғабдолғазиз, Мұстақым, Барлыбек, шәкірттері Ілияс пен Біләлдардың тұғыртастарын орнатып, медресенің орнына тарихи белгі қойса, тарихымыз да, руханиятымыз да жаңғыра түсер еді. Сосын сол жердегі бабалар зиратын қоршап, жол салса, Өскемен – Алматы бағытындағы ары-бері өткен жолаушылар, туристер төл тарихымызбен танысып, дүниетанымдарын кеңейтер еді...
Асылы, есімі ел аузында жүрген ақжүрек жомарт жандардың өнегесі жылдан-жылға, ұрпақтан-ұрпаққа тағылым ретінде сақтала береді екен. Бүгінгі күннің қалталы жандары кешегі күннің азаматтарындай еліне тіреу, жұртына қалқан болса екен...
Елдос ТОҚТАРБАЙ, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты