Әлихан Бөкейхан – қазақ халқының руханият саласының барлығына үлесін қосқан қайраткер. Ол – саяси қоғамдық істерге белсене араласқан, әлеумет, әдебиет, өнер, мәдениет саласында із қалдырған бірегей тұлға. Туған халқына, Отанына адал болып, өле-өлгенше халықтың мүддесі үшін күресті. Әлихан Бөкейхан төре тұқымы болғанымен, ешуақытта билікке ұмтылмаған. Ол еркіндік пен теңдікті жоғары бағалаған ортада өсті.
Оның қоғамдық көзқарасының қалыптасуына халықтың бай ауыз әдебиетінің, ұлы Абайдың және басқа ақын-жыраулардың терең ойлы шығармаларының ықпалы болғаны сөзсіз. Жақсы оқуы және ерекше тәрбиесінің арқасында ол 1890 жылы Дала генерал-губернаторы кеңесінің ұсынысхатымен Петербордағы Императорлық орман институтына түседі. Студент кезінен бастап Әлихан Бөкейхан Ресей орталығындағы саяси жағдайлардан тыс қала алмады. Сабақтан тыс кездерде марксизм іліміне ден қойып, қызу пікірталастарда оның экономикалық материализм қағидаларын қорғайды. Қоғамдық белсенділік танытып, әртүрлі студенттік толқуларға араласады. Мұның барлығы болашақ Алаш көсемінің Ресейдің мемлекеттік құрылымын, оның қазақ даласындағы отаршылдық саясатының қыр-сырын тереңірек түсінуіне игі ықпал етті.
Оқуын ойдағыдай бітіріп, экономист мамандығын алған Әлихан Бөкейхан Омбыға келіп 14 жыл тұрады, қаланың қоғамдық өміріне қызу араласып, қаладағы прогресшіл, демократиалық ұстанымдағы зиялы қауыммен кездеседі. Олардың арасында саяси көзқарасы үшін орталықтан жер аударылғандар да бар болатын. Мұның барлығы оның ғылыми-теориялық жағынан толыса түсіп, саяси күрескер ретінде қалыптасуына айрықша ықпал етеді.
Қазақ халқының аса маңызды тарихи кезеңінде саяси сахнаға шыққан Әлихан Бөкейхан ұлтының санасын оятуға айрықша әсер етті, оның әлеуметтік-саяси өміріндегі бұрын-соңды болмаған ерекше жаңалықтардың, тағдырлы оқиғалардың басы-қасында болды, оны ұйымдастырып қана қоймай, оған жетекшілік жасады. Ол халықты ағарту ісіндегі әдебиеттің зор күшін көре білген, Абайдың жаңашылдығына, ұлтшылдығына алғаш назар аударып, оның есімін, шығармашылығын ұлттық қозғалыстың туы ретінде ұсынған қайраткер ғалым еді.
Ол Абай шығармаларын жаңа заманның тынысы, лебі деп түсінді, қалыптасып келе жатқан қазақтың жаңа ұлттық әдебиетінің бастамасы деп бағалады. Абайдың өмірі мен шығармашылығын тұңғыш рет орыс тілінде жазып бастаған да Әлихан болатын. Бірақ кеңестік кезеңнің зұлматынан оның жазған аса бағалы еңбектерінің бәрі де көрсетілген жоқ, тіпті оны атаудың өзіне тыйым салынды. Сол себепті де, ұрпақ одан хабарсыз қалды. Яғни, оның қаламынан туған шығармалардың бәрі де ақтаңдаққа айналып кетті. Абайтану тарихында Абайдың ақындық өнері мен ислам дініне қарым-қатынасы жайлы аса күрделі мәселеге де тұңғыш рет Әлихан Бөкейхан тарапынан білікті пікір айтылуы, сол кезең үшін де мән-мағынасын сақтап отырған танымдық мәні бар пікір деп білеміз. Әлихан Бөкейханның «Абай поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ» деп білгірлікпен баға беруі – Абайдың әдеби мұрасын терең танып білген зерделі зерттеуші аузынан ғана шығатын таным.
Ә.Бөкейхан басты назарын қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне арнаған. 1903 жылы Петерборда белгілі ғалым Семенов-Тянь-Шанский мен академик В.Ламанскийдің редакциясымен жарық көріп келе жатқан «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көп томды еңбектің 18-томы «Киргизский край» деген атаумен қазақ тарихына арналып шықты. Міне, осы кітаптың «Население» деп атаған екінші бөлімін жазуға Әлихан Бөкейхан қатысқан. Онда қазақ халқының өзіндік ерекшелігі, өткен тарихы мен танымы, мәдениеті туралы, мол ауыз әдебиеті жауһарларын, жекелеген ақындарды айта келе, Абайға айрықша тоқталады. Абайды жаңа әдебиеттің көшбасшысы ретінде бағалайды.
Абай шығармаларының әсері халық арасында күшті екені, тіпті рухани жан азығына айнала бастағанын Әлихан Бөкейханның Абай әндері мен аударма өлеңдерінің халық арасында қаншалықты сіңісіп кеткенін өзі көрген мысалдармен арнайы атап көрсетуінен де аңғарамыз. Осы себепті Абайды туған халқына таныту, сол арқылы ұйқыдағы езіліп тапталған туған халқының ой-санасын оятуға, жаңа заман көшіне ілесуге тырысқан бұл танымның сарыны 1918 жылғы «Абай» журналында жарияланған ұлы ақынның әдеби мұрасы туралы «Абайдың өнері мен һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» деген мақалаларында толық көрініс берген деп айта аламыз.
Әлихан Бөкейхан қазақ халқының рухани мәдениет байлығын баяндай келіп, ауыз әдебиетінің түрлерін талдайды. Халық дастандарына сипаттама беріп, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырына ерекше көңіл аударады. Шортанбай, Ноғайбай сияқты және басқа ақындарды атап айта келе, Абайға ерекше тоқталып, оны қазақтың жаңа жазба әдебиетінің көшбасшысы деп бағалайды.
Әлихан Бөкейхан Абайды ең алғаш таныған, оның қазақтың рухани бағдаршамы екенін білген. Абай қайтыс болысымен туыстарына хат жазып, өлеңдерін жинаттырған Әлихан ұлы ақынның мерейтойында үлкен мақала жариялады. Абай өлеңдеріне талдау жасап, абайтанудың қазығын қағып, іргетасын қалады.
Абайдың көзі тірісінде, оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш таныстырған да Ә.Бөкейхан болатын. Абай қайтыс болған соң, Әлихан ақынның өмірбаянын орыс тілінде жазып, Семейде шығып тұратын «Семипалатинский листок» атты газетте 1905 жылы жариялайды. Содан екі жыл өткен соң 1907 жылы «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского русского географического общества» деп аталатын кітапта Абайдың өмірбаяны фотосуретімен бірге тағы басылып шықты. Онда Әлихан Бөкейхан Абайдың туған жерін, шыққан ортасын, білім алу жолын баяндайды. Абайдың ата-бабасымен таныстыра отырып, оқуын, тәлім тәрбиесін, білімін, ақындығын, даналығын, орыс революционерлерімен таныстығын айтады.
Әлихан Бөкейхан 1908 жылы түрмеге тағы отырып шығады. Сөйтіп, Абайдың өлеңдер жинағы тек 1909 жылы жарық көреді. Бұл жөнінде Міржақып Дулатұлы 1914 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай» атты мақаласында былай дейді: «1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде, онан кейін Семейдегі «Географический обществаның» шығарған бір кітабында Әлихан Бөкейхан Абайдың тәржіма хатын жазды һәм кешікпей кітабы да басылатынын білдіріп еді. Бірақ тез шықпады.
1909 жылы Абайдың балалары мен інілерінің ризалығы һәм Әлиханның ыждаһатымен Абай кітабы Петерборда «Бораганский» баспасында басылып шықты. Бұл күнгі қолымыздағы кітап сол бірінші баспасы».
Ұлы ақынға деген бұл сүйіспеншіліктің соңы Әлихан Бөкейхан мен Абай балалары, жалпы Құнанбай қажы ұрпақтары арасындағы үлкен сыйластыққа, достыққа ұласқан.
Сөйтіп, Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы Әлихан Бөкейхан басшылығымен жарық көрген. Абай туралы ақынның көзі тірісінде (1903) жазғанын, 1905, 1907 жылы жарияланған мақалаларын кезінде оқып, біліп отырған, Абайдың ақын шәкірттері, балалары Ақылбай, Тұрағұл, досы Көкбай ақын Әлихан Бөкейханды ерекше қадірлеп, құрметтеген.
«Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз» деп ұлтының асқақ мұратын ту еткен Әлихан Бөкейхан – абайтану бастауларындағы алғашқы құнды ғылыми ізденістерді жинақтаушы, насихаттаушы.
Сонымен қатар Әлихан Бөкейхан – ірі ғалым, көреген саясаткер ғана емес, қылышынан қан тамып тұрған большевиктік өктем саясатқа қасқайып қарсы тұрған, кеңестік шындыққа бетпе-бет келген бірден-бір қайсар тұлға.
Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газеті бетінде жарияланған ғылыми негізі терең, дәлелі тиянақты публицистикалық мақалаларында қазақ оқырманына патшалық Ресейдің отаршыл аппаратының зорлығын, жасап жатқан айласын жан-жақты сынап, әшкерелеп, сол арқылы халықтың көзін ашып, әлеуметтік шындыққа жетеледі.
Халқының бостандығы мен азаттығы, болашағы мен бақыты жолын жан сала күрескен, сол жолда құрбан болған Әлихан Бөкейханның сан салалы асыл идеялары бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жағдайында бірте-бірте жүзеге асуда. «Алаштың Әлиханы» атанған ұлтымыздың ұлы перзентінің халқына жасаған ұшан-теңіз еңбегі, рухани асыл мұралары мәңгі жасай бермек.
Нұрсұлу САНАҚБЕКҚЫЗЫ,
Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және
әдеби-мемориалдық қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері