Қазақ халқының рухын әлсіздендіруге байланысты небір құйтырқы саясаттың жүргізілгені тарихтан белгілі. Өзін «жоғары мәдениетті» елміз деп санаған «аға ұлттар» еліміздің асқақ арман, биік мақсатының жолын кесіп, өзгеше өмір сүруге үйретпек болды. Ал мұндай саясат белгілі жазушы Қойшығара Салғараұлы жазғандай «мен анадан артық болып, мынадан жоғары тұрсам» деген өзара бейталастықты өршіткеннен басқа ештеңе бермейді.
Осыдан келіп алауыздық, шенқұмарлық, көреалмаушылық, қызғаншақтық белең алады. Қызғаныш – ақылды адастыратын залым дүние. Мұның арты ар-ұят, ұлттық намыс, ұлттық рух, қағанат деген қадірлі қасиеттердің беделін түсіріп, орнына таусылмайтын талас-тартыс, дау-жанжалды қалыптастырады. Мұндай жағдай қазақ тарихында үнемі қайталанып отырған. Сонда да тарихтан үйренгіміз келмейді. Ал Елбасы, әу бастан-ақ осындай әдеттен айығудың жолын ұлттық сананы оятудан бастады және оны құр сөзбен емес, экономикалық негіздеу арқылы жүргізді. «Алдымен экономика, содан кейін саясат» тұжырымының сыры сонда деп білеміз. Әйтпесе, тағдырдың сыйы тәуелсіздіктің елең-алаңында бас-басына би болып, көсем шығып, құрғақ саясатқа салып, ұлт мүддесін желеу етіп, өз басының қамын ойлаушылардың ұраны дайын болатын. Осы тұста уақыт керуенінің теңін аудармай өтуімізге ертеңге деген өзара сенім себеп болған еді. Соның арқасында біз үйренетін елден үйрететін елге айналудамыз. Ендігі жерде де барымызға «тәубе» деп, жасалған жұмыстарға шүкіршілік қылып, өзімізді рухтандырып, жаңа бастамаларға ынталандыру, яғни өз-өзімізге деген сенімді күшейтіп, алға жылжуымыз керек. Давос экономикалық форумының негізін қалаушы Клаус Шваб «Әлемде тұрақты ештеңе қалмаған кезде, сенім ғана ең маңызды құндылық болып қала береді» деп жазады. Бүгінде қоғамның алға жылжуының басты кедергілердің бірі – болашаққа үреймен қарау». Зәре-құтымыз қашып, ертеңге ұмтылмай, екі қолымызды алдымызға құр қойып немесе мемлекетке қол жайып қарап отыра бергенде не ұтамыз? 92 жыл өмір сүріп, фәниге көшкен атамнан «1931-33 жылдардағы ашаршылық кезінде азық-түлік іздеп, алға қарай жүре беруге не себеп болды?» деп сұрадым. Сонда атам «Әйтеуір, жан далбасалап, тірі адам тіршілігін жасайды деп теміржолды жағалап, жылы жаққа жетсек, аштан өлмейміз деген сеніммен жүре бердік қой. Жолға шығудан қорқып, Телікөл, Сарысу бойында қалған ағайынның барлығына жуығы өліп кетіпті» деп айтқан-ды. Сол сияқты алдымыздағы ықтимал қиыншылықтарды ойлап, одан туған үрейді жеңудің бірден-бір жолы – сенім. Ал сенімді күшейтудің маңызды қадамы – халықты дұрыс ақпараттандыру мен қоғамның барлық мүшесі арасында ынтымақтастық деңгейін арттыру. Біз осындай күрделі мәселелерді шешу кезінде әрқайсымыз жеке проблемаларымызбен тұсалмағанымыз жөн. Тұсаулы адам ақсақ түйе сияқты көш соңында қалуы ықтимал. Ал ақсақ түйенің бір ғана, көш кері бұрылса, мен алдына шығар едім деген арманы болады. Заман деген ұлы көштің жекелеген адамдардың проблемасына бола кері бұрылғанын тарихтан оқығаным жоқ. Кезінде кедейлерді баймен емес, байларды кедеймен теңестіру үшін кері бұрылудан көрген қазақ ұлтының қасіретін Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жазды. Сондықтан ұлтымыздың мүддесін әлемдік өркениетпен үйлестіре дамыту кезінде барлығымыз ынтымақты және икемді болуға тиіспіз. Осындай ынтымақтастық рухтағы идеологиямен ғана қоғамдағы адамдардың әлеуметтік жіктелісіне қарамастан ортақ сұраныстарды өтей алатын боламыз деп ойлаймын.
Елбасы тапсырмасына сәйкес әлемдегі 100 кітапты аудару тізіміне кірген Клаус Шваб өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция» атты кітабында Гарвард университетінің математика және биология профессоры М.Новактың «Адамзатты сақтап қалатын нәрсе – ынтымақтастық» деген сөзін келтіреді. Яғни, осы уақытқа дейінгі дамудың негізгі сәулетшісі ретінде ынтымақтастық оның қозғаушы күші деп түсіндіреді.
Сонда, әлем ынтымақтастыққа мүдделі болып тұрғанда, бір елдің ішінде мызғымас бірлікте болуымыздың орны айтпаса да түсінікті. Өйткені ол бізге жылдам даму барысына тез бейімделуімізге мүмкіндік береді. ХХІ ғасырда адамдар тапқа, нәсілге, бай-кедейге бөлінбейді, өмір талабына бейімделгендер мен бейімделмегендер болып бөлінеді.
«Ақылсыз адамдар жеке адамды талқылайды, жай адамдар ортаны талқылайды, ақылды адамдар озық идеяны талқылайды» деген заманауи қағида бар. Бүгінгі күні «рухтастық сана» деген термин айналымға еніп келеді. Тағы да Клаус Шваб «Рухтастық сана, яғни рухтандыру ортақ мәселелерді ұжымдық және өнегелі ой-сана арқылы шешу» деп айқындайды. Ортақ мақсат жолындағы игіліктер мен мүмкіндіктерді бір арнаға тоғыстыра отырып, барлық күш-жігерді тұрақтылықтың сақталуына қарай бұруымыз қажет. Отбасы өмірі, мекемелердің ішкі жұмысынан бастап, мемлекетаралық қатынастарды реттеуге бір-бірімізге деген сенімнің керегі өте маңызды.
Ақпарат алаңының белсенді мүшелерінің бұл бағыттағы орны ерекше. Олардың, әсіресе, ең жылдам ақпарат беруші ретінде әлеуметтік желідегі жазбаларын, ұсыныс-пікірлерін зерделеп отыруымыз қажет. Қоғамдағы әртүрлі құбылыстарға өзіндік пікір білдіріп жүрген әрбір азаматтың көзқарасы бәріміз үшін маңызды. Ақпарат – қоғамдық дамудың айнасы. Ынтымақтастық жағдайында қоғамның барлық мүшесі ортақ мәселелерді шешуге тиімді ұсыныстармен атсалыса алады. Дамыған ақпараттық технология жағдайында бұл оңай. Ол жүріп те жатыр. Оған құрметпен қарау – адамгершілік белгісі. Дегенмен ақпараттың екі жақты әсері болуы мүмкін. Әсіресе, елдің ынтымағына қатысты жазбалардың, әртүрлі алыпқашпа мәліметтердің алдын алатындай, мерзімінде нақты жауап беріп, назарда ұстау керегін бірнеше оқиғалар жетемізге жеткізіп берді. Кешіктіріліп, «болары болып, бояуы сіңген» ақпараттарды жуып-шайып, ақталу сияқты мәлімдемелердің сенімдік күші әлсіз болып тұр. Соның салдарынан ақпарат бетінде ойына келгенін жазып, билік халыққа құлақ аспайды дейтіндер көбеюде.
Біріміз биліктегілердің кемшілігін еселеп көрсетіп, олардың мазасын май ішкендей қылуға ұмтылып, нәтижелі ісімен жасай алмағанды, тіземді батырсам мені мойындайды деген ұстанымға ұмтыламыз. Сабырмен, уақытымен келер нәтижені бүгін жасай қоймадық деп өз мүддесін халықтың мұңына айналдырып, аласұратынымыз тағы бар. Оның үстіне басшыларға айтқан сөз есепке алынса, өзін шынайы, шыншыл, ең әділ адаммын деп көрінген жерде мақтануға дайын тұратындарға не деуге болады? Сайып келгенде, қолда бар алтынның қадірін түсінбей, бейбіт өмірмен елін жетілдірер ердің орнын біле алмай опық жеп қалуымыз кәдік. Әбіш Кекілбаевша айтқанда, «Азаматтық келісіммен әлеуметтік кекшілдікті, саяси плюрализмнен саяси текетірестікті, бейбіт бәсекеден бітіспес бақастықты жоғары қоймағанымыз» дұрыс болар. Ыңғайы келгеннің бәрін сынап, өз пікірінің құлы болып бәріне қарсы шығу – дағдарыстың, ушықтырудың әрекеті. Егер де бір нәрсені ұнатпасаң, одан да жақсысын жасауға тырысуды үйренейік. Өйткені қиратудан үйінділер, ал жасампаздықтан жаңа дүниелер туындайды.
Бүгінгі күнге дейін қандай жетістікке жетсек, соған сенім қалыптастырудағы БАҚ-тың орнын әрқашан мойындап келеміз, мойындай береміз. Дегенмен әрбір ақпарат тартушы осы елдің патриотымын дейтін болса, алдымен жариялайтын ақпаратының ортақ қоғамға кері әсерін тигізбейтініне көз жеткізуі тиіс. Өз ортасына тигізер зияны өзіне қайта соғар бумеранг екенін ұмытпағаны дұрыс.
Әрине, қолында ақпарат таратушы құқығы бар әрбір адам кәсіби маман емес. Сондықтан өзінің ақпараты арқылы сананы байбаламмен уландырмауы керек. Бұның соңы өз кәсіби әріптестерінің де рөліне кері әсерін тигізуі мүмкін. Мысалы, Қызылорда қаласындағы ұзақ уақыт ауыстырылмаған құбырларды ауыстыру кезінде судың болмауына қатысты пікірлерге тоқталайық. Судың болмауы, әсіресе, аптап ыстықта болмауының дұрыс еместігі ақиқат. Екінші жағынан жарты ғасырдай уақыт бойында іріп-шіріген құбырларды ауыстыру керегі, бұл да шындық. Осының қайсысы маңызды? Бұл мәселені түпкілікті шешіп, үздіксіз таза су берілсе, сол маңызды деп ойлаймын. Қала әкімшілігі уақытша қиыншылықты тудырмауға жұмыс жасады. Солай бола тұра шыдамсыздық танытып, ойына келгенді айтып, бетбақтық көрсетушілер де төбе көрсетті. Дегенмен атам қазақтың «Сабыр түбі – сары алтын» деген сөзі бар. Сабырлық жанның сыздауын басатын емдік шөп сияқты. «Сабыр» араб тілінен алғанда өте ащы, бірақ емдік қасиеті күшті бір шөптің атауы болған. Әйтпесе, биліктің кемшілігін айтқан болып, билік пен бұқараның арасына сына қаққанда табарымыз не болмақ?
Адамзат тарихында өзіндік орны бар қазақы болмыстың қағидаларындағы «жөн сөйлеу» мәдениетін де үнемі есте ұстаған дұрыс. Ұлы даланың қатаң заңымен өскен қазақ ұлтында «жамандықты шақырма» деген тыйым бар. Осыдан бірер жыл бұрын Сырдарияның төменгі ағысындағы аймақта су басып, биліктің айтқанына көнбей, қонысын аудармаған кейбір тұрғындардың малы су ортасында қалғанын білеміз. Сонда бұқаралық ақпарат құралдары «мал қырылып жатыр» деген ақпаратты таратты. Әлеуметтік желіде «жамандықтың атасын» шақыратын небір оқуға көз, естуге құлақ ұялатын пікірлер жазылды. Менің әке-шешем өмір бойы мал баққан адамдар ретінде, қанша малшылардың арасында тұрғанда да «мал басы шығын болды» дегенді ғана еститінбіз. Қасқырдың атын айтқызбай, «ит-құс» деп отыратын. Соның мәнін осыдан кейін тереңірек түсіне бастадым.
Әр мәселеге сабырмен келсек, жетістікке жетеріміз анық, сабыр мен жетістік екі түрлі болса да, негізінде екеуі егіз ұғым. Сабырдың сары қазанында пісіп-жетілмеген шындық бір қайрауы кем болған қанжардай деп түсінеміз.
Әл-Фараби «шын беріле қызықтаған нәрсе ғана адамның жүрегінен орын алады» деп жазған екен. Расында, өзінің санасын ұсақ уайыммен, болымсыз қам-қарекеттің дертімен толтырып, ортақ қуанышқа бөлене алмай қиналыс табатындар арамызда жүр. Антон Чехов «Бөгде адамның жетістігіне қуана білмеген адамға әлеуметтік өмірдің мақсаты да жат» депті. Өте орынды айтылған. Қуана білмеген жүйкеде кінәмшілдік, іштарлық күш алады. Күншіл кемшілікті еселеп арттырып, дәлелсіз кінәлап жазғырады, түймедейді түйедей етіп көрсетеді. Оның тілі зәрге, артық айту мен әділетсіздікке толмақ. Бұның арты Демокрит айтқандай, «Күншілдік адамдар арасындағы ұрыс керіске бастама болады». Яғни, өзара кішіпейілділік жетіспеушілігі туындайды. Ал кішіпейілділіктің жетімсіздігі ақыл-ойға тұсау салып, көзін байлағанмен бірдей. Ендеше, қоғамның пайдасына аспайтын, ештеңе бермес ойлардан бас тартып, өзара қуана қолдай білуге ұмтылғанымыз дұрыс шығар?!
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы