Таупістеліде қаламгерлер бас қосты
Таупістеліде қаламгерлер бас қосты
602
оқылды

Түлкібас ауданындағы табиғаты талайды таңқал­дырған Пістелі ауылында «Таупістелі тағылымы – 2019: Шерхан мен Насыр бауында» басқосуы өтті. Талантты қалам­герлердің басын қосқан халықаралық жиынның мақ­саты – түбі бір түркілер туыстығы, әдебиет пен жур­налистика, жас ұр­пақ тәрбиесі туралы ой қоз­ғау, рухани байланысты тереңдету.

Жиынға ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінің қалам­гер­лері, бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдері және шығармашыл жастар қатысты. Жиынға келгендер алдымен Түлкібас ауданынның орталығын­дағы Тұрар Рысқұлов ескерт­кішіне гүл шоғын қойып, Түр­кі­басы әулие кесенесіне барып, дұға бағыштады. Одан соң Таупісте­лі­дегі Шерхан мен Насыр бауына жиналды.

Таупістелі – жазушы-журналист Мархабат Байғұттың кіндік қаны тамған - туған топырағы. 1995 жылы Таупістелі ауылында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұр­та­за және Өзбекстанның халық жазу­шысы, президентінің Бейбіт­ші­лік және рухани келісім сыйлы­ғының лауреаты Насыр Фазыл бастаған жиырмадан аса ақын-жазушылар қонақта болған. Олар ауылдың айнала төңірегіндегі көр-кем табиғатты тамашалап, сұхбат құрған. Сол сапарда Шерхан Мұрта­за, Насыр Фазыл бастаған бір топ қаламгерлер арнайы бау ағаш­тарын отырғызған болатын.

Естіп білгеніміздей, бұл бауда 2005 жылы қаламгер Мархабат Бай­ғұ­тың 60 жасында 60 түп алма егіл­ген болса, 2015 жылы 70 жасқа орай 70 түп алма отырғызылған екен. Бүгін­де кіл мықты жазушылардың қолы­мен отырғызылған бау табиға­ты тамаша ауылдың көркіне сән қосып, әр беріп, жайқалып тұр.

Қонақтар баудың жоғары жа­ғын­­да мөлдіреп ағып жатқан бастау бұлақтың кәусар суынан да шөл басып, онан соң кітаптар сөре­ле­рін тамашалады.

Сол жерде қонақтар жазушы Мархабат Байғұттың туып өскен қара шаңырағында ақ дастарқаннан бал қымыздан дәм татты. Одан соң қонақтар конференцияға қатысу үшін ауыл шетіндегі «Ал­тын таға» демалыс аймағына барды.

Жиынды жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреа­ты Байғұт Мархабат жүргізді. Таби­ғат аясында өткен конферен­ция­да қонақтар елді ауызбіршілікке, руха­ният­қа жетелейтін жақсы сөздер айтып, өз ойын ортаға салды.

Қазақтың мықты қаламгері Мар­ха­бат Байғұттың ұйытқы болуы­­­мен өткен бұл басқосу ерекше форматта өтті. Атап айтқанда, зәу­лім-зәулім сарайлар мен салта­натты ғимараттарда өтіп жүрген шара­лар­дай емес, табиғаты тамсандырған ауылда, табиғат аясында өткен жиында жаны жадыраған қалам­гер­лер әзіл-шыны аралас әңгімелердің де тиегін ағытып, қалжыңдасып тамаша көңіл күйде отырды.

Мархабат ағаның айтуынша, Таупістелі ауылына атау болған таупісте кәдімгі күнделікті шағатын шемікше емес, ол – жаңғақ тұқым­дас, айрықша ағаш. Жемісі дәмді, дәрілік дәрумені мол. Биіктігі бес-алты метрге жетеді. Бұл ағаш кез кел­ген жерлерде өсе бермейтін көрінеді.

Тағылымды кездесуде Қазақ­стан Жазушылар одағы басқарма­сы­ның хатшысы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, ақын Есен­ғали Раушанов, Өзбекстан Жазу­шы­лар одағы қазақ әдебиеті кеңе­сінің хатшысы, жазушы, аудармашы Мехманқұл Исламқұлов бастаған бір топ ақын-жазушылар, белгілі ақын, шоқайтанушы Қасым­хан Бегманов, Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, Түркия Республикасының өкілі, белгілі ғалым, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың түрік филологиясы кафедра­сының меңгерушісі Асыл Шенгүн, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, К.Симонов меда­лінің иегері Нармахан Бегалы­ұлы және Несіпбек Дәутайұлы, Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Әлібек Шегебай және өзге де ақын-жазушылар қос қаламгер жайлы толғаныстарын, қоғам, әдебиет, руханият туралы келелі ойын айтты.


Жылы жүздесуде қаламгер аға­лар әдебиетке қадам басқан жастар­ға бата беріп, ақ жол тіледі. Басқосу барысында Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазылдың шығармаларынан жазушы Мархабат аталарына елік­теп өскен сол ауылдың жастары үзін­­ділер оқыды және әншілер қа­уы­мынан өнерпаздар өнер көрсет­ті.

Айта кетейік, «Таупістелі тағы­лы­мын» әрбір 3 жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарланған. Енді міне, сол тағы жалғасын тауып, Пістелі ауылында «Шерхан мен Насыр бауында» деп аталып отыр. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген биылғы басқосу қазақтың Шерхан Мұртазасының рухына және өзбек халқының дарындысы Насыр Фазыл сынды сөз зергерінің 90 жыл­дығына арналды.

«Мархабат-Мирас» қоғамдық қоры мен Түлкібас ауданы әкімдігі қолға алған бастамаға Түркістан облысы әкімдігі қолдау көрсетті.

Түркістан облысы